Нұрсұлтан Назарбаев: ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің ғасыры

Нұрсұлтан Назарбаев: ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің ғасыры

Нұрсұлтан Назарбаев:   ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің ғасыры
ашық дереккөзі
Кеше Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры ғимаратында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ҚР Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын болып өтті. Сессия жұмысына Ресей ғылым академиясының президенті Владимир Фортов, Молдова Ғылым академиясының президенті Георгий Дука, Тәжікстан Ғылым академиясының президенті Фарход Рахими, Қырғыз республикасының ҰҒА президенті Абдығани Эркебаев, Elsevier Scopus халықаралық базасының басқарма төрағасы, Америкадан келген профессор Йонг Сук Чи, сондай-ақ алыс-жақын мемлекеттерден келген академик-ғалымдар, корреспондент-мүшелері, ЖОО ректорлары, ҒЗИ директорлары, елдің көрнекті қоғамдық және мәдениет қайраткерлері қатысты. Салтанатты шараның басында сөз алған ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов «Қазақстанның ғылымы, мәдениеті және экономикасының дамуындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының рөлі» атты баяндама жасап, бүгінгі ғылым саласындағы жетістіктерге кеңінен тоқталды. «ҚР Ұлттық ғылым академиясы арқылы Қазақстанды өркендеген ғылыми-техникалық салалары бар республика ретінде сонау Кеңестер одағы тұсында да, қазіргі кезде де бүкіл әлем мойындап, құрметтейді. Қазіргі уақытта Ұлттық ғылым академиясы республикалық қоғамдық бірлестік бола отырып, кеңестік модельден бас тартып, тәуелсіз Батыс-еуропалық моделінің сүлбесі бойынша даму үстінде. Сонымен қатар республикамыздың игілігі жолында жұмыс істейтін негізгі ғылыми-техникалық потенциалы мен бас ғылыми орталық ретіндегі мәртебесін сақтап қалды. Аға ұрпақтың өнегелі істерін жаңа серпінмен жалғастыра алатын, сөйтіп елімізді әлемдегі жетекші 30 елдің қатарына қосуға қабілеті мен дарын-таланты жететін жастардың отандық ғылымның қатарын толықтыратынына сенім зор», – деді ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов. Осыдан 70 жыл бұрын ашылған Ұлттық ғылым академиясы талай кезеңді бастан өткерді. Соған қарамастан қазақстандық ғылым Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынды бермей келеді. Бүгінде академияда 237 тұрақты мүше бар. Оның 135-і академик, 102-сі корреспондент-мүше. Бұдан өзге 14 шетелдік және ҰҒА-ның 88 құрметті мүшесі тіркелген. Әлемдік деңгейде мойындалған бұл ғалымдар ғылыми жобалары арқылы Мәскеудің, Санкт-Петербордың маңдайалды академиктерімен қоян-қолтық еңбек етуде. Ал ҰҒА-ның алыс және жақын мемлекеттердің Ғылым академияларымен әріптестік орнатып, халықаралық байланысты дамыта түсуі жас ғалымдардың әлемдік деңгейдегі байқауларға қатысуына жол ашуда. Жастарды ғылымға тарту үшін еліміздің белді жоғары оқу орындары, атап айтқанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, т.б. оқу орны студенттерін ғылым мен инновациялық дамудың тетіктерін меңгеруге шақырып, арнайы стартап жобаларда бақ сынау мүмкіндігін туғызды. ҰҒА-ның президенті Мұрат Жұрыновтың пікірінше, Қазақстан экономикасының стратегиялық индустриалды-инновациялық даму жоспары бойынша ғылымды қаржыландыру 2020 жылға дейін бірнеше есеге артып, ЖІӨ-нің 2 пайызын құрауы тиіс. Бұдан кейін мінберге шығып, Қазақстан ғылымын ілгері сүйреп келе жатқан ғалымдарды Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдығымен құттықтап, оның заманауи Қазақстанды дамытуға қосқан үлесін атап өтті. «Бүгінде Ғылым академиясы салалық және өңірлік бөлімшелері бар ірі зияткерлік орталыққа айналды. Бұл ретте ол Франция, АҚШ және басқа да елдердегі ғылым академиялары сияқты ғылым үшін жат нәрсемен – әкімшілендірумен айналыспайды. Ғылым саласын орталықтандырудың, онда қалыптасатын монополияның тиімсіз екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр», – деген Қазақстан Президенті пікірін былайша сабақтады. «Бүгінгі мерейлі сәтте біз Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сынды ғұламаларымызды атап өтуіміз қажет. Тәуелсіздік жылдарында ҰҒА алдыңғы буынның абыройлы ісін жалғастыра білді. 25 жылда ғылыми ұйымдардың саны 2 есеге көбейіп, 300-ден асты. Ғылымды қаржыландыру жыл өткен сайын артып келеді. Соңғы 3 жылда ғана 100 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта бұл ұстанымнан айнымай, ғылымның қарқынды дами беруіне жағдайды жасайтын боламыз. Әлемнің дамыған 30 еліне қосылу жолында ғалымдарға зор үміт артылады. Алдымызға қойған мақсатымызға жету үшін мен Қазақстанның 3-ші жаңғыруы туралы Жолдауымда 5 басымдықты айқындап бердім. ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің ғасыры. Әсіресе, қолданбалы ғылымның көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанын көріп отырмыз. Ғалымдарымыз да жаңа көкжиектерге көз тігіп, зерттелмеген кеңістіктерді игеруі тиіс. Біз әлемдік жаңа технологияларды игеріп өзімізге бейімдеуіміз керек. Академиктермен кездесуімде дүниеде болмағанды ашу нағыз революция болар еді, бірақ дүниеде бар нәрсені Қазақстанға әкеліп бейімдеу, ол да ғылым деп айтқан болатынмын. Ғалымдарымыз осы іске белсенді атсалысуы қажет. Сондықтан дәуір сұраныстарына сай, олар ғылыми көзқарастарын қайта қарауы керек. Біз өнеркәсіптік ғылымның қажеттігін ескере отырып, гуманитарлық салаға да ұмтылуымыз керек», – деді Елбасы. Осыған орай, Қазақстан Президенті отандық ғылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды түбегейлі өзгертуді тапсырып, осы бағытта бірқатар нақты міндеттер белгіледі. «Біз ғылымды орталықсыздандырдық. Көптеген бөлігін жоғары оқу орындарына бердік, алайда олардың бәрі әлі инновациялық орталықтарға айнала қойған жоқ. Қазақстанның ғалымдары өз жұмыстарын белсенді түрде патенттеуде. Бірақ олардың басым көпшілігіне сұраныс жоқ. Ғылым негізінен мемлекет есебінен қаржыландырылуда. Іс жүзінде нақты сектордан тапсырыс түспей жатыр. Сонымен қатар, ғылыми жұмыстарда плагиат жиі кездеседі. Біз ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы заң қабылдадық. Енді осы заң толыққанды қолданылуы қажет. Ғылыми-зерттеушілік қызмет нәтижелерін қазақстандық кәсіпорындардың қажеттіліктеріне бағыттайтын тетіктер енгізу керек. Біздің алдымызда импортты алмастыру және экспорттық өндірісті дамыту міндеті тұр. Ғылымды басқарудың, оны қаржыландырудың жаңа формат бойынша және уақтылы жүзеге асырылатын жаңа жүйесі енгізілді. Сондай-ақ, Ғылым академиясы жанынан әдеп жөніндегі алқалы орган құруды ұсынамын. Ол Ғалым кодексін және Жарияланымдар әдебі жөніндегі кодексті әзірлеп шыға алар еді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. «Бұл жерде ғылымды кәсіпорындарға араластыру мәселесі бар. Мұндай механизм жеке бизнестің міндетті қаржыландыруы арқылы болуы керек. Мысалы, Сингапурде ғалымға бизнестен қанша тапса, сонша қаржы беретін ереже бар. Солай болуы керек. Осындай жолмен ғана патенттеудің үлесін арттырып, ғылымға құйылатын жеке инвестицияны көбейтуге болады. Қолданбалы табыстардың негізгі қозғаушы күші жеке сектор болуы қажет. Біздің алдымызда импортты алмастырып, экпорттық өндірісті дамыту міндеті тұр», – деген мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігіне Академиямен және жоғары оқу орындарымен бірге отандық ғылыми басылымдарды халықаралық рейтингтік базаларда ілгерілету жұмыстарын жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ, Елбасы Н.Назарбаев әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін үздік зерттеушілерге қосымша гранттар тағайындау, сонымен бірге Орталық Азия елдерінің жас ғалымдарына Қазақстанда ғылыми зерттеу жүргізу үшін грант бөлу мәселесін зерделеу жөнінде міндеттер жүктеді. Жиын соңында Елбасы Н.Назарбаевқа Қазақстан мен Молдова арасындағы достық пен ынтымақстастықты дамытқаны үшін Николай Милеску Спэтару атындағы медаль табыс етілді.