Астанада емханалар атынан хабарласып, SMS-код сұрайтын алаяқтар көбейді, деп хабарлайды turkystan.kz сайты NoFake.kz-ке сілтеме жасап.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы емханалардың скринингке шақыру үшін ешқашан SMS-код сұрамайтынын ескертті.
Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар медициналық ұйым қызметкерлері ретінде өзін таныстырып, азаматтардан SMS арқылы келген кодты «тіркеуді растау үшін» сұрауда.
Басқарма мұндай жағдайлардың жиілегенін атап өтіп. Мемлекеттік емханалар кодты тек цифрлық сервистерге кіру немесе ресми операцияларды растау кезінде ғана қолданатынын түсіндірді. Азаматтарға ешкімге SMS-кодтарын бермеу ескертілді.
Бұған дейін елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде осындай жағдай тіркелген: алаяқ өзін медбике ретінде таныстырып, әйелді скринингке «жазып қойғанын» айтып, код сұраған. Абай болған тұрғын дер кезінде алданудан аман қалған.