«Танабау тағу» деген қандай дәстүр?

Танабау тағудың өзіндік әртүрлі себептері болады.

«Танабау тағу» деген қандай дәстүр?
el.kz
4331

Қазақ халқында бала тәрбиесіне арналған салт-дәстүрлер мен ырым-тыйымдар жетерлік. Олардың көбісі қазір ұмыт болып, қолданыстан шығып қалған. Соның бірі – «танабау тағу» дәстүрі.

Танабау тағудың өзіндік әртүрлі себептері болады. Мысалы, бүлдіршін ата-анасымен ауылдан ұзап жолаушылап келгенде «жолы болып жүрсін», «алдынан жақсы адамдар кездессін», «барған жерінде ашылатын есік көп болсын» деген бата-тілек айтылып, «танабау» қадайды. Сол секілді балдырған ұл әкесіне немесе қыз баланың шешесіне әлдебір шаруаға шамасына қарай жәрдемдесіп жатқанын көрген адам: «оу, ұлың қолғабысқа жарап жігіт болыпты ғой», «қызың қолғанат болып, бойжете бастапты ғой» деп жас балаларды көтермелеп мақтап, олардың омырауына түйме, тана, ақық, маржан секілді нәрселерді қадайды. Мұны «танабау тағу» деп атайды.

Танабауды бүкіл ауылдың атынан арнайы бір адам келіп тағатын да дәстүр бар. Балаға арналған салт болғандықтан, егер танабау аталмаса, әжелер: «Немеремді елемедіңдер, танабауларың құрып қалды ма?» деп абысын-ажын, келін-кепшіктеріне ренжиді екен.

Дәстүр бойынша баласына «танабау» тағылған үй көрші-көлем, жақындарын шақырып, арнап дастарқан жайып атап өтеді. Қонақтыққа келгендер «танабауыңның байғазысы» деп балаға лайық сыйлықтар әкеледі. Қазақтың ешбір салт-дәстүрі мақсатсыз, негізсіз шықпаған. Танабау тағудың да тәрбиелік, рухани мәні бар. Жас балалар өздерін ерекшелеп жатқанға мейірленеді, шынымен, «есейе бастадым» деп әр іске көмектесуге құлшынады. Ал ата-әже, әке-шеше перзентінің көзге түсіп өсе бастағанына қуанып, шүкіршілік етеді. Біреуден бір асаған несібе болмайды, есесіне, үлкендер бір дастарқаннан дәм татып, бастары бірігіп, ынтымақ-сыйластықтары нығая түседі екен.

Дереккөз Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабынан алынды.

Серіктес жаңалықтары