– Елорданы аралау барысында «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларының құрылысымен таныстым. Олардың қуаты құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3-тен асып түседі. Бұл газ жылу станцияларын ағымдағы жылыту маусымында кезең-кезеңімен іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар мердігерге ЖЭО-3 құрылысын биыл аяқтау міндеті жүктелді. Осы шаралардың бәрі жылумен жабдықтау көлемін едәуір ұлғайтуға, сол сияқты болашақта құрылыс жұмысы жүретін аудандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді, – деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.Ал ЖЭО-3-ке тоқталар болсақ, қалаға қажетті нысанның ұзақ құрылымды екені белгілі. 2023 жылы ЖЭО-3 жұмысын іске қосу міндеті қойылды. Қуаты – 3,5-4 млн шаршы метр тұрғын үй. Жақында қала әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы жылу мәселесі туралы: «Биыл 2 газ жылу стансасы іске қосылып, өз жұмысын бастайды. Бұл 2 станция 600 гкал/сағ жылу береді. Ол жұмыстарды тамыз айында бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі биыл бітеді. Мұнда 5 қазандық қосымша 400 гкал/сағ жылу береді. Екі газ жылу стансасы мен ЖЭО-3 беретін жылу 3-4 жылға жеткілікті болады», – деген еді. Қала әкімдігі 2024 жылға қарай 300 мың тұрғын көгілдір отынмен қамтылатынын мәлімдеді. Қазір Алматы және Сарыарқа аудандары толықтай газға көшірілген. 2019 жылы басталған газдандыру жұмысы бүгінде қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Қызылордадан Астанаға тартылған құбырдың 650 шақырымы жұмыс істеп тұр.
«Оңтүстік-Шығыс» қазандығы іске қосылады

«Оңтүстік-Шығыс» қазандығы іске қосылады
Қалада жайлы өмір сүру тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің жұмысына тікелей байланысты. Астана қаласында тұрғындар санының жыл санап артуы тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының дұрыс жұмыс істеуін, қажет жағдайда жаңасын салуды талап етеді.
Былтыр «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларын 2023 жылдың жылыту маусымынан бастап іске қосу жоспарланған болатын. Биылғы жылу беру маусымының басында «Оңтүстік-Шығыс» газ қазандығы іске қосылып, үйлерге, нысандарға жылу бере бастайды. Осылайша жылумен жабдықтау көлемі едәуір артып, құрылысы қызу жүріп жатқан болашақ аудандар жылумен қамтылмақ. Ал екінші «Тұран» газ қазандығы келесі жылдың соңында тапсырылады. Оның жылу қуаты – 700 МВт, ол 8 млн шаршы метр тұрғын үйді жылыта алады. Жалпы жаңа газ жылу станцияларының қуаты ЖЭО-3 қуатынан асып түседі. Бұған дейін жылуға тек электр қуаты жұмсалса, енді іске қосылатын газ қазандықтары жұмысты жеңілдетеді әрі ресурсты үнемдейді.