Бейбіт тұрғындар мен әскерилер қаза тапты: Қарабақта не болып жатыр?

Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Баку мен Ереванды қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақырды.

Бейбіт тұрғындар мен әскерилер қаза тапты: Қарабақта не болып жатыр?
turkystan.kz/ Қарабақ аймағы, мина қойылған дала/ Ділда Уәлибек
1571

19 қыркүйекте Әзербайжанның Қарабақ аймағында соғыс қимылдары басталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлады turkystan.kz.

Әзербайжанның Cыртқы істер министрлігі Қарабақ аймағындағы армян қарулы күштері әскери арандатушылыққа барып, террористік акті жасады деп мәлімдеді.

Террорлық әрекет жасау мақсатында Ахмадбайли-Фузули-Шуша тас жолына армян барлау-диверсиялық тобы қойған миналардың жарылуы салдарынан бейбіт тұрғындар мен ішкі әскерлердің әскери қызметшілері қаза тауып, жараланды. Сонымен қатар, Әзербайжан армиясының бөлімшелеріне минометтер мен атыс қаруларынан оқ атылып, екі әскери қызметкер жарақат алды. Әзербайжан армиясының бөлімшелері армян қарулы күштерінің жауынгерлік дайындығы жоғары болғанын анықтады, – деп жазылған ресми ақпаратта.

 

Ресми мәлімдемеге сүйенсек, қазір террористерді аймақтан шығару үшін арнайы контртеррористік шара қабылданып жатыр.

Қарабақ экономикалық аймағындағы армян қарулы күштерінің провакациясын болдырмау  үшін, сондай-ақ үшжақты мәлімдеме ережелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін, сонымен қатар, Армения Қарулы күштерінің бөлімшелерін Әзербайжан аумағынан шығару, олардың әскери инфрақұрылымын бейтараптандыру, бейбіт тұрғындардың, азаматтық қызметшілердің және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті терроризмге қарсы шаралар басталды, – деп мәлімдеді елдің Сыртқы істер министрлігі.

Қарабақ аймағында Армения Қарулы күштері бөлімшелерінің жұмысын жалғастыруы 2020 жылғы 10 қарашадағы үшжақты мәлімдеменің ережелеріне қайшы екенін, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа үлкен қауіп төндіретінін бірнеше рет ескерткенін еске салған ел билігі бұл шараның бейбіт тұрғындарға қатысы жоқ екенін айтады.

Бұл шараның бейбіт тұрғындарға қатысы жоқ. Осыған байланысты Арменияның бейбіт тұрғындары әскери мақсаттан аулақ болуы керек, – деп ескертеді министрлік.

Елдің Қорғаныс министрлігі де бейбіт тұрғындар жапа шекпейтінін мәлімдеген.


Әзербайжанның Қарабақ өңірінде өткізілетін терроризмге қарсы жергілікті шаралар кезінде бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылым объектілеріне шабуыл жасалмайды. Әзербайжан армиясының дәлдігі жоғары қару-жарағының көмегімен тек заңды әскери нысандар істен шығады, – деп хабарлады Әзербайжан Қорғаныс министрлігі.

Әзербайжан Республикасы Президентінің көмекшісі, Президент Әкімшілігінің Сыртқы саясат мәселелері жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Хикмет Хажиевтің сөзінше, Қарабақ аймағындағы армян тектес бейбіт тұрғындардың құқығы мен қауіпсіздігі Әзербайжанның Конституциясы мен халықаралық міндеттемелеріне сәйкес қорғалатын болады.

Арменияның Әзербайжанға қарсы терроры жалғасып жатыр. Бүгін Физули-Шуша автожолында армян қарулы күштері әдейі қойған мина жарылып, Әзербайжан жол құрылысы басқармасының екі қызметкері қаза тапты. 2020 жылғы 10 қарашадан бастап мина құрбандарының жалпы саны 308-ге жетті. Осындай әрекеттерімен армян тарапы бейбіт әзербайжандарды кездейсоқ мерт қылып, аймаққа қоныс аударам деушілердің оралуына және азат етілген аудандардағы бейбіт тұрғындардың қалыпты өмірін қалпына келтіру жұмыстарына кедергі келтіріп, жаңадан салынған жолдардың қауіпсіз еместігін көрсетіп, қорқытуға тырысып отыр. Мұны халықаралық қауымдастық айыптауы керек! Заңсыз сепаратистік қуыршақ режимі өзін-өзі таратуы керек, ал Әзербайжанның Қарабақ аймағында орналасқан армян қарулы күштері қарусыздануы керек. Әзербайжанның Қарабақ аймағындағы армян тектес бейбіт тұрғындардың құқықтары мен қауіпсіздігі Әзербайжанның Конституциясы мен халықаралық міндеттемелеріне сәйкес қорғалатын болады. Тарату және қарусыздандыру! – деді Хикмет Хажиев.

Ал Армения Сыртқы істер министрлігі Әзербайжанды тағы бір ауқымды агрессияны қозғады деп айыптады. Ел президенті Пашинян Қарабақтағы жағдайға байланысты Армения Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын шақырды.

Біз Әзербайжанның Қарабаққа қарсы агрессиясын және осыдан тура үш жыл бұрын, 2020 жылы болған жаппай қылмысты айыптаймыз. Бұл – Әзербайжанның Қарабаққа қарсы күш қолдануының жалғасы, – деп хабарлады Арменияның Сыртқы істер министрлігі.

Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Баку мен Ереванды қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақырды.

 

Серіктес жаңалықтары