Қызды ұрлап, басқа ауылға алып кеткен ер адамға қатысты сот үкімі шықты
Ер адам кінәсін мойындады.
Алматы облысында қызды ұрлап, басқа ауылға алып кеткен ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады turkystan.kz.
Сотта белгілі болғандай, 6 маусым күні сағат 06:00 шамасында мас күйде болған ер адам Қарғалы ауылына қарай көлік тоқтатып тұрған кәмелетке толмаған қызды көрген. Ол қызды алдап, сөзге тартып, өзімен бірге Ұзынағаш ауылына алып кеткен. Бірнеше қонақүйге тоқтамақ болған, алайда қонақүй әкімшілері айыпталушының мас күйде болғанын көріп, қабылдаудан бас тартқан.
«Содан кейін ер адам Қарасай ауданында орналасқан үйдің сыртындағы «Монша» деген жазуды көріп, аулаға қызды алып кірген. Аулаға шыққан үйдің иесін көрген қыз айыпталушының қолынан сытылып шығып, өзін алдап ұрлап кеткені туралы айтқан. Үй иесі бірден ұялы телефонының видеокамерасына түсірген», - делінген хабарламада.
Бұл әрекеттерді көрген азамат оқиға орнынан бойтасалаған.
Ер адам кінәсін мойындап, кәмелетке толмаған қызға қатысты теріс ойы болмағанын айтып, бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Жәбірленушінің заңды өкілі мен анасы айыпталушыны кешірмейтінін айтып, қатаң жаза тағайындауды сұрады.
«Айыпталушы Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеуі белгіленді», – делінген хабарламада.