«Басы, мойны күйген»: Қонаев қаласында қарттар үйінің тұрғыны өртеніп кеткен

Оның денесінің 75%-ын күйік шалып, көз жұмды.

«Басы, мойны күйген»: Қонаев қаласында қарттар үйінің тұрғыны өртеніп кеткен
Ашық дереккөз
843

Қария жатқан бөлмеде оттың нақты неден шыққаны белгісіз. Ақсақал отқа оранған сәтте қасында не медбике, не күтуші болмаған. Тіпті мекемедегі өрт қауіпсіздігі құрылғылары да іске қосылмаған, деп хабарлады turkystan.kz Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.

Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мамандары қарт кісі бөлмесінде темекі тартқан болуы мүмкін дейді. Пікірлерінше, бұл өрттің тұтануына себеп болды. Оның денесінің 75%-ын күйік шалып, көз жұмды.

Қонаев қаласындағы арнаулы әлеуметтік орталық қызметкерлері сол күні екі кезекті күтуші, медбикелер денсаулық жағдайларын тексеріп жүрген. Өрттің белгілері де болмапты. Ал кезекші бөлменің есігін ашқанда, ақсақалдың өртеніп жатқанын көрген.

“Күтуші қыз бетіне су шашқан. Артынан екі медбике келген. Олар алғашқы көмек көрсетті. Бірден жедел жәрдем қызметін шақырған. Олар 6-7 минуттың ішінде келді”, – деді шаруабике Роза Жамансарина. 

Медбикелердің айтуынша, марқұм қария темекі тартқан. Ал шылымның шоғы үстіндегі киімге құлап, өртенген. Киімде шоқ іздері жатыр. Медбикелер кіріп, қарияның үстіне су шашып жалынды өшірген. Бірақ өрт сөндіретін құрылғылар істемей қалған. 

“Жазым оқиға. Ешкім мұндай боларын білген жоқ. Білсе, әрине, қасында отыратын едік. Біз жалғыз бұл кісіге де қарап отыра алмаймыз”, – деді аға мейірбике Жанар Байсабаева. 

Дәрігерлер қария бірден жансақтау бөліміне жатқызылғанын айтты. Алайда жарақаты тым ауыр болғандықтан, көз жұмған.

“Басы, мойны күйген, тіпті көзін күйік шалған. Кеудесі, іші, білегіне дейін екі қолы мен тобығындағы жараның тереңдігі 2-3 АБ”, – деді травматолог Шерзод Нуруллаев.

Қазір қарияның неден мерт болғанын анықтау үшін сот-сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті мекемеде қауіпсіздік талаптары бұзылғанын растады.

Серіктес жаңалықтары