Әділет министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады

Әділет министрлігі соңғы кездері жиілеп кеткен алаяқтық әрекеттерден сақтануға шақырады.

Әділет министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады
фото: gov.kz

Өздерін әділет органдарының қызметкерлері деп таныстырып жүрген алаяқтар азаматтарды сендіру үшін мемлекеттік қызметшінің ID карталарын көрсетіп жүр. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.

Оның айтуынша, алаяқтар азаматтарға хабарласып өздерін Әділет министрлігінің басшылары немесе қызметкерлері ретінде таныстырып, жеке деректерін сұрауда.

«Осыған орай, Әділет министрлігі бейтаныс азаматтарға немесе телефон шалған бөтен тұлғалар мен интернет-ресурстарға дербес деректері туралы (жеке куәлік деректері, ЖСН нөмірі, банк карточкаларының мәліметі, мекен-жайы) мәліметтерін таратпауды сұрайды. Әділет министрлігінің қызметкерлері телефон арқылы азаматтардың жеке деректерін сұратпайды. Егер де сіз аталған фактілермен бетпе-бет келген болсаңыз, құқық қорғау органдарына хабарласуларыңыз қажет», - деді Талғат Уәли.

Сондай-ақ Әділет министрлігінің қызметі туралы қандай да бір ақпарат алғыңыз келсе, 119 нөмірі арқылы Call орталыққа хабарласуыңызға болады.