287
«Әдебиет порталының» жаңа нұсқасы таныстырылды
«Әдебиет порталының» жаңа нұсқасы таныстырылды
Астана қаласындағы Назарбаев университетінің конференц залында «Әдебиет порталы» интернет-жобасы жаңа нұсқасының таныстырылымы өтті.
Іс-шарада Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушы Төлен Әбдік, ақындар Қалқаман Сарин, Қанат Омаров және басқа да өнер адамдары сөз сөйлеп, тұңғыш ғаламторлық әдеби жобаға сәттілік тіледі.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне қарасты «Қазконтент» АҚ «Әдеби порталы» — замануи ақпараттық технология жетістігін пайдалана отырып, қазақ әдебиетін насихаттау, оқырмандар мен қаламгерлер арасындағы әдеби байланысты жандандыру, түрлі шығармашылық іс-шараларды ұйымдастыру жүзеге асырып отырған Орта Азия кеңістігіндегі тұңғыш ғаламторлық бірегей әдеби жоба.
«Бұл әдеби порталдың мүмкіндігі өте көп. Технологияның соңғы мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тек жазба түрінде ғана емес, оқырмандарға аудио, бейне жазбалар арқылы да қызмет етеді. Елдің руханиятын дамытуға ат салысып жатқан мұндай порталдарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде», — дейді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.
Дәл қазір әдеби портал қорында 5 мыңға жуық электрондық кітап бар. Және тағы бір айтары, бұл порталға кез-келген ақын-жазушылар өз еңбектерін салып, әлеуметтік желі ретінде пайдаланып, өз оқырмандарымен байланыса алады.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, бүгінде әдебиет саласында жаңа таланттарды тауып, оларды қалың оқырман қауымға таныстыру жұмысын да назардан тыс қалдырмау қажет. "Біз жаңа ақпараттық теxнологияларды оқырманның әдебиетке қызығушылығын арттыруға пайдалануымыз қажет. "Әдебиет порталын" жаңғырту жұмыстары осы мақсатта жүргізіліп отыр. Аталған портал біздің ақын-жазушыларымыз бен қалың оқырманның ортасындағы алтын көпір іспетті болуы тиіс. Осы күнге дейінгі әдеби мұраларымыз осы порталға топтастырылуы қажет. Оларды жинақтаумен жұмыс бітпейді. Одан әрі әдеби шығармаларға оқырманның қызығушылығын арттырудың жаңа тәсілдері қарастырылуы қажет. Сонымен бірге жаңа таланттарды іздеп табу, оларды оқырманға таныстыру ісі де назардан тыс қалмағаны жөн", - деді министр Абаев. Шара барысында министр Дәурен Абаев өзіне ұнайтын өлеңді оқып берді.