5 мыңнан астам ақтөбелік оқу курсынан өтті
Бүгінде Ақтөбе облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 5253 ауыл тұрғыны курс оқыған.
Биыл «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» атты ауқымды әлеуметтік жобаны іске қосқан болатын. Бұл жобаға Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстары қатысып жатыр. Бұл өңірлерде ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру көзделген. Бүгінде Ақтөбе облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 5253 ауыл тұрғыны курс оқыған.
Жуырда «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының кезекті ХХХV конференциясында партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы ауыл тұрғындарының несиесін өтеп, тұрмысын түзеуге септігін тигізіп жатқанын атап өтті.
Ақтөбе облысында аталған жоба аясында 8 мың адамның қаржылық сауаттылығын арттыру көзделген. Бүгінге дейін олардың 5 мыңнан астамы аталған оқу курсын сәтті аяқтаған.
– Қаржылық сауатсыздық – еліміздегі ең өткір мәселелердің бірі. Осыны ескеріп, биыл
«AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» атты ауқымды әлеуметтік жобаны іске қосты. Бұл жоба, негізінен, борышкерлер санының көбеюіне жол бермеуге, несиесі көп тұрғындарға көмектесуге бағытталған. Жоба біздің облысымызда мамыр айында басталды. Міне, төрт айдың ішінде облыстың 5 мыңнан астам ауыл-аймақтарда тұратын тұрғыны қаржылық сауаттылығын арттырды. Олардың ішінде дені – әйелдер. Бұл курста қатысушылар бес күн бойы қаржылық сауаттылығын арттырып, қарыздан қалай құтылу керегін, несие алмау үшін ақшаны қалай үнемдеу қажет екенін үйренеді. Дәрістер бес күн бойы ұйымдастырылады. Қатысушылар мамандардан жеке кеңестер де ала алады. Курс соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады, – дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі Гүлнара Сейтжаппарова.
Аталған жобаға қатысқан ауыл тұрғындарының бірі – Гаухар Қуандықова. Ол Хромтау ауданының орталығында тұрады. Отбасында төрт бала тәрбиелеп отырған ана – 3-топ мүгедегі.
– Мен көпбалалы анамын. Бір балам – екінші топ мүгедегі. «AMANAT» партиясының ұйымдастырған «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, тегін оқу курсынан өттім. Курста қаржылық сауаттылығымды арттырып, ақшаны қалай үнемдеу, жұмсау керегін үйрендім. Жалпы, біз қаржыны жинаудың, жұмсаудың көп тетіктерінен хабарсыз екенбіз. Ақшаны табамыз, бірақ қалай жарату керек екенін білмейміз. Тіпті, курс барысында миллиондап ақша тауып, жеткізе алмай жүрген адамдар да бар екенін білдік. Сол үшін осындай курстардың өтуі өте маңызды. Курс барысында тренерлер отбасылық бюджетті дұрыс есептеу, киім-кешекке, тамаққа, басқа да қажеттіліктерге қаржыны қалай тиімді жұмсау керегін түсіндірді. Бір сөзбен айтқанда, осындай жобаға қатысқаныма өте қуаныштымын, – дейді көпбалалы ана.
«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, сертификат алғаннан кейін Гаухар Қуандықова жеке кәсіп ашуға бел буыпты. Осылайша, ол мемлекеттік қолдауға ие болып, жалпы мөлшері 1 миллион 380 мың теңге грант ұтып алған. Қазір көпбалалы ана тігін машинасын сатып алып, үйінен құрақ көрпе, басқа да қолөнер бұйымдарын тігіп отыр. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарынан тапсырыс қабылдап, өз кәсібін дамытуды жоспарлауда.
«AMANAT» партиясы Хромтау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Майра Балқыбаеваның айтуынша, бұл ауданда «Қарызсыз қоғам» жобасына 800 тұрғын қатысқан. Жоба үш айда ауданда толық жүзеге асырылып, аяқталған.
— Қазір ауданымызда осы жобаға қатысқандардың арасында 4 адам грант ұтып алып, жеке кәсібін бастап отыр. Олардың қатарында жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы аналар бар. Жалпы, бұл жобаның маңыздылығы сол, кез келген ауыл тұрғыны қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, соның негізінде жеке кәсіп ашуға мүмкіндік алады, – дейді Майра Балқыбаева.
Айта кету керек, аталған жоба Ақтөбе облысында жыл соңына дейін жалғасады.