«Ең төменгі күнкөріс деңгейі күн көруге жетпейді» – Мақсат Халық

40 567 теңгеге бір ай күніне 3 мезгіл құнарлы тамақ жеу мүмкін емес.

«Ең төменгі күнкөріс деңгейі күн көруге жетпейді» – Мақсат Халық
baq.kz
1103

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық Turkystan.kz тілшісімен тілдесіп, еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі не үшін көтерілмей отырғанын түсіндірді.

«Ең төменгі күнкөріс деңгейі еліміздегі кедейлікті жасыру үшін көтерілмей отыр. Өйткені ең төменгі күнкөріс шегінен төмен табыс табатын азаматтар кедей адамдардың санатына қосылады», – деді М. Халық.

Ол әлемдік деңгейдегі рейтингте жоғары тұру үшін біздегі статистикалық мәндер қолдан жасалатынын айтты.

«Ресми статистикада Қазақстанда кедейшілік деңгейі 5%-дан аспайды деп көрсетілген. Ал Дүниежүзілік банк Қазақстандағы кедейшілік деңгейі әлдеқашан 12%-дан асқанын алға тартып жүр», – деді М. Халық.

Маманның мәлімдеуінше, елімізде еңбекақыны инфляцияға сәйкес индексациялау мәселесі шешімін таппаған.

«Ұлттық экономика министрлігі ең төменгі жалақы көлемін есептеуде өрескел қатеге бойалдырып отыр. Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, елдегі орташа жалақының үштен бір бөлігін ең төменгі жалақы деп бекіту қажет. Ең төменгі жалақы макроэкономикалық көрсеткіш болып саналады. Ол барлық төлемдердің өсуіне ықпал етеді. Ең төменгі жалақы 112 мың теңгеден асатын болса, ресми статистикада көрсетіліп жүрген 340 мың теңге көлеміндегі орташа жалақы да жоғарылайды. Осылай болғанда ғана халықтың тұрмысы түзеледі», – деді М. Халық.

Экономист 40 567 мың теңгеге бір ай күніне 3 мезгіл құнарлы тамақ жеу мүмкін емес екеніне назар аударды.

«Біздегі көптеген есептеулер Кеңес одағынан қалған. Күні бүгінге дейін ең төменгі күнкөріс шегі бекітіледі. Қазір осы көрсеткіш 40 567 теңгені құрайды. Айтыңызшы, осы ақшаға бір ай өмір сүру мүмкін бе? Ұлттық экономика министрлігі мен Қазақ тағамтану академиясының есебінше мүмкін. Мұндағылардың мәлімдеуінше, 40 567 теңгеге бір ай күніне 3 мезгіл құнарлы тамақ жеуге болады. Бұл ақылға қонбайтын, санаға сыймайтын дүние ғой», – деді М. Халық.

Серіктес жаңалықтары