«Ауыл аманаты» жобасының игілігі

Биыл Ақтөбе облысында жүзеге асы­рылып жатқан «Ауыл ама­на­ты» жобасына Ырғыз ауданы Құмтоғай ауы­лының тұрғындары да белсене ат­са­лыс­ты.

«Ауыл аманаты» жобасының игілігі
turkystan.kz

Құмтоғайлық  Данат Таңатаровты ауылының адамдары әрдайым аузынан тастамайды. Жастайынан еңбекқор, қандай жұмыс болса да қашпайтын Данат қазір ауылында құс шаруашылығын дамытып отыр.

Биыл Ақтөбе облысында жүзеге асы­рылып жатқан «Ауыл ама­на­ты» жобасына Ырғыз ауданы Құмтоғай ауы­лының тұрғындары да белсене ат­са­лыс­ты. Шаруашылық ашып, кәсібін бас­та­ғандардың қатарында Данат Таңатаров та бар.
Данат Құмтоғай ауылындағы орта мек­тепте бірнеше жылдан бері күзетші бо­лып жұмыс істейді. Қорасында ірі қа­расы, қой-ешкісі бар. Шаруаның жайын бі­летін жігіт биыл «Ауыл аманаты» бағ­дар­ламасына қатысып, құс шаруа­шы­лы­ғы­мен айналысу үшін бір миллион теңге несие алыпты. 

– Мемлекеттен алған қаржыға 100 бас ломан браун тұқымдас тауық сатып ал­дым. Сондай-ақ олардың жемі мен азық­қа қоса берілетін дәрумендерін де ал­дым. Қазір күніне алпыс-жетпіс дана жұмыртқа алып, ауылда 60 теңгеден са­тып жатырмын. Алдағы уақытта ин­ку­ба­тор сатып алуды жоспарлап отырмын. Сон­дай-ақ құс шаруашылығымен қатар биыл осы жоба аясында 2 миллион теңге не­сие алып, бау-бақша ектім. Атап айт­сам, қияр, қызанақ, қауын, бұрыш пен ас­­­­бұршақ егіп, жуырда өнімдерімізді жи­нап алдық. Бірқатарын ауыл тұр­ғын­дары­на саттым. Болашақта алқабымды кеңейтіп, өзен жағасындағы жерімді игер­гім келеді, – дейді Данат.

Шаруа тауықтарды Хромтау ау­да­нына қарасты «Тасөткел» ауыл шаруашылығы кооперативінен са­тып алыпты. Бұл кооперативпен алда да бірлесіп жұмыс жасау үшін келісімшартқа тұр­ған. Данаттың айтуынша, Ақтөбе қа­ла­сында аталған кооперативтің филиалы бар, мәселен, ондағылар жемді аулаңа дейін әкеліп береді.

– Меніңше, құс шаруашылығымен ай­налысу мал ұстағанға қарағанда біраз қо­­­лайлы сияқты. Әрине, ауылда тұрған соң мал да ұстау керек. Оның үстіне мек­теп­те оқитын балаларым да қолы бос уа­қыттарында жанымнан табылады. Олар­дың да жастайынан еңбекке ара­ла­сып, табыс табуға бейімделгені өздеріне пай­далы. Қазір отбасында үш бала тәр­бие­леп отырмын. Екеуі мектепте оқыса, кі­шісі балабақшаға барады. Оларға әркез еңбек еткен адам ғана зор жетістікке же­тетінін, адал еңбектің наны тәтті бо­ла­тынын айтып отырамын. Мен еңбекке ерте араластым, қандай жұмыс болса да жасай беретінмін. Жалпы, ауылдан шық­қан қыз-жігіттер еңбекқор болады ғой. Сон­дықтан балаларымды қазірден на­нын адал еңбекпен табуға үйретіп жүр­мін – дейді Данат.

Еңбекқор жігіттің алға қойған жос­пары көп екен, ол қазіргі деңгейде қалып қойғысы келмейтінін жеткізді.

– Несиелер бойынша төлем бір жыл­дан соң басталады, оның үстіне төлемді тоқсан сайын жасауға мүмкіндік беріліп отыр. Бірақ мен қарызымды мерзімінен бұрын өтеп, тағы бір пайдалы істі қолға алғым келеді.
Құмтоғайда қой басы жеткілікті, ал одан алынатын жүн рәсуа болып, пайдаға аспай жатыр. Осы кезге дейін кейбіреулер да­лаға лақтырды, өртейтіндері де бар. Сон­дықтан алдағы уақытта тұрғын­дар­дан жүн қабылдап, оны реттеу үшін тай­­лап буатын аппарат сатып алғым ке­­­­леді. Сосын жүн өңдеушілерге тап­сыр­мақ ойым бар. Бұл туралы ұсынысымды аудан әкімдігіне білдірдім, оң шешімін та­бады деген сенімдемін, – дейді кейіп­керіміз.

Мектеп күзетшісі болып жұмыс жа­сай жүріп, ауылда құс және бақ­ша шаруашылығын қатар дамытып отырған жас жігіт ауыл жастарын «Ауыл ама­наты» жобасына қатысып, табыс та­бу­­ға үндейді. Оның айтуынша, елді ме­­кен­дегі халыққа бұрын мұндай жеңіл­дік берілмеген. 2,5 пайызбен несие алу бұл – өте тиімді.

– Қазір көпшілік ауылда жұмыс жоқ деп жатады. Меніңше, еңбек еткісі келген адам­ға жұмыс көп, табыс та бар. Мәселен, мен күніне құс шаруашылығының өзі­нен, яғни жұмыртқа сатып-ақ үш-төрт мың теңге пайда табамын. Есептеп қара­сақ, табысым шамамен айына 120 мың тең­ге болады екен. Одан бөлек, күзет­ші­лік­тен алатын айлығым бар. Қосымша та­ғы табатын азын-аулақ тиын-тебенім бар. Соның арқасында отбасымды асы­рып отырмын. Жалпы, адамды көр­кей­те­тін, өмірге құштарлығын арттыратын ең­бегі ғой. Өз маңдай теріңмен табыс та­батын болсаң, ұстанымың да өзгереді. Жан-жағыңа басқаша қарай бастайсың. Сон­дықтан сылтау іздемей, барынша жал­қаулықты қойып, еңбектену керек, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер демекші, облыста «Ауыл ама­наты» жобасына қатысатын әр­бір азамат жеке кәсіпкер ретінде тір­келуі керек. Жобаның талабы осындай. Сон­дықтан Данат та қазіргі таңда кәсіп­кер болып отыр. Кәсібін сүйетін, еңбекке құштар жігіт болашақта туған ауылын да­мы­туға да өз үлесін қосуды арман­дай­ды. 
Бүгінде Құмтоғай ауылында орта мек­­теп, балабақша, клуб, саябақ, ме­ди­ци­на­лық пункт бар. Он шақты жыл бұрын ел­ді мекенге ауызсу құбыры тартылған. Ен­дігі ауыл тұрғындарының тілегі – кө­гіл­дір отынның келуі. 

– Ауылымызға газ келсе, бір бей­не­ті­міз азаяр еді. Енді осы тілегімізді облыс, ау­дан басшылығы назарға алса екен дей­міз. Қазір ауылымызда жолдар да са­лы­нып жатыр. Мал саны да артуда. Жал­пы, тұрғындардың жағдайы жақсы. Жаңа жобаға қатысып, кәсіп ашып жатқандар да бар. Осы орайда тұрғындарға әркез кө­­­­мектесуге әзір тұратын ауыл әкімі Мұ­рат Санымбаевқа алғысымды білдіргім ке­леді. Бұл азамат мен сияқты талай ауыл адам­дарына құжат жинақтау, жобаға қа­тысып, кәсіп ашуға қолдау білдірді. Қа­зақ­та «Ауылына қарап азаматын таны» де­ген сөз бар ғой. Міне, осы сөз біздің әкі­­­мімізге арналған, – дейді Данат.

Данат сөз арасында қазір облыс ор­­­­талығындағы оқу орындары­ның бірінде білім алып жүргенін жет­кіз­ді. Болашақта ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ бермек. 
Еңбекке де, білімге де құштар кейіп­ке­­­ріміздің жоспары айқын, арманы ас­қақ. Қай кезде де өз биігіне тек таза ең­бе­гі­мен қол жеткізгісі келетін ол – бүгінгі жас­тарға үлгі болатын нағыз азамат. 

Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы