Орал әуежайына қонған ұшақта 17 жастағы қыз көз жұмды
Ұшу кезінде жасөспірім қыздың жүрегі тоқтап қалған.
Орал қаласындағы М.Мәметова атындағы халықаралық әуежайға қонған ұшақта 17 жасар қыз көз жұмды, деп хабарлады turkystan.kz.
TourDom.ru сайтының мәліметінше, Turkish Airlines әуе компаниясының ұшағы Қазаннан Анталияға 17 қыркүйек күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12.44-те ұшқан.
Ұшу кезінде 17 жастағы мүгедек қыздың жүрегі тоқтап қалған. Осы рейспен келе жатқан екі дәрігер қыздың жүрегіне массаж жасап, жасанды демалдырғанымен, одан ештеңе шықпады. Ұшақ Орал қаласына мәжбүрлі түрде қонды.
«Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС баспасөз қызметі ұшақтың 17 қыркүйек күні 16.01-де қонып, 2,5 сағаттан кейін қайта ұшып кеткенін хабарлады.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, қыз жедел жәрдем келгенше қайтыс болып кеткен. Бригада сағат 16.02-де шақыртылып, 16.17-де жеткен.
Ұшақта 3 дәрігер болған, олар 45 минут бойы қызды ем-шара жасағанымен, аман алып қала алмаған.