Алматы облысында мектеп оқушыларына мерзімі өткен өнімдер берілген
Ата-аналар сүзбенің жарамдылық мерзімі 2 жыл бұрын өтіп кеткенін байқаған.
Қарасай ауданында мектеп оқушыларына мерзімі өтіп кеткен сүт өнімдерін бергендерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.
«Алматы» арнасының мәліметінше, балаларының денсаулығына алаңдаған ата-аналар бұған дейін де мектеп асханасында берілетін тамақтың дәмсіз екенін айтып дабыл қаққан болатын. Енді уақыты өтіп кеткен сүзбені бергенін көргенде қарап қала алмадық дейді. Ата-аналардың көңілін күпті қылған бұл жағдай Қарасай ауданына қарасты Ораз Жандосов атындағы орта мектепте болған. Білім ордасында бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасының балаларына мемлекет тарапынан тегін тамақ беріледі. Күні кеше таңғы ас кезінде оларға мәзір бойынша сүт өнімі берілуі керек болған. Оқушылардың кейбірі оны мектепте жемей, үйіне алып барған көрінеді. Сол кезде ата-аналар сүзбенің жарамдылық мерзімі осыдан 2 жыл бұрын өтіп кеткенін байқаған.
«Сақтау мерзімі 2021 жыл деп жазылып тұр. Кейбір бала ауырған. Негізі асханада әр затты тексеріп алу керек. Менің 4 балам осында оқиды», – деді ата-ана Әсем Тұңғышбаева.
«Екінші сыныпта немерем оқиды. Өзінің асқазаны ауырады, сондықтан қорқамыз», – деді Роза Масқарбаева.
Бұл жағдайдан кейін мектеп оқушыларының бірінің ішек жолдары ауырса, енді бірі денсаулығына қатысты ешқандай шағым айтпаған. Ал ата-аналар балаларын асханаға жіберуден қорқып қалған.
«Әрине, қорқамыз. Таңға жуық қызым ішім ауырды деді. Үйге әкелген йогуртын жеді. Мен байқамаппын, үлкен қызым сақтау мерзімі өтіп кеткенін оқып, біліпті», – деді ата-ана Гүлмира Аршабаева.
Мектеп басшылығының айтуынша, балаларға тамақ берілместен бұрын оның құрамы, сапасы, мерзімі толық тексерістен өтеді. Сол күні балаларға берілген сүзбеден ешқандай кемшілік анықталмаған. Десе де, ата-аналардың бізге берген сүзбесінде көрсетілген мерзімі өшірілген.
Белгілі болғандай, мектеп асханасын жеке кәсіпкер жалға алып жұмыс істейді. Болған жайтқа қатысты ол мардымды жауап бере алмапты.
«Ол арендатордың кінәсі деп ойлаймын. Өйткені бұл базардан алынады. Тексеріп алмаған. 4-5 қорапты тексерген. Қалғанын ала салған. Мен де жауапкершіліктен қашпаймын. Біз де кінәліміз. Арнайы комиссия бәрін тексеруі керек еді. Ондай оқиға болады деп күтпедік», – деді О. Жандосов атындағы орта мектептің директоры Жұлдыз Кикимова.
Енді бұл жағдайды құзырлы органдар тексеретін болды. Ол үшін тергеу басталып, қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі хабарлады. Оқушылардың денсаулығына салғырт қарағандарға «қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды берді немесе сапасыз қызмет көрсетті» деген айып тағылып отыр.