Қазақ электромобилі қостанайда шығарылады

Қазақ электромобилі қостанайда шығарылады

Қазақ электромобилі қостанайда шығарылады
ашық дереккөзі
283
Еліміздің теміржол, авиациялық технология және машина жасау салаларындағы жетістіктері туралы сөз қозғағанда отандық электромобильдер өндіру барысына кідіріс жасамау мүмкін емес. Себебі Еуроодақ бойынша 2050 жылдан бастап іштен жанатын қозғалтқышты көліктерге шектеу қойылатыны мәлім. Автокөліктің пайдалану мерзімін ескерсек, 2030 жылдан бастап мұндай көліктерді шығару ісі де саябырси береді. Бүгінде отандық автомобиль жасау секторының кәсіпорындары әлемдік үрдістерге сүйене отырып, электромобильдерді құру процесін егжей-тегжейлі зерттеумен айналысуда. Осы тренд шеңберінде Қазақстанда автомобильдердің жаңа түрлерінің бірінші типтері тестілеуден өткені белгілі. Нәтижесінде «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің өндірістік базасында 5 бірлік электромобиль жиналғанын айта кеткен жөн. Бұдан басқа компания 2020 жылға қарай ұлттық электромобильді құруды, ал 2022 жылдан бастап электроавтобус өндірісін қалыпқа келтіруді мақсат етуде. Бұл әрекеттің түп негізі еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуда жатса керек. Біз еліміздегі электромобиль өндірісінің даму деңгейінің қарқыны жайында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мырзадан сұрағанымызда: «АЗИЯ АВТО» АҚ кәсіпорны KIA Soul EV электромобильдері өндірісін игеруде тәжірибе жинақтап алды. «АЗИЯ АВТО» АҚ осы бағыттағы жұмысына қан жүгірткені соншалық, 2017 жылы LADA VESTA EV бюджеттік электромобиль өндірісін іске қосуға сақадай-сай. Ал оның сериялық өндірісі 2018 жылдың екінші жарты жылдығына жоспарланды. Айта кету керек, электромобильдер өндірісі жолға қойылған тұста, оны зарядтау инфрақұрылымын құру да назардан тыс қалмайды. Соған байланысты Қазақстанның автобизнесі қауымдастығы Алматы, Астана қалаларында және Алматы – Астана тас жолында май құю станцияларының инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жоба әзірледі» деп жауап берген болатын. Алдағы бес жыл ішінде Шығыс Қазақстан облысында «АЗИЯ АВТО» жобасын дамытудың екінші кезеңі жүргізіліп, нәтижесінде кәсіпорын жылына 120 мың көлікке дейін шығарады деп жоспарланған. Қостанай облысындағы кәсіпорындарға да үлкен үміт артылып отыр. Яғни, отандық кәсіпорындар арасында бәсекелестік қалыптасып үлгерді деуге де болады. Алайда, әлем елдері іштен жанатын қозғалтқышы бар автокөліктерге емес, үнемді әрі экологияға зиянсыз қозғалтқышы бар көліктерге иек артып жатқанын ескерсек, алдағы уақытта Қазақстан да осы бағытты ұстанады. Осы үрдістің аясында Қазақстанда қазірдің өзінде электромобильдер тестілеуден өткізілуде. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында «Азия Авто Қазақстан» АҚ автомобильдің толық циклді өндірістегі авто зауыт құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыру жұмыстары сәтті басталды. Бұл кәсіпорында LADA Granta, LADA Kalina Wagon, LADA Vesta, LADA X-Ray модельді автомобиль өндірілетін болады. Сондай-ақ, бүгінде «АЗИЯ АВТО» АҚ кәсіпорнында  Skoda, Chevrolet, KIA, Lada маркалы автомобильдер шығару ісі тәп-тәуір жолға қойылды. Ал машина құрастыру, жасау саласында Қостанай облысындағы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің аты көпшілікке танымал. Елімізде электромобиль шығару ісі қолға алынғанына көп уақыт өте қойған жоқ, әйтсе де Қостанай облысындағы «СарыарқаАвтопром» компаниясының базасында биыл 5 электромобиль құрастырылғаны белгілі. 2020 жылдан бастап компания осындай көліктердің сериялы өндірісін жолға қоймақ. Кәсіпорын JAC, SsangYong, Toyota, Hyundai маркалы жеңіл автокөліктерін жарыққа шығаруды қолға алған. Бұл кәсіпорындар бүгінгі күні бір-біріне бәсекелестік тудырмайды, себебі олар әр түрлі бағалық сегментте орналасқан. Бірақ болашақта осы кәсіпорындардың даму шеңберінде бәсекелестік туындауы заңдылық. Себебі бұл өнімнің және көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға тұтынушы тарапынан жағымды әсер қалыптастырады.

 Қостанай электромобиль орталығына айналмақ

2017 жылдың төртінші ширегінде Қостанайда Қытайдың JAC электромобилінің бірнеше моделі шығарыла бастайды. Көлік шығаруды іске қосып, өндіріс көлемін белгілегенге дейін Қазақстанда электромобилді жаппай қолдануға жағдай жасау мәселесін шешу қажет. Allur Group директорлар кеңесінің (ДК) төрағасы Андрей Лаврентьев «Бірақ нақты қанша шығарылатынын айта алмаймын, себебі биыл бастысы, өндірісті, модельдерді сертификаттау үдерісін аяқтау қажет және инфрақұрылым, яғни көлік тұратын қуаттау станциялары жөніндегі стандарттардың өзін сертификаттау керек. Бұл үлкен жұмыс. Инфрақұрылым салынбай ештеңе болмайды. Яғни бастапқыда асықпай инфраққұрылымды ретке келтіру керек, содан кейін ғана нақты көлік моделін анықтаймыз. Егер қызмет көрсету жүйесі де, инфрақұрылым да бір ізге түспесе, бұл көліктерді толық деңгейде пайдалану мүмкін болмайды», – дейді ол. 2015 жылдың мамырында Allur Group-қа кіретін «СарыарқаАвтоПром» ЖШС Қытайдың Geely автокөлігін құрастыра бастады. Ал одан бір ай бұрын, 2015 жылдың сәуірінде «СарыарқаАвтоӨндіріс» JAC автокөлігін құрастыруға рұқсат алды. JAC электромобиль жасауға рұқсат беру туралы шешім көлікті қыста Қазақстанның түрлі аймағында сынағаннан кейін қабылдау жоспарланған болатын. 2016 жылдың қазан айында Allur Group Алматы әкімдігімен меморандумға қол қоюдың нәтижесінде қалада электрмен қуаттайтын 40 станция орналастыру көзделді. Электромобиль бойынша серіктес іздеуде таңдау неліктен Қытайға түскенін түсіндірген Андрей Лаврентьев: «Бұл ел – электромобиль шығаратын әлемдік көшбасшылардың бірі. Бұл айдан анық нәрсе, себебі мемлекеттің өзі жаңа технологияларды дамытуға ден қойған әлемдегі бірден-бір ел. Жеке инвестор емес, мемлекеттің өзі толық қолдау көрсетіп, жаңа технологияларды дамытып жатыр. Бүгінде Қытай барлық бәсекелесін шаң қаптырып кетті. Сан түрлі сараптамалық бағалауға сүйенсек, 2016 жылы Қытай 0,5 млн электромобиль жасап сатты. 2017 жылы 1,5 млн шығаруды жоспарлап отыр, ал 2020 жылға қарай 5 млн электр көлігін шығаруға ниетті. Қытай – бұл салада қарыштап дамып жатқан ел. Сондықтан мемлекет басшысы бізге бұған дейін жұмыс істеген және осы салада жетістікке жетуге мүмкіндігі бар әрі технология, экспорт нарығын, белгілі бір өндірісін ауыстыруды сөйлесуге дайын брендтерді атады», – деп мәлімдеді. Сондай-ақ, «Бензинмен жүретін көлік бойынша бәрі ойдағыдай. Бұл көліктер сұранысқа ие, халыққа қажет. Мұнда еш қиындық көріп тұрғаным жоқ, себебі бұл аяққа тұрған сала. Биыл Қазақстандағы өндірушілердің барлығының жалпы көлемі – шамамен 20 мың автокөлік. Автокөлік өндірісін жергіліктендіруге келсек, биыл бізде тағы бірнеше модельдің өндірісі 30 пайызға жергілікті жерге ауыстырылды», – деп баса айтты AllurGroup ДК басшысы.  Электромобильдерге кететін шығын әлдеқайда төмен Бұған дейін Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау «Қазақстанда электромобильді жергіліктендіру 50 пайызға жетуі мүмкін» деген еді. А.Раудың саланың ілгері жылжуы туралы айтқан пікіріне құлақ аспасқа болмас. «Қазақстан халқы сонда да электромобиль алуын тоқтатқан емес. Мұны көріп отырмыз: былтыр Қазақстанда жүздеген электромобиль сатып алынды. Бұл біз ойлағаннан да тез дамиды. Бұл «айфон» тәрізді: кеше ғана оны ешкім білмесе, бүгін бәрі соны алып жатқанын көресіз… Әрине, егер біз қозғалтқышты игеріп алсақ дұрыс болар еді, ол үшін бізде барлық мүмкіндік бар, онда жергіліктендіру деңгейі 50 пайыздан да жоғары болар еді. Жергіліктендіру көлік құнымен есептеледі және батарея көлік құнынан 30 пайыз», – дейді ол. Бүгінгі күні Инвестиция және даму министрлігі автокөлік құрастыру саласын дамыту мақсатында әзірлеген жол картасы  инфрақұрылымды дамытып, жаңа нысандарда қуаттау құрылғысының болуын талап етеді. «Стандарт енгізуіміз – алғашқы қадам, себебі инфрақұрылымға, түрлі розетка мен қуаттау құрылғысына және электромобильдің өзіне нақты талап қойылмайынша, күрделі жұмысты бастауға болмайды», – дейді Альберт Рау мырза. Екінші мәселе өндірістің өзіне келіп тіреледі және Қазақстанда электромобильдерді жасап шығаруда бағаны төмендету мүмкіндігіне байланысты. «Байқауымызша, батареяларды меңгеріп кетуіміз екіталай. Бұл шапшаң дамып келе жатқан сектор, бір зауыт үшін алаң таңдап жүрген кезде батареяның моделі өзгерген. Яғни, зауытты салуды үлгермей жатып, батареяның өзі ауысып кетті. Ал қозғалтқышқа келер болса, бұл өте қарапайым зат. Қазір бұл мәселені жан-жақты ойластырып жатырмыз. Бірақ осы қуаттау құрылғыларының құрылысы үшін қаржы іздеу керек. Яғни екі мәселе бар. Алғашқысы, барлық әлемдегідей стандарттар енгізу арқылы шешіледі, яғни бір автотұрақта белгілі бір мөлшерде қуаттау құрылғыларын орналастыру талап етілсе болды», – дейді Альберт Рау. Жаңа нысандардың жайы түсінікті, қуаттау құрылғыларының саны жайлы стандарттар жазылып шыққан соң, нысанның құрылысы осыған сәйкестендіріледі, алайда бұрыннан бар нысандардың жағдайы қиынырақ. Қолданыстағы ғимараттар мен кешендердің иелері жаңа клиенттерді – электромобиль жүргізушілерін тарту үшін қуаттау құрылғыларын орналастыруы мүмкін. Дәстүрлі бензинмен жүретін көліктермен салыстырғанда электромобильдерге кететін шығын әлдеқайда төмен, сондықтан болашақта оны сатып алушы адамдардың саны арта бермек. «Сенің мейманханаң бар делік, қуаттау құрылғыларын орналастырсаң да, орналастырмасаң да болады, бірақ инфрақұрылымның болғаны артық етпейді. Жалпы, біздің есептеуімізше, 1 шақырым жол жүруге кететін электр қуаты, не дегенмен, бензиннен әлдеқайда арзан. Бірақ бүгінгі күні бірдей модель электромобильдердің құны дәстүрлі автокөліктен 30-50 пайызға қымбатырақ. Бензин мен электр қуаты бағасының айырмашылығы есебінен 3-4 жылда ол есесін толтырады, алайда бүгінгі күні бұл көлікті сатып алуға кез келген адамның қалтасы көтермейді», – дейді Альберт Рау. Қазіргі кезде еліміз электромобильдерді енгізу және жасауда шетелдің, оның ішінде Еуропа мен Қытайдың тәжірибесін жан-жақты зерттеуде. «Біз тәжірибе алмасып, кеңес алатын қытайлық көлік сатып алушыларға қарымақы төлеуге көп қаражат жұмсайды. Әрине, біз бұған әлі дайын емеспіз. Қытай баға айырмашылығына көп шығындалады. Олардың айтуынша, субсидияны оларға орталық үкімет те, жергілікті билік те береді. Бізге бастапқыда, ең болмағанда, стандарттарды қабылдау қажет», – деп баса айтты вице министр. Шынтуайтында, еліміздің бұл салада жинаған тәжірибесі аз. Жыл сайын мыңдаған көлік құрастырып, тұтынушының көңілінен шығып немесе сынға ұшырап тұратын компаниялардың әлеуетімен салыстыру мүмкін емес. Мәселен, жақында ғана Оңтүстік Кореяның әкімшілік соты Nissan компаниясын Qashqai үлгісіндегі көліктерге сертификаттаудан өтілмеген құрылғы орнатқаны үшін айыптады. Яғни, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі 841 көлікке пайдаланылған газдағы азот оксидінің деңгейін төмендетіп көрсететін аппарат орнатылғанын мәлімдеді. Ал компания бұған келіспесе де, заң талабын орындауға міндетті. Айта кету керек, 2015 жылы дәл осыған ұқсас жағдайға Volkswagen концерні де тап болған. Ауаға тарайтын қалдық заттарды азайтып көрсететін құрылғы орнатқаны үшін концерн бүгінге дейін миллиардтаған айыппұл төлеп келеді. Алайда шетелдік алпауыт компаниялар қоршаған ортаның зардап шегуіне аса бас қатырғысы келмесе де, заңнамалық құжаттар кері шегінуге жол бермейді. Сәтін салса, еліміздің машина жасау, құрастыру саласына жаңа күн туады. Әрине, біздің әлеуетімізді дамыған алпауыт елдермен салыстыруға келмес. Дегенмен, бұл саладағы ұмтылыстар мен талпыныстар көңіл көншітерлік екенін жоққа шығаруға болмайды.    

Серіктес жаңалықтары