«Шәйнекпен басынан ұрған»: Түркістан облысында ер адам полицейге шабуыл жасады

Полиция қызметкері медициналық тексеруден кейін өзінің қызметтік міндетін орындауға қайта кірісті.

«Шәйнекпен басынан ұрған»: Түркістан облысында ер адам полицейге шабуыл жасады
polisia.kz
956

Түркістан облысында ер адам үйіне барған полицей қызметкерінің басынан шәйнекпен ұрған, деп хабарлады turkystan.kz.

Түркістан облысының Сайрам аудандық полиция басқармасына Жетісай ауданының тұрғыны хабарласып, оның Сайрам ауданында тұратын әпкесі жұбайын қорлап, ұруға тырысқанын айтқан.

Аталған мекенжай бойынша ақпарат алғаннан кейін учаскелік полиция инспекторлары жедел келіп, заңсыз әрекеттердің жолын кесу шараларын қабылдады және ер адамға ескерту жасады.

«Алайда жергілікті тұрғын тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбай, қорлап, балағат сөздер айтқан. Осыдан кейін ер адам шақыруға келген полицейге қарсылық көрсетіп, шәйнекпен басына соққы жасайды», – делінген Polisia.kz сайтының хабарламасында.

Бұл факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 380-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді. Осы баптың санкциялары төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі жаза не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылдан төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде және барлық мән-жай анықталады. Сайрам ауданының полиция қызметкері медициналық тексеруден кейін өзінің қызметтік міндетін орындауға қайта кірісті.
 

Серіктес жаңалықтары