Қазақстандық жасөспірімдер бір күнде 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді
Энергетикалық сусын ішкен адамдар жүрек талмасына жиі шалдығады.
Қазақстандықтар күніне 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді. Оның дені – жасөспірімдер. Мамандар мұның салдары жақсылыққа апармайды деп отыр. Жүрек талмасына шалдығып, ауруханаға түсетін жастар көбейген, деп хабарлады turkystan.kz qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Уролог-дәрігерлер энергетикалық сусынның адам ағзасына зиян екенін, ұрпақсыз қалдыруы мүмкін екенін айтады. Қазір дүкен сөрелерінде энергетикалық сусындар сіресіп тұр. Талғамыңа сай келгенін таңдап ішесің. Өкінішке қарай, мұндай сусынға жас та, жасамыс та құмар. Құрылысшы да, такси жүргізушісі де іздеп ішеді.
Күні кеше Алматыдағы емхананың біріне дене қызуы көтеріліп, өздігінен жүре алмай қалған жасөспірім жеткізілді. Анықталғандай, 17 жасар бозбала 6 айдан бері үзбей энергетикалық сусын ішкен. Науқастың денесі көгеріп, ерні қанталап, мұрнынан қан кеткен дейді мамандар.
Ұлжалғас Өскенбаева, №2 қалалық балалар ауруханасы гематология бөлімінің меңгерушісі:
Энергетикалық сусындардың арқасында бауырдың функциясы бұзылған. Бауырда қан ұю факторлары түзіледі. Сондай синдроммен бала бізге түскен. «Витамин К» бердік. Функциялары жөнделді. Анализдерінің барлығы қалпына келді.
Дәрігерлер бұл энергетикалық сусын қуатты сырттан қоспайды, адам бойындағы энергияны қоздырады деп отыр. Мөлшерінен асқанда, салдары бірден байқалады.
Бақытжан Бейімбетов, дәрігер:
Организм демалмай, максималды түрде жұмыс істейді. Салдарынан организмдегі резервтер сарқылып, өлім-жітімге әкеледі.
Өнімнің құрамындағы химикаттар ер азаматтың бойындағы қуатты әлсіретеді. Яғни, энергетикалық сусын адамды ұрпақсыз қалдыруы мүмкін. Уролог-дәрігерлер осылай деп дабыл қағып отыр.
Азамат Сандыбайұлы, уролог-дәрігер:
Қазір тұтынатын жастар өте көп. Күнде болмаса да, күн аралата кеп тұрады. Оны бізге бірден айтпайды. Маған көлік жөндеуші жігіт келді. Айтуынша, үйленгеніне 2 жыл болған. Бірақ жүктілік болмай жатыр. Күнделікті энергетикалық сусын ішеді екен. Жыныстық гармондарды тежеп ғана қоймай, оның үстіне ұйықтамайды.
Сергіткіш сусынның осындай зиянды жақтарын ескерген Денсаулық сақтау министрлігі оған шектеу қою туралы ұсынысты күн тәртібіне шығарған. Алдағы уақытта энергетикалық сусынды жасөспірімдерге сатуға тыйым салынуы мүмкін.