Чемпион атанған Қытай қазағы Тоқтарбек Таңатқан Қазақстандағы жанкүйерлеріне алғыс айтты (ВИДЕО)

Тоқтарбек финалда Филиппин өкілі Эумир Феликс Марсьяльді төрешілер шешімі бойынша жеңді.

Чемпион атанған Қытай қазағы Тоқтарбек Таңатқан Қазақстандағы жанкүйерлеріне алғыс айтты (ВИДЕО)
Фото: видеодан кадр

Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарының жеңімпазы атанған Қытай қазағы Тоқтарбек Таңатқан Қазақстандағы жанкүйерлеріне алғыс айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

«Қазақстандағы бауырлар, барлығыңызға сәлем. Азия ойындарында бірінші орынға шығып отырмыз. Қолдап отырған барлығыңызға шын жүректен рақмет айтамын. Бірінші орынға шықтық, тілектеріңіз қабыл болды. Тағы да алға қарай ұмтылуға тырысамыз», - деді боксшы.

Ол Нұрбек Оралбаймен алғашқы кездесуін сәтсіздікке балады.

«Бұл Олимпиадаға жолдама алу жарысы болды. Сондықтан аралас қойған. Өкінішке қарай, Нұрбек екеуміз бірінші күнге орналасып қалдық. Өте сәтсіздік болды», - деді  Тоқтарбек Таңатқан.

Айта кетейік, 80 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Тоқтарбек финалда Филиппин өкілі Эумир Феликс Марсьяльді төрешілер шешімі бойынша жеңді.  Осылайша, Азиада ойындарының алтын жүлдесін ұтып алды.