Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген чемпионмен жұдырықтасады

Орта салмақтағы WBO чемпионының қарсыласы IBF белбеуінің иегері, германиялық Винченцо Гуальтьери болмақ.

Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген чемпионмен жұдырықтасады
ашық дереккөз

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы спорттық мансабында алғаш рет басқа әлем чемпионымен біріккен жекпе-жек өткізеді, деп хабарлады turkystan.kz Sport.kz сайтына сілтеме жасап.

Орта салмақтағы WBO чемпионының қарсыласы IBF белбеуінің иегері, германиялық Винченцо Гуальтьери болмақ.

30 жастағы Әлімханұлы кәсіпқой бокста 14 айқас өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен, 10 рет қарсыласын нокаутқа түсірген. Ол 2022 жылдың 5 мамырында британдық Дэнни Дигнумды нокаутқа жіберіп, әлем чемпионы атанған болатын. Қазақстандық боксшы титулын екі рет қорғады: біріншісінде төрешілер шешімімен британдық Дензел Бентлиден басым түссе, екіншісінде канадалық Стивен Батлерді нокаутпен жеңді.

Гуальтьеридің де жасы 30-да, ол да кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген. Оның қоржынында 21 жеңіс (7 нокаут) пен бір тең есеп бар. Ол 1 шілдеде Бразилия өкілі, 2012 жылғы Олимпиада финалисі Эскива Фалькаоны сенсациямен жеңіп, титул иегері атанған болатын. Алдағы жекпе-жек германиялық боксшының АҚШ-тағы дебюті болмақ.

Әлімханұлы-Гуальтери айқасы – Розенбергтегі (Техас штаты) Fort Bend Community Center аренасындағы бокс кешінің негізгі оқиғасы. Жекпе-жек Астана уақытымен 15 қазан таңертең өтеді. Qazsport телеарнасы Әлімханұлы-Гуальтери бокс кешін 6:00-ден бастап тікелей эфирде көрсетеді, басты жекпе-жек қатысушылары рингке 9:00-ден кейін шығады.