471
Қазақстанда ақылы жолдардан жыл сайын 30 млрд теңге жиналады
Қазақстанда ақылы жолдардан жыл сайын 30 млрд теңге жиналады
Қазақстан бюджетіне ақылы жолдардан жыл сайын 30 млрд. теңге түседі. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «2020 жылға қарай 6 мың шақырым республикалық жолдарда кезең-кезеңмен ақылы жүйе енгізіледі, бұл өз кезегінде жыл сайын 30 млрд. теңгеге жуық қаржы жинауға мүмкіндік береді. Оның ішінде 2017 жылы 700 шақырым жол ақылы болады»,-деді Скляр. Оның сөзінше, 2017 жылы республикалық бюджет есебінен Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай, сондай-ақ Дүниежүзілік банк займдары есебінен Алматы-Қорғас учаскелерінде ақы қабылдайтын жүйелер орнату көзделіп отыр. Жүйені сынақтан өткізу үшін биыл оны қараша айында іске қосу жоспарланып отыр. Министрлік мәліметіне қарағанда, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылы 4,4 мың шақырым жолда жұмыс жүргізіледі, оған 100 мың адам тартылады. Жыл соңына дейін 600 шақырым жол пайдалануға беріледі деп күтілуде. Биыл Бейнеу-Ақтау (230 шақырым), Алматы-Талдықорған (24 шақырым), сонымен қатар Астана-Павлодар (232 шақырым) автожолының жекелеген учаскелері, Орал-Каменка (50), Ақтөбе-Атырау (26), Қордай асуын айналып өтетін жол (40 шақырым) толық аяқталады. Бюджет қаржысы есебінен 1 мың шақырымнан асатын жаңа 8 жобаны бастау көзделіп отыр.