Адамның ұзақ және қатты ұйықтауына не әсер етеді?
Ұйқы – бұл адам денесінің қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті физиологиялық шарттардың бірі.
Ұйқының ұзақтығы және қаттылығы жасқа байланысты. Организм неғұрлым жас болса ұйқыны соғұрлым көп керек етеді және қатты ұйықтайды.
Мысалы, жаңа туған бала уақытының барлығын дерлік ұйқымен өткізеді. Ол тек тамақ ішу үшін анда-санда 20-30 минуттай ояу болады. Ал енді 3-5 айға толғанда ол – 16-17 сағат, 10-12 айға толғанда 14-15 сағат ұйықтайтын болады.
2-3 жасқа толғанда 12-13 сағат ұйықтайды. Сөйтіп ұйқының ұзақтылығы 15-16 жасқа жеткенше біртіндеп азая береді. Ересек адам тәулігіне 7-8 сағат қана ұйықтайды. Қарт адамдар бұданда аз, 6-7 сағат қана. Сонымен, адам орта есеппен 60 жыл өмір сүретін болса, оның 20 жылы ұйқыға кетеді.
Ұйқының қатты және ұзақ болуы адамның қызмет жағдайына да байланысты болады. Тіпті кей адамдар түрлі жағдайларға байланысты әртүрлі уақыт ішінде ұйықтайды. Мысалы, жұмысына берілген өнерпаз, өндірістегі жұмыскер, ғалым немесе жазушының ұйқысы тым азайып кетеді. Әдетте мұндай адамдардың миы ұйықтап жатқан кезде де жұмыс істей береді. Дегенмен ұйқының үнемі шала болуы нерв клеткаларының әлсіреуіне, сөйтіп мидың шаршауына әкеліп соғады.
Шала ұйықтайтындардың қатарына күйгелек жандарды жатқызуға болады. Денсаулығы жақсы адамдар көзі ілінгеннен кейін 1-1,5 сағаттан соң барынша қатты ұйқыға кетеді. Таңға жақын ұйқысы сергек бола бастайды.
Дереккөз: Алданазаров А.Т. «Ұйқы, түс көру және гипноз» кітабынан