Тоқалар мен тұяқтар

Оралханға оралу немесе әлеуметтік этюд

Тоқалар мен тұяқтар
ашық дереккөз

Оралхан Бөкейдің «Тоқадан қалған тұяқ» деген ғажайып әңгімесі бар. Ғаламат енді... Шағын ғана дүние. Бір кітаптың жеті-ақ бетіне сыйып тұр. Бар-жоғы бес-алты-ақ минутта оқып бітесің. Бастасаң болды, аяғынан бір-ақ шығасың. Айран толы тегенені басыңа бір-ақ көтергендей сәттік сезім. Оқығандай емес, жұтып жібергендей күйге бөленесің. Қас-қағымда қағып тастап, әңгіменің әсерінен айыға алмай, біраз отырасың. Тәтті туындының стилі бірден Бейімбетті еске салады. 

Әдетте, романтикаға беріліп, шың-құз бен тау-тасты аралап, оқырманын да жалғыз қалдырмай, өзімен бірге жетектей жөнелетін Оралхан бұл жолы жүрісінен сәл жаңылып, өмірдің өз бояуын қолға алады. Ауылдың аясынан айналып шықпайды. Ауылды айтасың, тіпті «Тоқадан қалған тұяқтың» оқиға желісі көрші отырған екі үйдің арасында ғана өтеді. Жал-жал болып жатқан шағылдарға қосылып ән салып, қайырмасын іздейтін, боран мен бұрқасыннан ықпай, жел өтінде жалаң көйлекпен жортқан Қар қызының сыңсыған үніне құлақ түріп, ерекше елтіп жүретін Оралханның бұл жолы сюжет кеңістігін сонша тарылтып, қоңсы қонған екі үйдің арасынан ұзап шықпай қалғаны несі екен деп ойлайсың кейде...

Әңгіменің бас кейіпкері – Тоқа деген шал. Былай қарасаң, алабөтен алып бара жатқан ештеңесі жоқ қатардағы ауыл қар­тының бірі. Елмен бірге соғысқа барып кел­ген. Басқалар қолынан не аяғынан ай­ры­лып қайтса, бұл бір құлағын ғана құрбан қыл­ған. Соның өзінде Гитлерге құлақты бе­ріп қайтқанбыз деп жұртты қырып жібере жаз­дайды. Мінезі біртүрлі. «Бұлар кірген-шық­қанымызды аңдып пәле қылады» деп, Ораштың үйіне қарап тұрған есігін арғы жаққа ауыстырып жібереді. Қора-қопсысын таза ұстайды. Малдарының жатқан жеріне дейін жып-жылмағай болып тұрады. Оның ай­тасың, сиырларына шөптің сояуына дейін же­гізеді. Соның арқасында қыс бойы сол шөп­ті үнемдеп шығады. Бір таңғаларлығы, мұ­ның сырын жан баласына айтпайды. Өзі ға­на білуі керек. Өзге жұртта шаруасы ша­малы. 

Апасынан арнайы тапсырма алған Ораш Тоқаның сиырларының «гигиеналық» ахуа­лы­на кәдімгідей зерттеу жүргізеді. Сөйтсе, қас қарайып, ел аяғы басылған шақта Тоқа өзі­нен аумайтын ұлы екеуі қорадан мал­дар­ды шығарып, қолдарына шыбыртқы алып, ай­далада армансыз қуалайды екен. Әбден сіле­сі құрып, қайтып оралған сиырлар қо­ра­ға жеткенше жол бойы ішін тазалап келеді. Қораға кірген соң төбеге іліп қойған шөптің сояуына өршелене ұмтылады. Оны да күйсеп жеп тынады.

Осы Тоқаның тағы бір тосындау әдеті бар. Болар болмас нәрсенің өзін ежік­теп, әң­­­­гімесін бітіріп болмайды. Мә­се­лен, баласы әкеліп тастаған ағаш дөң­бекті ті­­ліне тиек етіп, «Иә, сонымен әлгі дөңбектен ат­тап өтіп, жоқ... айналып өтіп, жоқ, аттап өттім-ау деймін... жоқ, айналып өттім бе?.. Қа­ра басып ұмытып қалғанымды қарашы, апыр-ау, аттап өттім бе, әлде айналып өттім бе әлгі дөңбектен, а-а-а... Е-е, Құдай-ай, айна­лып өткен екем ғой, жо-жоқ, денсаулық бар, жа­ман дөңбектен аттап-ақ кеткен шы­ғар­мын...», – деп тыңдап отырған адамның дің­­­­кесін құртып, әр сөзін сағыздай созады. Бір ауық кәдімгідей «ойланып, сақалының ұшын тістеп біраз отырады».

Тоқа шал қанша жерден ойлы кейіп та­ныт­са да, дөңбегі құрғырдан қалай өткенін мүл­де есіне түсіре алмайды. Онысын жуық арада шешіле қоймаса, аласат басып, ақыр­за­ман орнайтын құдды бір мемлекеттік мә­селе секілді көріп, біразға дейін беріспей бағады. Ақыры, бір мәмілеге келген болып, «Ұмыт­шағым-ай осы. Бәрі Гитлердің кесірі, а-а-а... айналып өттім-ау деймін, ол кезде ауырыңқырап жүргенмін. Шырағым, ертең кел­ші, қалғанын есіме түскен соң айтайын», – деп қолын таянып орнынан тұрып, жөніне кетеді. Ал майдан хикаяларын бастаса, «Құ­лақ­ты Гитлер алып, шұнақ Тоқа атандым», – деп, Шорманның Мұстафасынан қорлық көр­ген Жаяу Мұса секілді термелете төпе­лейді. 

Қысқасы, нағыз тип! Тип болғанда, тө­бе­сінде найзағай ойнап, талып жығылып, есін жиғанда «Мені қойшы, қара ешкі қайда екен?», – деп, жанынан бұрын малын түгел­дей­тін тип. Өзгені тыңдап отырып өз-өзінен «а-а-а» деп мұрнын тартып қоятын және оны­сын өте жиі қайталайтын тұрпайы тип. Ораш­тың сөзіне салсақ, «көп жыл қорықшы болып, ел-жұртты қан қақсатқан» қатігез тип. «Сиырларыңыздың үсті үнемі құрғақ жү­ретінінің себе неде?», – дегендерге: «Оның әді­сі бар, бірақ айтуға болмайды, а-а-а...», – деп, керіле қалатын керенау тип. Соғыстан елге оралғанда бала-шағаның қамы деп, қо­лына жол-жөнекей жиған олжаға толы дәу қара чемодан ұстай қайтқан қомағай тип...

Осы Тип-Тоқаны («Тик-Ток» дей жаздағанымыз-ай) ақыл­­­­сыз деуге де келмейді. Оның да өзіндік өмірлік ұстанымы бар. Ораштың: «Халыңыз қалай, ақ­сақал?» – деген сауалына: «Қат­ты жүрмейміз, қарап тұрмай­мыз, а-а-а», – деп жауап қайтарады. Әй­теуір көштен қал­маса болды. Со­ны­мен, бұл – жұрт­қа да, жақын-жуыққа да пай­дасы жоқ, қара басының ға­на қамын ойлайтын, тәртесі қыс­қа, өрісі тар, қайырымдылық деген­нен жұрдай тоғышар­лар­дың типтік бейнесі. Шеберлігі шек­сіз Оралхан Бөкей Тоқадай тип­тік бейнені бейім­бетше бе­дер­лейді. Сол ар­қылы өмірдегі өлер­мендікті өр­нек­теп тұрып өріп береді.

Енді мына қызықты қа­раңыз... Әңгіменің аты – «То­қа­­дан қалған тұяқ». Бірақ бұл – тұяқ туралы емес, То­­­қаның өзі туралы дүние. «Неге өйтті екен?» дейсің әдепкіде. Былайша алған­да, туындыда бастан-аяқ То­қаның іс-әрекеті әжуа­ла­нып көрсетіледі. Осы тұста Оралханның сын-сықаққа деген қабілет-қарымының же­тіп артылатынына ай­қын көз жеткіземіз. Бала кезімізде «Лениншіл жас­тағы» сатира сайыпқыран­дары­ның ортақ отауына айнал­ған атақты «Сүзеген сөздің» атауын қойған Ора­ғаңның өзі екен дегенді көп еститінбіз. Бол­са, болар. Бұл жолы да сондай бір тосын тә­сіл қол­дан­ған Оралхан Бөкей тұрлаусыз То­қаны әбден тұралатып болып, оның бес қыз­дың арасын­да өскен жалғыз ұлын бір-екі тұста ғана атай кетеді. Алғашында Тоқаның тұя­ғымен екі ауыз тіл қатысып, шағын диа­лог құрып, «әке­сінің аузынан түсіп қалға­нын-ай» деген тоқ­тамға келеді. Екінші жо­лы­ғуы... Бұл енді әңгіменің финалы. Керемет «концовка»! 

...Арада көп жыл өткенде Ораш ауылға соқ­қанда, қыр басында тымағы шошайып тұрған Тоқа шалға сәлемдеспек ниетпен ар­найы келеді. Жолдан бұрылып, шал жаққа қа­рай беттейді. Әрі қарай көп созбай, жам­поз жазушының өзіне сөз берелікші:
«Атты кісі бүлкек-бүлкек желіп, жасқан­шақ­тана жанымызға келді. Ептеп жасарып, үш­кіл сақалды алып тастап, тек сепсиген мұрт қана жіберген Тоқа шалдың дәл өзі.

– Ассалаумағалейкүм, ата! – дедім.
– Әлексалам, а-а-а... Орашпысың? – деді.
– Қуаттысыз ба, ақсақал? – дедім. Ол ыр­жың етіп күлді. Күлді де мұрнын бір тар­тып:
– Мен ақсақал емеспін. Тоқа шалдың жал­ғыз ұлымын ғой. Атам баяғыда өліп қал­ған, а-а-а, – деді.
Ұзап кетсек те, төбенің басында секиіп тұр­ған Тоқа шалдан қалған жалғыз тұяқтан көз алмадым.
– А-а-а...».

Міне, шығарманың идеясын Орағаң қай­да сақтаған?! Қайқы қара еліктің қампиған қар­нындағы тоғыз қара сандықтың ең кіші­сі­нің ішіне тығылған Шойынқұлақтың жа­ны секілді жазушының айтар ойы да әң­гі­менің атауы мен туындының матауына жа­сыры­лыпты. Мәселе заманы бітіп, тынысы та­рылып бара жатқан Тоқада емес, жақсы-жаманын қосып, соның жолын айна-қатесіз жалғайтын тұяқта екен ғой... Мұхтар аға Ша­хановтың «Қадірлі ата, сен әлі мақтана­сың, өзімнен аумай қалған немерем деп» де­ген сыңайдағы өлең жолдары бар еді. Сол айт­қандай, тұрлаусыз Тоқалар соңына қы­лығы мен былығына дейін өздеріне ұқсай­тын, тіпті аузынан түсіп қалғандай тұяқ­та­рын қалдырып, бұл жалғаннан армансыз жөней беретін көрінеді. Олар өте көп. Төңі­регіне аса зиянды болмауы мүмкін, бірақ ба­қай есебімен, сасық қулығымен, жылмиған жымысқылығымен жанындағыларға бір­шама кедергі келтіріп бағады. Солардың бі­разы осыны оқып отырған сіздің де маңайыңыз­дан табылып қалады... Егер олай бол­маса, ғафу өтінеміз...

Ендеше, біз де бұл баянымызды Ора­ғаңның осы әңгімесінің өз стилімен аяқ­тайық­шы...
– А-а-а...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ