Ел бірлігіне балта шапқан теріс діни ағымдарға заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті – депутат Қазыбек Иса

"Қазақ үні" газетіне "Ұлттық қауіпсіздік комитеті - ұлтқа қауіпті комитет пе?" деген мақала да жаздық. Енді сол күдігіміз кешегі қаңтар қасіретінде расқа айналды, – деді депутат.

Ел бірлігіне балта шапқан теріс діни ағымдарға заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті – депутат Қазыбек Иса
ашық дереккөз
959

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса  діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жеткенін айтты. Депутаттың сөзінше, олар ұлтты жою үшін қарқынды күрес жүргізіп жатыр. 

 2011 жылы бұл мәселені билік те қолға алып, барлық министрлік пен Бас прокуратура мен Жоғары сот та қолдағанда, қай орган қарсы болды?!. Тек Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қарсы шығып, осы тыйым салу заңға енбей қалды. Мен мұны сол кезде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған конференцияда  "Радикалдық теріс ағымдарға қарсы заң қабылдауға тек сіздер ғана қарсы болдыңыздар. Арамшөптің тамырын жоймаса, тек бетін ғана шапқан болса, ол қайта қаулап шыға береді. Сіздер осылай елді алдап келесіздер!" – деп, ашық айттым."Қазақ үні" газетіне "Ұлттық қауіпсіздік комитеті - ұлтқа қауіпті комитет пе?" деген мақала да жаздық. Енді сол күдігіміз кешегі қаңтар қасіретінде расқа айналды, – деді депутат.

Қазыбек Исаның сөзінше кедергі мұнымен бітпеген.

Ал 2009 жылы да дін заңына өзгерістер енгізілетін болды да, біз “Қазақ үні” газетінде Діни басқармамен бірігіп, заңға діни ағымдарға тыйым салатын бап енгізу мәселесін көтердік. Бірақ соның өзінде біздің сол кездегі солқылдақ билік осы тыйым салу бабын енгізе алмады. Сол кездерде  сол заңдар қабылданғанда, содан кейінгі, ақыры Қаңтардың қанды қасабына  айналған небір қайғылы оқиғалар, бір ұлттың діни теріс ағымдар арқылы екіге бөлінуі секілді қасіреттер болмас еді, – деді ол.

Сонымен қатар, депутат ұлылардың ұлағатты өмірі мен ұстанған жолы туралы сөз қозғады.

Кезінде академик Рахманқұл Бердібай “Қазақ үні” газетінде жазғандай, “Хазария қасіретін” ұмытпайық! 7-10 ғасырларда өмір сүрген, еліне барлық діни ағымдарды кіргізген, көп дінді, көп тілді ел, билігінен бастап, саудагерлеріне дейін өзге тілде сөйлеген Хазариядай түркі мемлекеті  қазір қайда? Картада жоқ! Жойылып кетті! "Діні бар да, ұлты жоқ, Сақалы  бар да, мұрты жоқ, Ел түбіне сол жетер! – деп, бір ғасыр бұрын жазған Мәшһүр Жүсіп әулие шынында көреген екен. Мен өзім осы жасымда кешеге дейін мұрты жоқ сақалдыларды көрген емеспін. Мұрты жоқ, тек сақалы сапсиып тұрған Хан Абылайды, Әйтеке, Төле, Қазыбек билерді, Ер Махамбет, Ұлы Абай, Жамбыл, Әлихандарды елестете аламыз ба?! Қазіргі шет елге барып, күмәнді оқуларда бірнеше ай оқып келген теріс ағымды «ұстаздар» осы ұлыларымыздан артық, ақылы асып, білімі тасып келгендер ме?

Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жасты қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін елге қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатқанын айтқан ол елбұзар теріс ағымдардың бәріне заңмен тосқауыл қойылуға тиіс екенін айтты.

 Қазір  ән әлемінде, айтыста, спортта да тайраңдап жүрген жат ағымның өкілдері дінді жамылып алып, әріптестері мен әнсүйер, жанкүйерлеріне өз «салттарын» кіргізіп жатыр. Өткен 30 жылдық теріс саясат қазақтың  «нұр» деген жалынды сөзін жағымсыз сөзге айналдырса, теріс діни ағымдар, тіпті,  ең қымбат, ана деген аяулы атпен қатар аталатын «Шеше» деген қастерлі атауға қара күйе жағып, «ұстаз» деген ұлағатты ұғымның мәнін құртты, – дейді Қазыбек Иса.

 

Серіктес жаңалықтары