51592
Вандализмге «тұсау» керек
Вандализмге «тұсау» керек
Соңғы жылдары елімізде тарихи ескерткіштерді, рухани-мәдени құндылықтарды, қоғам мүлкін қасақана жою, тып-типыл тонау әрекеттері жиі орын ала бастады. Аялдамаларда сынған әйнек, қираған орындық, жабыстырылған, жұлынған хабарландыруларды жиі көреміз. Қоғам меншігіне атүсті қарайтын, өзгенің мүлкін сыйламайтын, ойына келгенін ойрандап, қасақана қиратып, бүлдіріп жүретін бұзақыларға шектеу қою мәселесіне Мемлекет басшысы да баса назар аударып отыр. «Вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында.
Тарихи ескерткіштерді, рухани-мәдени құндылықтарды, қоғамдық орындардағы мүліктерді бүлдіру, қасақана жою, қирату, тонау әрекетін вандализм деп атайды. Бұл сөз 445 жылы Рим қаласын басып алып, мәдениет туындыларын қиратқан және тонаған ежелгі герман тайпасы – Вандалдардың атынан шыққан. Әрине, Вандалдар тарихтағы ең бұзақы жұрт болды дей алмаймыз. Бірақ британ ақыны Джон Драйден: «Готтар, Вандалдар солтүстіктің дөрекі жабайылары барлық бағалы мұраларды қиратып бітті», – деп жазып қалдырған екен.
Вандализмнің түпкі мағынасы – қиратушы, сындырушы. Тарихта вандализм терминін алғаш рет 1794 жылы француз революциясы кезінде Анри Грегуар деген кісі қолданып, республикашылдар армиясының қылмыстарын айыптаған.
Содан бері талай су ағып, талай заман өтсе де, вандалдардың дәуірі өтпеген екен. Тып-тыныш тұрған әп-әдемі дүниені сындырып кететін басбұзарлар әлі де арамызда.
Жеңіл жаза жарамайды
Вандализмге қатысты деректер әр өңірде өршіп тұр. Елордада ескерткіштерді сындыру, архитектуралық композицияларды бүлдіру, аялдама тұрағы, демалыс орындары секілді инфрақұрылым нысандарын бұзу фактілері жиілеген. Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштегі қола бала екі рет ұрланды. Екінші дүниежүзілік соғыста құрбан болған жауынгерлерге қойылған ескерткішке де маза жоқ. Ол монументтен әлсін-әлсін жазулар жоғалады. Сонау жылдары белгісіз біреулер Алматыдағы 28 панфиловшылар паркінде тұрған Даңқ мемориалын бүлдірді. Қостанайдағы вандалдар жат жерде қаза тапқан ұшқыштардың бейітін қорлаған. Мәрмар тіреулерді қиратқан. Оралда да бұзақылар жаңа алаңдағы Тәуелсіздік монументінің тақтайшаларын жұлып, жарық шамдарын істен шығарғаны есімізде. Бұл тізімді шексіз соза беруге болады. Былтыр Мемлекет басшысы қоғамдық мүлікті бүлдіру, бұзақылық және вандализм сияқты оқиғалардың жиілеп кеткеніне назар аударған болатын.«Елордада мас адам лифтідегі мониторды сындырғаны үшін оған 14 мың теңге ғана айыппұл салынған. Бұлай болмайды. Мұндай іс-әрекет үшін кемінде 15 тәулікке қамау керек немесе 1 жылға түзету жұмыстарына салу жөнінде жаза кесу қажет. Мұндай жағдайларға мүлдем төзбеу керек. Жеңіл жаза жарамайды. Ал іс жүзінде жазаламау салдары құқық бұзушылық пен қылмыстың одан әрі өршуіне алып келеді. Сондықтан осы мәселе бойынша заңнаманы қатаңдату керек», – деген еді Президент.Мемлекет басшысы бұл бағытта құқық қорғау мекемелерінің жұмысын сынға алды.
«Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады», – деді Президент.Биыл вандалдық әрекеттердің жиілеуіне байланысты Қылмыстық кодекске арнайы бап енгізіліп, қаскөйлік әрекет жасаушыларды жазалау шаралары күшейтілді. Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар және вандализм көріністері үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша заңға қол қойды. Елімізде заң бойынша егер адам тарих, мәдениет ескерткіштерін, табиғи кешендерді, мемлекет қорғауға алған нысандарды, тарихи, ғылыми, көркемдік, мәдени құндылығы бар заттарды және құжаттарды қасақана жойса немесе бүлдірсе, қылмыстық іс қозғалады. Қылмыстық кодекстің 203-бабы («Ерекше құндылығы бар заттарды қасақана жою, әкету немесе бүлдіру») бойынша 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Аталған санатқа жататын нысанды өртеген, жарған, біреулердің денсаулығына зиян келтірген, қасақана әрекетін әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни араздықпен жасаған адам бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Азамат Құрымбаев соңғы жылдары елімізде бөтеннің мүлкіне, оның ішінде азаматтардың ортақ пайдаланылатын заттарына қасақана зақым келтіру фактілері жиілеп кеткенін мәлімдеген болатын. ІІМ өкілінің айтуынша, жаңа заңға сәйкес вандализм қылмыстық бабының диспозициясы анықталды және нақтыланды, (Қылмыстық кодекстің 294-бабы), оның нормалары «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңға сәйкес келтірілді. Заң бұзушыға ендігі жерде ең төменгі шек –172 мың теңге немесе 50 АЕК айыппұл салынады. Сонымен қатар бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді, яғни залал 690 мың теңгеге (200 АЕК) дейін айыппұл салынады.
– Вандалдық әрекет жасағандардың жауапкершіліктен жалтарып кететін кезі аз емес. Көбінде айыппұл төлеп, қоғамдық жұмысқа тартылумен шектеліп жатыр. Жазаны күшейтіп, бас бостандығынан айыру шаралары қарастырылуы керек. Айыппұлдың мөлшерін де арттырған дұрыс. Вандалдарға миллиондаған айыппұл салынып, қатаң бақыланатын болса, мұндай әрекеттер азаяр еді. Өйткені заң бұзушылардың жазасыз қалуы олардың одан ары еркінсуіне жол ашып отыр. Одан бөлек, соңғы кездері қисынсыз әрекетке баратын ересек адамдар көбейді. Жастар мұндай қадамға алды-артын ойламай, жастық желікпен барып жатады, ал ересектерге не жорық? Сондықтан мұндай әрекеттер адамның жасына, жасаған әрекетіне сай жазалануы керек деп ойлаймын. Жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, айыппұл шараларын қарастырып, ересектерге жазаны қатаңдату керек, – дейді заңгер, медиатор Қуат Ауғанбек.
Қиратуға не түрткі?
Ресейлік ғалымдар жасөспірімдердің (11-23 жас аралығындағы) вандализм жасау себептерін зерттеген. Психологтар олардың 4 деңгейін анықтаған. Біріншісі, бейсаналы деңгей. Адам ішіндегі ашуды сыртқа шығарғысы келеді. Сондай-ақ мұндай әрекетке ішімдік пен есірткі де итермелейді екен. Екінші, саналы деңгей. Бұл жердегі мотив – көңіл көтеру, ойын-сауық, біреумен жарыс, бәсекелестік, еліктеу сынды жасөспірімдерге тән қылықтардан туындайды. Үшіншісі, саналы әрі жеке психологиялық деңгей. Бұған мінез-құлық әдеті, өзін-өзі қорғау, кек алу жатады. Адам біреуден тікелей кек ала алмаса, оның дүние-мүлкін бұзып, зақым келтіріп, ақысын қайтарады. Төртіншісі, саналы әлеуметтік-психологиялық деңгей. Ішкі наразылығын білдіру, ешкімге айта алмайтын қайғысына назар аударту мақсатында сондай әрекетке барады. Психолог Жансая Серікованың айтуынша, вандалдық әрекет арқылы жастар ішкі әлеміндегі сезімдер мен көңіл күйді, өзін және қоғамдағы орнын көрсеткісі келеді.– Бүгінгі қоғамның дерті – ата-ананың баламен айналысатын уақытының жоқтығы. Балаға ата-ана тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбесе, дұрыс тәрбие берілмесе, олар вандализм арқылы өзіне назар аударуға мәжбүр болады. Жасөспірім өз бойындағы агрессиялық мінез-құлықты, әрекетті, дұшпандық пен жеккөрушілікті қоғамға ашық білдіріп, мәдени құндылықтарға зиян келтіріп, тұтастай алғанда қоғамға қауіп төндіреді. Сонымен қатар елімізде вандалдық әрекетке баратындар жазадан құтылып кетеді. Ал қоғам мұндай әрекеттерге немқұрайлық танытып отыр. Вандализмнің жастар арасында өршуінің себебі де осы, – дейді психолог.Мамандар вандалдар саны пандемиядан кейін күрт көбейгенін айтады. Коронавирус адамзат баласына үлкен психологиялық стресс алып келді. Адамдардың өзіне көңілі толмауы, өміріне, тұрмыстық жағдайына қанағаттанбауы жағымсыз көңіл күй сыйлайды. Олар іштегі агрессияны сындыру, қирату арқылы шығарып, қоғам назарын өзіне аударғысы келеді. Психологтар агрессияны қоғамға зиян келтіру арқылы шығарудың дұрыс емес екенін айтады. Оның орнына қала сыртына барып айғайлау, тауға шығу, жаттығу залына, караокеге, бассейнге баруға кеңес береді. Жақында вандализмге қатысты жасөспірімдер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі жарияланды. Зерттеуге қатысқандардың жартысы вандализмге қарсылық білдірсе, жартысы бұл әрекетті ақтап алуға тырысқан. Яғни, жастар арасында бұл құбылысқа деген көзқарас теңбе-тең. Жастардың вандализмге қалыпты қарауына соңғы жылдары қаладағы ғимараттарға салынған графитти, муралдар әсер еткені анық. Вандализм дегенде граффити ұғымы бірге жүреді. Граффити – ғимарат қабырғасына түрлі-түсті бояумен сурет салатын көше өнері. Біреулер оны жабайылыққа балайды. Көрінген жерді шимайлау – мәдениетсіздік дейді. Алайда әркімнің өз пікірі өзінде. Алматыда жастар арасында кеңінен танымал Tigrohaud crew шығармашылық тобының мүшесі, стрит-арт суретшісі Ержан Танаев әр суретшінің мақсаты әртүрлі болатынын айтады. Оның айтуынша, заң жұмсақ болғандықтан вандализмге тоқтау болмай отыр.
– Қала әкімдігімен келіспей ғимараттарға сурет салып кететіндер көп. Өз атын әр жерге қайталап жаза беретіндер де аз емес. Сондай-ақ адреналин іздейтіндер де жиі кездеседі. Олар түнде бетперде киіп, рұқсат етілмеген жерлерге барып сурет салады. Егер полиция қызметкерлері көріп қалса олардан қашып, содан адреналин алады. Бұл – таза вандализм. Олардың суреті әдемі, қалаға көрік беруі мүмкін, алайда жасаған әрекеттері – заң бұзушылық, – дейді суретші.Еуропаның дамыған елдері вандализмге толеранттылық танытпайды, қатаң жазалайды. Мәселен, Германияда мыңдаған доллар айыппұл салынады, тым шектен шыққан жағдайда түрмеге тоғытылады. Тіпті Бранденбург қаласының басшысы вандалдарды халық алдына шығарып жазалайтынын мәлімдеген.
Мазарға маза бермейтіндер кім?
Алдыңғы буын өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары көшеде құрылыс жасау мүмкін емес еді дейді. Жарық салса, сындырып кететін, орындық қойса, жұлып тастайтын. Кейін халықтың жағдайы жасалды, тұрмысы түзелді. Қоғамдық орындар қайта жаңғырып, көшелер жаңарып, жандана түсті. Мәселенің беті бері қарағандай болды. Алайда соңғы жылдары өнер, мәдениет туындысын, тарихи ескерткіштерді, табиғат нысандарын, қоғам мен мемлекет меншігіндегі басқа да мүлікті қасақана қирататындардың қатары көбейді. Нысандардың, ғимараттардың сыртына сурет салу, шимайлау, лас нәрсе жағу, тіпті қайтыс болған адамның сүйегін қорлау фактілері жиі тіркеле бастады. Әмір Темір қиратуға қимаған, Алтын Орданың гүлденген дәуірінде бой көтерген ортағасырлық Сарайшық қаласы да кейбір жергілікті тұрғындардың қирату нысанына айналды. 2018 жылы Сарайшық қазбасының темір қоршауын кесіп алып кеткен қылмыстық оқиға тіркелді. Бір жылдан кейін археологиялық қазба жұмыстары кезінде жасөспірімдер қазбадағы ашылған адам сүйектерін бүлдіріп сындырған. Ал 2020 жылы Сарайшық шаһарын ішінара қалпына келтіру жұмыстары кезінде әлдекімдер нысанның кірпіштерін бұзып, көлікке тиеп әкеткен. Онсыз да Ақ Жайықтың суы шайып, біраз бөлігі қираған қалаға маза бермегендер тарихқа тас атып отырғанын түсінер ме екен?.. Молаларға маза бермейтіндер Алматы қаласында да жиілеп кеткен. Түсті металл іздегендер қоршауларды, ескерткіштерді ұрлап әкетеді. Зират қызметкерлері ұрыларды бір емес, бірнеше рет оқиға орнында ұстаса да олар айылын жияр емес. Аруақтарды қорлағандар зират қоршауларын темір-терсек қабылдайтын орынға өткізетін көрінеді. Зираттың тәртіп сақшылары әр зиратты күзете алмайтыны анық. Сондықтан түсті металл қабылдайтын пункттерге бақылауды күшейтсе, ұрылар саны азаяр еді дейді олар. Ал қайтыс болғандардың туыстары бақылау камераларын орнатса, мәселе оң шешілер еді дейді. Мәселенің оң шешімін таппауы әзірге тек ұрыларға ұтымды болып отыр.– Ақселеу Сейдімбектің айтуы бойынша, арабтар ислам дінін әкелген кезде бұрынғы балбал тастардың басын шапқан, қиратқан. Моңғолия жерінде жатқан түркі қағанатынан қалған балбал тастардың басы жоқ. Күлтегіннің басы шабылған. Тарихта идеологиялар алмасқан кезде атрибуттардың көзін құртып отырған. Дәл сол сияқты патшалық Ресейдің ұры археологтары біздің ежелгі патшалардың қорған, бейіттерін тонаған. Алтындарын қолды қылған. «Қара археологтар» Кеңес үкіметі кезінде де қорғандарды тонады. Ресейден келген орыстар қолдарына картасын алып, алтын жатқан қорымдарды жым-жылас етті. Тіпті өзіміздің қазақтар да даладағы балбал тастарды үйіне әкеліп қойған жағдайлар болды, – дейді мәдениеттанушы Серік Ерғали.Оның айтуынша, вандализм адамзат тарихының барлық кезеңін қамтиды. «Қоғамдағы тәртіптің нашарлығынан, заңның солқылдақтығынан, мәдениеттің төмендігінен, әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан халық жасампаздықтан жұрдай болып, қиратымпаз келеді. Ал қиратушы халықтан бәрін күтуге болады» дейді Серік Әбдірешұлы. Осы ретте психолог маманнан «Қоғамда вандализм әрекетін азайтудың жолы қайсы?» деп сұраған болатынбыз.
«Өз эмоциясын басқара алмайтындар вандализмге бейім келеді. Олардың жағымсыз эмоцияларын шығаруға, конфликт мәселесін дұрыс шешуге көмектесу керек. 11-23 жас – жасөспірімдік дағдарыс кезеңі. Бұл жаста бала балалықтан алыстағандай болғанымен, ересек те емес. Өмірінде үлкен шешімдерді қабылдай алмайды. Дағдарыстан шығу жолын көрсетудің маңызы зор. Бұл олардың өзін дамытуға, танытуға, көрсетуге, жарқырап көрінуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының түсіндірме жұмыстарымен қоса педагогикалық бағыттағы жұмыстар жүргізілгені дұрыс. Ал ең алдымен ата-ана баласымен тығыз қарым-қатынаста болса, бұл мәселенің алдын алар едік», – деді психолог Жансая Серікова (@zhansaya_rulanovna).Вандализмнің алдын алудың тағы бір жолы – тұрғындармен ашық әңгімелесу. Бірлескен күш-жігермен бұзақылық фактілерінің алдын алу, қолдағы бар әдістермен қала тұрғындарына, әсіресе, жастарға қала мен қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау керегін түсіндіру қажет. Осы бағытта тамыз айынан бастап елордада қала меншігіне нұқсан келтірмеу, тәртіпті сақтауға бағытталған «Тоқта, вандал!» акциясы өтіп жатыр. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері акцияның арқасында қала көшелерінде қоғамдық тәртіп бұзушылықтың үлесі біршама азайып келе жатқанын айтып отыр. Жыл басынан бері ӘҚБтК 147 бабы 1-пункті (бөтеннің мүлкіне залал келтіру) бойынша 35 құқықбұзушылық туралы іс тіркелген. Сондай-ақ 678 ұсақ тәртіп бұзушылық дерегі анықталған. Олардың барлығы заң жүзінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Кейінгі уақытта осындай акциялармен қатар тұрғындардың жанашырлығының арқасында қоғамдық тәртіп бұзушылық азайып келеді. Атап айтқанда, көпқабатты үйлердегі жеделсатылар мен шлагбаумдарды сындыру сияқты бұзақылық қылықтар жиі орын алып жатады. Осындай жағдайда біздерді еріктілер мен қоғам белсенділері, жанашыр қала тұрғындары түрлі интернет ресурстары, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы хабардар етіп жатады. Негізінде кез келген тәртіп бұзушылық санының азаюына ең бірінші кезекте алдын алу мен түсіндіру жұмыстары ерекше әсер етеді. Жасалған жұмыстың өз жемісін беруі – қоғамның ортақ жеңісі болмақ, – дейді Астана қаласы ПД жергілікті полиция басқармасының бастығы Арман Аймағанбетов.Ислам діні бойынша вандализм – жабайылық пен зұлымдықтың шектен шығуы. Зорлық көрсету, қорқытып-үркіту, қол жұмсап ұрып-соғу, сол сияқты өзгенің мүлкін жойып жіберу не бүлдіру де – бұзақылық. Вандализм – мәдениетке жасалған ең ауыр қастандық. Сондықтан оған қарсы күресті қатаңдату қажет. Бүлдіргіш бұзақылар ұсталып, жазалануға тиіс. P.S. Ошақтың үш бұты секілді дүниені тіреп тұрған үш нәрсе бар дейді. Біріншісі – деннің саулығы, екіншісі – ұрпақтың адалдығы, соңғысы – мәдени құндылықтарға құрмет. Осы үшеуі түгел болса, адамзат арманына жетеді. Ал біреуі олқы тартса, орны толмас өкінішке ұшырайды.