407
CPJ журналист Жанболат Мамайды босатуға шақырды
CPJ журналист Жанболат Мамайды босатуға шақырды
Халықаралық "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists - CPJ) Қазақстан билігін "қаржы жымқыру" ісі бойынша қамалған тәуелсіз, оппозициялық журналист Жанболат Мамайды босатуға шақырды..
"Қазақстан билігі бұқаралық ақпарат құралдары алаңын өзгеше ойлайтындардан тазалауды жүйелі түрде жүргізіп келді және Жанболат Мамайдың қамалуы - осы бағыттағы тағы бір қадам" деп мәлімдеді CPJ-ның Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Нина Огнянова. Оның сөзінше, Астана "Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайды дереу босатып, оны кәсіби қызметі үшін қудалауын тоқтатуы тиіс.
Үкіметтегі коррупция және басқа да қоғамдық өзекті мәселелер туралы жазып жүрген Мамай 11 ақпанда тергеу аясында екі айға қамалған. Мамайды ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері опозициялық саясаткер, "БТА банк" директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовтің ісіне қатысы бар деген күдікпен ұстаған. Тергеу органы 28 жастағы Жанболат Мамайды "БТА банктен" ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Саяси қалам. Трибуна" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.
Мамай егер күдікті деп танылса, жеті жылға дейін сотталуы мүмкін.
Бірақ Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, бұл істі өзінің журналистік қызметі мен "Саяси қалам. Трибуна" газетін жабуға бағытталған саяси астары бар әрекеті деп санайтынын мәлімдеген. Әблязов та Мамаймен ешқашан кездеспегенін айтып, жаңа айыпты "абсурд" деп атады.
Мамай қамалғанға дейін өзін әлдебіреулердің аңдитыны туралы айтқан.