Байланыстың бағасы сапасына сай ма?

Байланыстың бағасы сапасына сай ма?

Байланыстың бағасы сапасына сай ма?
ашық дереккөзі

Тамыздан бастап ұялы байланыс операторлары тарифтің бағасын қымбаттатты. Бағаның өсетіні туралы шешімді барлығы бір уақытта хабарлады деуге болады. Ал әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі халықтың кейінгі кезде интернет сапасына деген наразылығы да қатар өсіп жатқанын байқатады.

Интернетке де үнем керек пе?

Finprom аналитикалық ресурсының дере­гіне сәйкес 2023 жылдың басындағы жағдай бойынша елімізде 25,1 миллион ұялы бай­ланыс або­ненті бар. Интернетті қолданатын­дар­дың үлесі де жыл санап өсіп келеді. Data Reportal сайтының 2023 жылдың басындағы мәліметіне сүйенсек, елімізде интернет қол­данатындардың саны – 17,73 миллион. Бұл – жалпы халықтың 90,9 пайызы, ал 2022 жыл­дың басында көрсеткіш 85,9 пайыз, яғни 16,41 миллион пайдаланушы болған. Десек те, сан өскенімен, сапа төңірегінде сұрақ көп. Кейінгі кезде ин­тернет қана емес, бай­ланыс сапасы да жиі сыналып жүр. Әлеу­меттік зерт­теу нәтижелері де ел тұрғын­дары­ның сапаға байланысты шағымы өсіп жат­қа­нын нақтылап отыр. Мәселен, қоғамдық саясат инс­титутының биылғы маусымда жүргізген сауал­нама қорытындысына сәйкес ха­лықтың 35,4 пайызы интернеттің сапасына, ал 29,7 пайы­зы телефон жә­не мобильді байланыс са­па­сына көңілі толмайды. 2021 жылғы қара­ша­да бұл көрсеткіш сәйкесінше 24,1 пайыз және 21,3 пайыз болған. Өңірлер бойынша жіктесек, интернет сапа­сына көңілі толмайтын аймақтардың көш ба­сында Алматы, Жамбыл, Ақмола, ШҚО және Ақ­тө­бе облыстары тұр. Ал интернет қолжетімді емес деп Шымкент қаласы, Абай, Қостанай, ШҚО, Маң­ғыс­тау облыстарының тұрғындары көбірек шағым­дан­ған. Зерттеу қорытындысында интернет сапасына кө­бінесе ауыл тұрғындары шағымданатыны көр­сетіл­ген: шамамен 40,6 пайызының көңілі толмайды. Ал қалалықтардың 32,1 пайызы интернет сапасын сы­наған. Ауылдағы интернеттің сапасы қандай еке­ні ешқандай сауалнамасыз-ақ белгілі нәрсе, жыл­дам­дығын былай қойғанда, мүлде интернет желісі жет­пеген елді мекен қаншама? Цифрлық даму, ин­н­о­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистр­лігінің жыл басында берген есебіне сүйенсек, елі­мізде ауылдардың 22,7 пайызға жуығы мобильді ин­тернетсіз отыр. Дегенмен кейінгі кезде үлкен ме­гаполистердің өзінде интернет шабандап қалды. 11 шілдеде өткен елорданы дамыту мәселелері жө­ніндегі кеңесте Президент Цифрлық даму, инно­ва­циялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағ­дат Мусиннен Астанада интернет сапасы қашан жақ­саратынын сұраған болатын. – Интернет пен ұялы байланыстың тұрақ­ты­лы­ғына көп нәрсе байланысты. Мұның бәрі тұрғын­дарға ыңғайсыздық тудырады және қала экономи­касына елеулі зиян келтіреді, – деді Президент. Бағдат Мусин бұл мәселені радиофобиямен және халықтың интернетте шамадан тыс көп уақыт өт­кізетінімен байланыстырды. – Біз мобильді интернетті өлшедік. Байланыс то­лы­ғымен жоғалып кететін 67 орынды анықтадық. Ол тұрғын үй кешендерінде базалық стансаларды ор­натудан қорқатын радиофобтар тұрады, – деді Бағ­дат Мусин. Сонымен қатар министр тарифтің бағасына да сын айтты. Оның сөзінше тариф арзан бол­ғандықтан, халық желіде өте көп уақыт өткізеді, ал интернет те су секілді сарқылатын ресурс болған­дықтан, жүктемені көтере алмай қалады. – Екінші мәселе – тариф бағасының арзан екені. Біз­дің интернет қолданушыларымыз интернетте үнемі бас алмай отырады және бұл үлкен жүктеме. Ал шетелде, мысалы Еуропада, Америкада интер­нет­ті қолданушылар қандай да бір контентті ашпас бұрын «бұл қажет пе, жоқ па?» деп ойлайды, өйткені мега­байты кетіп, ақшасын жоғалтады, – деді Мусин. Кейін министр осы мәлімдемесі үшін үлкен сынға қал­ды. Комментарий сараптама платформасының де­регінше, Tele2/Altel желісінде бір пай­даланушы шамамен 25 гигабайт трафик қолданады екен, ал 2022 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыс­тырғанда биыл трафик 24 пайызға өскен. 2022 жылы ұялы байланыс операторларының або­нент­тері барлығы 4 596 петабайт мобильді дерек жұм­­сапты. Ал 2023 жылдың 6 айында – 2 693 пета­байт. Ал интернет жылдамдығына келер болсақ, Speedtest Global Index-тің биылғы маусымдағы рей­тингінде Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша бір жыл ішінде 14 орынға көтеріліп 140 елдің ішінен 68-орынға тұрақтаған. Орташа жүктеу жыл­дамдығы – секундына 34,07 мегабит. Пост­кеңес­тік елдерден бізден жоғары тұрғандар тек Латвия (36 орын) мен Әзербайжан (59). Ал кабельді кең жолақты интернет бойынша Қа­зақ­стан 180 елдің ішінде 94 орында. Орташа жүк­теу жылдамдығы секундына 44,94 мегабит. Бізден жо­ғары тұрған елдер – Молдова (34 орын), Ресей (56), Латвия (62), Эстония (65), Украина (68), Моң­ғолия (73), Қырғыз Республикасы (84), Өзбекстан (85). Кейінгі кезде ұялы байланыстың да сапасы сын көтермей тұр. Бұрын жекелеген тұрғын үй кешендерінде байланыс нашар немесе мүлде ұстамайтыны туралы айтылатын. Қазір тіпті көшеде де байланыстан ажырап қалуыңыз ғажап емес. Соған қарамастан, ұялы байланыс операторлары тарифтерінің құнын жарыса қымбаттатып жатыр. Әсіресе, министрдің «тариф арзан» деген сөзінен кейін оператордың барлығы бағаны өсіретіндерін айтып «сүйіншіледі».

Бағаға да, сапаға да шағым көп

Осылайша, тамыздан бастап ұялы байланыс операторлары тарифтерінің бағасын 10-30 пайыз ара­лығында қымбаттатты. Кей тарифтің құны өз­геріс­сіз қалғанымен, кей әлеуметтік желілерде шек­теусіз кіру мүмкіндігін шектеді. Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойын­ша, 2022 жылдың үшінші тоқсанында халық­тың барлық тұтыну шығысының ішінде байланыс қызметінің үлесі 3,3 пайыз болған. Құнын мемлекет бақы­лайтын коммуналдық қызметтер 2022 жылы тұ­тыну шығысының 4,5-6 пайызы болса, азық-түлік­тікі 50 пайыздан асқан. Бұл орташа көрсеткіш бол­ғандықтан, байланысқа кететін шығыстың үлесі бұ­дан да көп болуы мүмкін екенін ескере кеткен жөн. Себебі азық-түлікке табыстың жартысы жеткі­лік­сіз екені мәлім. Немесе, еліміздегі мобильді операторлардың та­рифтерінің бағасын саралап көруге бо­лады. Операторлар ұсынып отырған ең арзан та­­риф­ті алатын болсақ, жан басына шаққандағы ор­та­ша бағасы айына 3 208 теңге шығады. Бұл – ең тө­менгі жалақының 4,5 пайызы (ең төменгі жалақы – 70 000 тг.). Ал кабельді интернеттің орташа бағасы айы­на – 4 813 теңге. Осылайша, үш адамнан тұра­тын от­ба­сы интернетке айына кем дегенде 14 500 тең­ге, төрт адамнан тұратын отбасы 18 000 теңге жұм­сай­ды. Британдық cabel.co.uk сайты әлем елдеріндегі мо­бильді интернет бағасын салыстыру арқылы жыл сайын Worldwide mobile data pricing атты рейтинг жариялайды. Сол рейтингтің 2022 жылғы дерегі бойынша елімізде 1 гб мобильді интернеттің құны 177,22 теңге, бұл – 233 елдің ішінде 16 орын, бізден бір саты жоғары тұрған Өзбекстанда – 177,21 теңге. Са­лыстыру үшін мысал келтіретін болсақ, Ресейде 1 гб – 229,91 теңге (30-орын), Молдовада 124,53 тең­ге (8-орын), Қырғыз Республикасында 81,42 тең­ге (6-орын). Бір айта кететін нәрсе – ең арзан тарифтің са­пасы көңіл көншітпейді немесе аса қолайлы емес. Та­риф тез таусылады, қоңырауға бөлінетін минут са­ны да аз, үнемдеймін деп екі төлеуге тура келеді. Кей операторлар тариф уақытын 30 күн, яғни бір ай емес, 28 күнге бекіткен. Ай сайын 2-3 күн «үнем­деп» қалатын операторлар үшін бір жылда 12 емес, 13 ай бар екені бұған дейін БАҚ-та көтеріліп жүрді. Дегенмен пікір біржақты емес. Мысалы, эко­но­мист Андрей Чеботарев министр Бағдат Мусиннің пі­кірін жөн санайтынын айтады. Сарапшының сө­зін­ше, шынымен де біз тарифке аз төлейміз, интернетті үнемдеуге тырыспаймыз. – Шынында біз интернетте көп отырамыз. Қазақстандағы интернет-трафикті тұтыну әлемдік орташа көрсеткіштерден 46 пайызға жоғары деп жазды Ranking.kz. Бұл – 2022 жылғы дерек, қазір тұтыну көлемі бұдан да өсті. Біз мобильді интернетті үйдегі интернет ретінде пайдаланамыз, трафикті үнемдемейміз, оған мүлдем назар аудармаймыз. Суға ысырап қалай жасасақ, интернетті де дәл солай пайдаланамыз. Қазақстандағы интернет-трафикті тұтыну көлемінің жоғары деңгейі – біздің азаматтар үшін дүниежүзілік желінің қолжетімділігінің белгісі және ел экономикасын табысты цифрландырудың негізгі факторларының бірі, – дейді ол. Сарапшының сөзінше, бүкіл әлем бойынша интернетке қол жеткізу құны әдетте масш­табқа, ауданға, елге тікелей пропорционал, яғни геог­рафиялық ауқым неғұрлым үлкен болса, бүкіл аумақты қамту соғұрлым қымбатқа түседі және сәй­кесінше пайдаланушылар үшін тариф соғұрлым қым­бат болуы керек. –Шын мәнінде, телекоммуникация қыз­мет­те­рін­де дефляция орын алып отыр, – дейді экономист. Десек те, байланыс саласындағы баға мен сапаға қа­тысты шағымға құзырлы органдар көңіл бөліп, зерт­теу жүргізіп, нарықтағы мәселелерді қадағалауға қа­дам жасап көрген екен. Тарифтердің өсуі және ұялы байланыс қызметінің сапасы төмендеуіне бай­ланысты қыста Бәсекелестікті дамыту және қор­ғау агенттігі Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс са­ла­сындағы қызмет көрсету ережелеріне өзгеріс ен­гізу туралы ұсыныс жіберген. Ұсыныстың себебі – ұялы байланыс операторлары абоненттерге қажет емес, қолданыла бермейтін қызметтер пакетіне аздаған өзгеріс енгізу арқылы тарифтердің бағасын өсіреді. Агенттік негізі бар өзгерістерді қоспағанда, жалпы тариф жоспарларының шартын өзгертуге тыйым салуды ұсынған. Шілде айының басында Ашық нормативтік-құ­қықтық актілер сайтында «Бәсекелестік мәселелері бойын­ша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат жария­лан­ды. Құжатта еліміздегі ұялы байланыс қызметінің ба­ғасын мемлекет тарапынан реттеу және осы сала­ны қоғамдық маңызы бар нарыққа жатқызу ұсы­ныл­ған. – Монополия және нарықтағы бәсекелестіктің тө­мендігінен операторлар арасында клиент үшін бә­секенің төмендеуі байқалады, бағаның өсуіне, тұ­тынушыларға талап етілмеген қызметтерді жүк­теуге, сондай-ақ байланыс және интернет қыз­мет­терінің сапасына жиі шағым түсетін болды, – деп жазылған құжатта. 2022 жылы және биыл байланыс қызметінің са­пасына байланысты ұялы операторларға 1 492 тек­серу жүргізілген және 3 миллиард 44 миллион тең­ге айыппұл салынған. Цифрлық даму, инно­вация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне 2022 жылдан бастап биыл жыл басына дейін та­риф­терге байланысты қатысты 350-ден астам шағым тү­сіпті. Сонымен қатар, осы кезеңде Агенттіктің аты­на халықтан тарифтің бағасына қатысты 100-ден астам шағым түскен. Мысалы, «Жарқын+» та­риф жоспарының бағасы 52,4 пайызға өсуіне бай­ланысты Beeline операторына, «Қоңырау шалу» та­ри­ф жоспары 100 пайызға қымбаттағанына бай­ла­ныста Теле2 операторының үстінен көп шағым түс­кен. – Нарықта монополия толық жойылғанға дейін ұя­лы байланыс қызметінің бағаларына мемлекеттік рет­теу енгізу ұсынылады, – деп жазылған құжатта. Құ­жат 28 шілдеге дейін көпшілік талқысында бол­ды. Яғни, баға мен сапаның сәйкессіздігі, тұрғын­дардың шағымы жауапты мекемелердің на­зарын аудартып отыр. Дегенмен операторлардың өз айтары бар.

Операторлардың өз айтары бар

Операторлар тарифтің бағасын неге өсіретін­дерін өздерінше түсіндіріп бағады. Атап айтқанда, ин­фляция, валюта бағамның әлсіреуі, телекомму­ни­кация жабдықтарының бағасының өсуі, жалға алу, электр энергиясы, трансмиссия, мобильді желіге қызмет көрсету шығындары сияқты факторлар. Мә­селен, 2023 жылғы бірінші тоқсандағы электр энер­гиясының бағасы шамамен 27 пайызға қым­баттаған. Бір базалық станса шамамен 20 пәтерге кететін электр қуатын тұтынады. Сонымен қатар мобильді деректерге сұраныс соң­ғы жылдары бірнеше есе өскен, яғни операторлар интер­нет қолданушыларының саны көбейгені инф­рақұрылымға ауыртпалық түсіріп отырғанын алға тартып отыр. Бұл қосымша базалық стансаларды ор­натуды қажет етеді. Радиофобия қалалардағы же­лілердің дамуына айтарлықтай кедергі келтіре­ті­нін де айтылады. Яғни, әуелде айтып өткен ми­нистр Бағдат Мусиннің сөзін операторлар растап отыр. – Біз де азық-түлік, жанар-жағармай және жыл­жы­майтын мүліктің бұрынғы бағасын сағынышпен еске аламыз. Бірақ әлем бір орында тұрмайды және жақ­сы қызмет көрсету үшін біз де өзгеруіміз керек. Ба­ғаны көтеруге жауапкершілікпен қараймыз. Біз на­рықтағы орташа деңгейден барынша төмен баға­дағы тариф жоспарларына ғана өзгеріс енгіземіз. Қолайсыздық туындамас үшін бір ай бұрын або­ненттерді хабардар етеміз, – деп айтылған Beeline-нің ресми жауабында. Ал Tele2 «бірқатар факторға, соның ішінде эко­номикалық жағдайға байланысты біз тариф жос­парларының бағасын аздап өзгерту туралы шешім қа­былдауға мәжбүр» екенін айтады. Оператордың мәлім­демесінше, «өзгеріс инфрақұрылымға негіз­делген шығынның өсуіне, жаңа технологияның іске қосылуы мен дамуына, жаһандық логистика тіз­бектерінің бұзылуына, инфляцияға, электр энер­гиясының қымбаттауына, жаңа технологияны енгізу жиіліктерінің қымбаттауына және белгілі бір сын-қатерлер тудырған басқа жайтқа байланысты». Сонымен қатар операторлар қызмет құнының өсуі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің тарифтердің арзан екенін айтқан мәлімдемесінің арасында мүлде байланыс жоқ екенін айтады. Ал VEON (еліміздегі ВымпелКом, Beeline) жылдық есебінің дерегіне сүйенсек, 2022 жылғы компанияның Қазақстандағы кірісі 20 пайызға, ал пайыз, салықтар, тозу және амортизациялық ау­дарымдар шегерілгенге дейінгі пайда 7 пайызға өскен. Бұл мәлімет сектордағы кіріс төмендеді деген мәлімдемемен сәйкеспейді.

Бет алған «белес» – 5G

11 тамызда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері мен бай­ланыс операторлары байланыс сапасын жақ­сарту және саланы дамыту мәселелерін талқы­лады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің ай­туынша, Астанада қосымша құрылғылар орнатуды қажет ететін 600-ден астам орын бар. Оның 39-ы бойынша мәселе шешілген. Тиісті жұмыстар өңір­лерде де атқарылып жатқаны айтылды. – 250 және одан артық тұрғыны бар барлық елді ме­кенде келесі жылдың соңына дейін барлық 3 ұялы байланыс операторы болады және халық өз таңдауын жасай алатын болады. Біз 6 облыс пен 250-ден аз адам тұратын елді мекендерге мобильді интер­нетті қалай тартуға болатыны туралы Жол кар­таларына қол қойдық. Бұл өте қиын шаруа, осы рет­те мемлекеттік бағдарламалар бізді айтарлықтай ынталандырады, – деді Beeline Қазақстанның бас атқарушы директоры Евгений Настрадин. Бұл мәлімдеменің өзі ел халқын интернетпен қамту туралы статистикаға күмәнмен қа­рау­ға итермелейтіні анық. Ауыл халқының интернетпен қамтылуы туралы мәселені бұған дейін де бірнеше рет көтерген болатынбыз. Қағаз жүзінде бар бол­ған­ның өзінде, сапа мәселесі бәрібір алаңдатпай қой­майды. Әйтсе де, қазіргі ахуал толық реттелмей жа­тып, көздегеніміз – алыс, межеміз жоғары болып тұр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комите­тінің төрағасы Ержан Мейрамов елімізде 5G желісі­нің таралуы туралы айтып берді. Дегенмен комитет төрағасының айтуынша, министрліктің жалпы реттеуші ретіндегі басты мақсаты – бәсекелестік орнату және оны одан әрі дамыту. – Осыған қатысты екі мәселені айтып кеткен жөн. Біріншіден, Үкіметтің «Қазақтелекомның» іші­нен екі мобильді оператордың біреуін шығару туралы нақты тапсырмасы бар. Қазір ақпарат ретін­де айтатыным – инвесторлармен жұмыстар жалға­суда», – деді ол. Сонымен қатар төраға жыл соңына дейін 5G же­лісін сату мақсатында тағы да аукцион ұйымдас­тыру жоспарланып отырғанын, егер сол жақта басқа бір инвестор жеңіп алса, жаңа бір байланыс опера­торының пайда болуы әбден мүмкін екенін айтты. «Кселл» АҚ басқарма төрағасы Асхат Өзбеков Қазақстан бойынша 5G желісі бойынша бес жыл ішінде 3 мыңнан астам базалық станса құрылуға тиіс екенін жеткізді. – Биыл біз республиканың үш қаласында 5G же­лісін құрамыз. Қазір 200-ден астам базалық стан­са Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және тағы басқа қалаларда құрылған, – деді «Кселл» АҚ басқар­ма төрағасы. «Мобайл Телеком-Сервис (Tele2/Altel)» бас ди­рек­торы Сергей Коньков компания өткен жылы аук­ционда жеңіске жетіп, 5G технологиясын орна­туға мүмкіндік алғанын айтты. Бірінші кезекте бұл өсіп келе жатқан трафикті тиімді өңдеуге жол ашады екен. – Трафиктің сапасына қатысты проблемалар бол­мас үшін жаңа технологияларды енгізу қажет. Бұл тұрғыда ең перспективтісі – 5G. Бүгінгі таңда 5G желілерін пайдалана алатын клиенттер саны ша­мамен 15 пайыз. Бұл көрсеткіш ай сайын өседі, – деді С. Коньков. Министрлік те, операторлар да интернетті тұтыну деңгейі өсетініне, ал 5G технология­сын енгізу бұл процесті үдете түсетініне сенімді. Қос тарап та бұл жаңа перспективалар мен мүмкіндіктер ашады деген пікірде. Сонымен қатар қазір қорда­ланып отырған мәселені 5G шешетінін де айтады. Яғни, көздегеніміз – 5G. Дегенмен шағын ауылдардағы халық қарапайым интернетке келесі жылдың аяғында ғана қол жеткізе алуы мүмкін. Тұтыну деңгейінің өсуі нақты статистикамен дәлелденіп отыр, дегенмен бас қаланың өзінде қарапайым байланыс сапасының күрт нашарлауы – түсініксіз. Операторлар мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің айтары – бір. Ал баға мен сапаның сәйкессіздігіне назар аударған құзырлы органдар саланы мемлекет реттесе дейді. Онсыз да монополияланған салаға бұл қаншалықты оң әсер ететіні беймәлім.

Ділда УӘЛИБЕК