Азиада-2023: Қытай қазағы Тоқтарбек Таңатқан өзбекстандық әлем чемпионын жеңіп, финалға өтті

Тоқтарбек Азиаданың алтын жүлдесі үшін таласқа түседі.

Азиада-2023: Қытай қазағы Тоқтарбек Таңатқан өзбекстандық әлем чемпионын жеңіп, финалға өтті
ашық дереккөз

Қытайда туып-өскен, қазір аспан асты елі атынан жарысқа шығып жүрген боксшы Тоқтарбек Таңатқан Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарының финалына өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

80 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Тоқтарбек 2022 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, Өзбекстан боксшысы Турабек Хабибуллаевты айқын басымдықпен жеңді. Осылайша, ол финалға іркілмей өтіп, алтын жүлде үшін таласқа түседі. Ал өзбекстандық боксшы қола жүлдені місе тұтты.

Еске сала кетейік, Тоқтарбек Ташкентте өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын. Азиаданың 1/8 финалында ол қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбайды жеңген еді.