Талант Медет: Жастар жаңа мүмкіндікке қол жеткізе алады

Мемлекет бас­шы­сы­ның тапсырмасымен құрылған Президенттік жастар кадр резерві мем­лекеттік басқару жүйесіне бастамашыл және жоғары білімді ма­мандарды тартуға мүмкіндік береді. Бүгінге дейін Ақтөбе облысы бойын­ша мұндай іріктеуден 13 адам өтті. Біз биылғы іріктеудің ерек­шеліктері, жас мамандарға қойылатын талаптар, Ақтөбе об­лысынан резервке алынған жастар мен олардың жетістіктері жайлы Мем­лекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша де­партаментінің басшысы Талант Медеттен сұрап білген едік...

Талант Медет: Жастар жаңа мүмкіндікке қол жеткізе алады
turkystan.kz
1152

Биыл 1 қыркүйектен бастап Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға өтініштер қабылдана бастады. Мемлекет бас­шы­сы­ның тапсырмасымен құрылған Президенттік жастар кадр резерві мем­лекеттік басқару жүйесіне бастамашыл және жоғары білімді ма­мандарды тартуға мүмкіндік береді. Бүгінге дейін Ақтөбе облысы бойын­ша мұндай іріктеуден 13 адам өтті. Қазір іріктеуден өткен 12 ақ­төбелік осы салада абыройлы еңбек етіп жүр. Біз биылғы іріктеудің ерек­шеліктері, жас мамандарға қойылатын талаптар, Ақтөбе об­лысынан резервке алынған жастар мен олардың жетістіктері жайлы Мем­лекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша де­партаментінің басшысы Талант Медеттен сұрап білген едік...

– Алдымен Президенттік жас­тар кадр резервіне кімдер қа­­­тыса алады және оларға қойы­латын талаптар, іріктеу ке­зең­дері жайлы айтып берсеңіз.
– Биыл жылдағы дәстүрге сәй­кес Президенттік жастар кадр ре­зер­віне іріктеу 1-30 қыркүйек ара­­лы­ғын­да өтеді. Іріктеуге Қазақстан Республикасының жасы 35-тен ас­па­ған азаматтары қатыса алады. Бас­ты талап – кез келген маманның жо­ғары білімі және бес жыл еңбек өті­лі болуы керек. Сондай-ақ мем­ле­кеттік тілді меңгеруі орташа дең­гей­ден төмен болмауға тиіс. 
Биылғы Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің ерекшелігі сол, мемлекеттік аппараттың са­ла­лық кадрларға қажеттілігін ескере оты­рып, мақсатты іріктеу жүргізу бол­мақ. Осылайша, кезекті іріктеу 6 не­гізгі сала бойынша жүзеге асы­ры­лады. Олар: инфрақұрылымды, өнер­кәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен жә­не қоршаған ортаны қорғау, сырт­қы саясат және инвестициялар, эко­номикалық және қаржылық сая­сат, цифрландыру, әлеуметтік саясат жә­не азаматтық қоғам. Сондай-ақ биыл үміткерлермен әңгімелесулер мін­детті түрде салалық орталық ор­ган­дары өкілдерінің қатысуымен өт­кізіледі. 
Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады жә­не бұл кезеңдер биылғы жылдың 1 қыркүйек-25 желтоқсаны ара­лы­ғын­да өтеді. Оның қорытындысы бойын­ша резервке үздік 50 үміткер ірік­теледі. Резервте болу мерзімі – 3 жыл. Осы кезеңде резервшілер кон­курс­тық іріктеусіз әртүрлі мемле­кет­тік лауазымдарға тағайындалуы мүм­кін. 
Іріктеудің кезеңдеріне тоқтал­сақ, мұнда бірінші кезең – резервке ірік­теуге қатысу үшін канди­дат­тар­дың құжаттарын қабылдау кезеңі. Ол 1-30 қыркүйек аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жү­зеге асырылады. 
Кез келген үміткер 30 қыр­күйек­ке дейін жеке сәйкес­тен­діру нөмірін және электрондық пош­тасын енгізу арқылы сайтта тір­кеуден өтуі қажет. Үміткердің жа­сын тексергеннен кейін жүйе оған жеке кабинетте анкетаны тол­тыруға және қажетті құжаттарды жүк­теуге мүмкіндік береді. Бағалау­шы­лар үшін үміткердің кім екені беймәлім болады.
Екінші кезең қатысушының мә­тіндік және сандық ақпаратпен жұ­мыс істеу қабілетін бағалаудан тұ­ра­ды. Тестілеу процесі аудио-бей­не фиксациямен өтіп, өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қада­ға­ланатын болады.
Үшінші кезең – ситуациялық тап­сырмаларды шешу. Бұл кезең үміт­керлердің таңдаған салалық ба­ғыттарына байланысты ситуация­лық тапсырмалар түріндегі нақты проб­лемаларды шешуге деген көз­қа­расын бағалауға бағытталған. Атал­ған кезең онлайн-режимде аудио-бей­не жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі.
Орындалған тапсырманың ше­шімі қызметтің тиісті бағыттары бойын­ша бір уақытта үш салалық са­рапшымен бағаланады. Сарап­шы­лар пулы академиялық орта мен биз­нес қауымдастық өкілдерін, мем­ле­кеттік қызметшілерді қамтиды.
Төртінші кезең – ассессмент-ор­та­лығы мен құзыреттер бойынша сұх­бат. Ассессмент-орталық Прези­дент жанындағы мемлекеттік бас­қару академиясының базасында оф­лайн форматта өтеді. Ол мінез-құ­лық индикаторлары арқылы кан­дидаттардың бойындағы белгіленген құ­зыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған.
Кандидаттардың мінезін ба­ға­лау топтық және жеке тап­­­­сырмалардан тұрады. Жалпы, қ­ұ­зыреттерді бағалауға кемінде 15 сер­тификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылатын болады. Өз кезегінде құзыреттер бойынша сұх­бат блогы кәсіби HR-менед­жер­лерін тарта отырып, онлайн фор­мат­тағы жеке терең сұхбат тү­рінде өт­кі­­­зіледі. Сұхбат кан­дидаттардың іш­кі уәж­­­демесін және құндылық бағ­­дар­ларын айқындайтын құзы­рет­терді анықтауға бағытталады. 
Бесінші кезең – сарапшылық комиссиясында кандидат­тар­мен әңгімелесу. Оның құрамына мем­лекеттік органдардың бас­шы­ла­ры тартылатын болады. Комиссия қо­­рытындысы бойынша Ұлттық ко­­миссия отырысында қарауға ұсы­н­ы­л­атын қатысушылардың тізімі жа­салады. 
Ал соңғы алтыншы ке­зең­­де ұлт­тық комиссияның оты­рысы өтіп, Пре­зиденттік жастар кадр резервіне үз­дік 50 үміткер қа­былданады. Ірік­теу­дің талапта­ры­на сәйкес резервке алын­ған адамдар заңнамада белгі­лен­ген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мем­­­­лекеттік әкімшілік лауа­зым­да­рына, «Б» корпусының бас­шылық жә­не А санаттар тобы­ның лауа­зым­да­рына тағайындалуы мүмкін. Осы мүм­кіндікті пайдалана отырып, об­лыс жастарын іріктеуге белсенді түр­де қатысуға шақырамыз. Себебі бұл жоба өңір жастарына жаңа сер­пін беріп, үлкен мүмкін­дік­тер сый­лай­ды. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жо­март Тоқаев өз сөзінде Пре­зи­дент­тік кадр резервінің әрбір мүше­сі­нен елді дамытуға тың серпін бе­ре­тін жаңа идея мен нәтижелі жұ­мыс күтетінін жеткізді. Сондық­тан мем­лекет игілігі үшін адал қыз­мет ет­кісі келетін кез келген жас осы ірік­теуге өтінім беріп, өзін сынап көруі керек. 
– Жобаға қатысу үшін қан­дай құжаттар керек? Үміткерлер мем­­­­лекеттік тілді меңгергені жай­­­лы сертификатты қайдан ала­ды? 
– Үміткерлер іріктеуге қатысуға тір­келу үшін жоғары білімі туралы дип­ломын, Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек қызметін растайтын құжатын, мемлекеттік тілді тәуір меңгергенін рас­тайтын «Qazaq Resmi Test» немесе «Kaztest» жүйесінің сертификатын жүк­теуі керек. Сондай-ақ тіркеу ке­зінде қатысушы жоғарыда атап өткен алты салалық бағыттың бірін таңдауы керек. Бұл жерде көп адам мемлекеттік тілді меңгергені жайлы сер­тификатты қалай алатынын біл­меуі мүмкін. Түсіндіре кетейін: өті­нім беру кезінде мемлекеттік тілді мең­гергені туралы сертификат бол­­маған жағдайда, үміткерге сайт­та берілген промокод арқылы Қа­зақ­стан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Kaztest» жүйесінде офлайн немесе Пре­зидент жанындағы Мем­ле­кеттік басқару академиясы­ның «Qazaq Resmi Test» жүйе­сі бойынша онлайн тес­ті­леу­ден бір рет тегін өту мүм­кін­дігі беріледі. «Qazaq Resmi Test» немесе «Kaz­test»-те тес­­­­тілеуден өту үшін сайтта ұсы­нылған про­­­мокодты кан­дидат жеке өзі пайда­лануы тиіс. Үміткер тиісті сертификат алғаннан кейін іріктеуге қатысу үшін тіркеуді аяқ­­­тай алады. Сертификат беру мерзімі – 2-7 жұмыс күні аралығы.
Айта кету керек, бұдан кейін қа­тысушы мәтіндік ақпаратпен жұ­мыс істеу қабілеттерін бағалауға жа­зылуы тиіс. Тестілеудің бірінші бло­гы – «Мәтіндік ақпаратпен жұ­мыс істеу қабілеттерін бағалауға» жа­зылу өтінімнің қабылданғанын рас­тайтын хабарламаны алған сәт­тен бастап 2023 жылғы 30 қыр­­күйек түнгі сағат 23.59-ға дейін ашық болады. Қа­ты­сушы ұсынылған нұс­­қа­лар­дан тестілеу уа­қы­тын таң­­дауы керек. Егер қа­тысу­­шы­лар өтінім беру ке­зінде ірік­теудің та­лап­­тарын тү­­­сінбей немесе бас­­қа да сауал­­дары болса, 24/7 ре­жи­­мінде жұ­мыс жа­сай­тын pkrezerv.gov.kz сай­тын­­дағы Jivo сайт немесе +7708 096 70 70 нөмірі бойын­­­­ша қолдау қыз­ме­­тіне, сондай-ақ info@pkrezrv.gov.kz электрондық поштасына хат жолдау арқылы жүгіне алады.
– Президенттік жастар кадр ре­зервіне алғашқы іріктеу 2019 жы­лы өткізілді. Содан бері Ақ­тө­бе облысынан 13 адам ірік­теу­ден өтті. Осы азаматтар туралы кеңінен айтып берсеңіз. Депар­тамент тарапынан резервші­лер­ге қандай қолдау шаралары жүр­гізілді?
– Мемлекеттік қызмет – үлкен жауап­кершілікті, тиянақтылықты, бі­лік­тілікті қажет ететін сала. Осы орайда бұл саладағы конкурстық процедуралар да оңтайландырылып ке­леді. Сондай-ақ өңірдегі білімді, бі­лікті, жан-жақты мамандар даяр­лау ісі жүйелі жүргізіліп келеді. Со­ның бір дәлелі – өңірде Президенттік жастар кадрлық резерві құрамына енген жастардың көбеюі. Олай дей­тініміз, төрт жыл ішінде Президент жа­нындағы жастар кадр резерві жө­ніндегі ұлттық комиссияның ше­шімі негізінде Ақтөбе облысы бойын­ша 13 адам іріктелді. Бүгінде осы 13 адам­ның 12-сі өздерінің мүмкіндіктерін пайдаланып, түрлі лауазымдарға жұмысқа орналасты, оның ішінде 8-і Ақтөбе өңірінде мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек етуде. Атап айтсақ, осы жастар резервінің «түлегі», Президенттік кадр резер­ві­нің іріктеу кезеңінде бюджет қара­жатын тиімді пайдалану идеяларын ұсынған Руслан Хамбаров осыған дейін Ақтөбе облысы әкімінің орын­ба­сары болды. «Болашақ» бағ­дар­ла­масының түлегі Ермек Кенжеханұлы да бірнеше жыл Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Қазір ол Түркістан өңіріне ауы­сып, сол жақта облыс әкімінің орын­басары қызметін атқаруда. 32 жасында ел Президенті үміт артқан үздіктердің қатарына енген Қайрат Райымқұлов осыған дейін облыс әкі­мі аппаратын басқарды. Қазір ол – Ақтөбе облыстық мәслихатының де­путаты. «Болашақ» бағдарла­ма­сы­ның түлегі Нұрхан Тілеумұратов бір­­­неше жыл бойы облыстық кә­сіп­керлік басқармасын басқарып, жуыр­да Ақтөбе облысының Хромтау ау­даны әкімі қызметіне тағайын­далды. 
Қазақ-Британ техникалық уни­верситетін қаржы мамандығы бойын­ша, ал Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы ма­гистратурасын «өңірлік даму» ба­ғыты бойынша аяқтаған, төрт тілде ер­кін сөйлейтін Нұржан Мақсатов экономика және бюджеттік жос­пар­лау басқармасының басшысы болса, Адайбек Есенаманов осы басқармада басшының орынбасары қызметін атқарып жүр. Сол сияқты Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен жасақталған Пре­зи­денттік жастар кадр резервін – елі­міздегі мемлекеттік қызмет саласын жаңартып, озық ойлы көшбасшы жастардың басшылық қызметке келуіне берілген жаңа мүмкіндік деп санайтын Әлібек Айдарбеков бү­гінде облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары болса, резервке өткендердің бірі Сәбит Мұқанов қазір квазимемлекеттік сек­­торда қызмет істейді. Ал Қазақ­станның барлық өңірлері мен шетелден келген 13 212 кандидаттың ішінен Қазақстан Республикасы Президентінің жастар кадр резерві рейтингінде үздік бестікке енген Әнуар Нұртазин бүгінде квази­мем­ле­­кеттік секторда, ал Уәлихан Ізбас­қа­нов Қазақстан Республикасы Энер­гетика министрлігі стра­те­гия­лық және ақпараттық даму депар­та­ментінде жұмыс істейді. Сондай-ақ резервке өткен қос аруымыз – Ләз­зат Әділова мен Дана Тынымқұлова­ның бірі білім саласында еңбек етсе, бірі қазір бала күтімімен демалыста отыр. Ал 2021 жылы Ақтөбе облысы бойын­ша іріктеуден өткен жалғыз ақ­төбелік Нұрсұлтан Аманғали – бү­гінде облыстық мәслихаттың ап­па­рат басшысының орынбасары. Ол 300 жастың ішінде біздің өңірден қа­тысқандардың арасында резервке өтіп, өзінің білімін, біліктілігін, осы салаға деген ынта-ықыласын, қызы­ғушылығын білдірді. 2016 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін ол осылайша өз биігін ба­ғын­дырды. 
Қазір Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті өңірімізде резервке іріктелген азаматтардың одан әрі мансаптық ілгерілеуіне тұрақты негізде мониторинг жұмыстарын жүр­гізіп отырады. Біз облыс әкімі ап­паратымен бірлесіп, олардың жұ­мысқа орналасуы бойынша есептік ақпараттарды ай сайын Агенттікке жолдап отырамыз. 
Биыл жыл басынан бері өңір­дегі резервшілермен өзара іс-қимылды күшейту және олармен облыстағы мем­лекеттік қызметке қа­тысты өзекті мәселелерді талқы­лау мақсатында арнайы бекітілген кестеге сәйкес 22 кездесу өткіздік. Сон­дай-ақ резервшілерінің жетіс­тік­терін насихаттау мақсатында об­лыс­тағы телеарналарда сұхбаттар, рес­публикалық, облыстық басылым­дарында мақалалар жарияланды.
Біз бұл бағыттағы жұмыстарды ал­дағы уақытта да жалғастыратын бо­ламыз. Егер осы іріктеуден тағы да біздің жерлестеріміз сәтті өтіп, ре­­зервшілердің қатарына қосы­ла­тын болса, бұл біз үшін үлкен жетіс­тік болмақ. Сондықтан сөзімнің соңын­да еліміздің талантты, білімді, жан-жақты жастарын осы мүм­кін­дікті пайдаланып, жаңа жобаға қа­тысуға, Президентіміз үміт артқан үз­­діктердің қатарында болуға шақы­ра­мын.  
– Әңгімеңізге рахмет!

Серіктес жаңалықтары