Маңғыстаудың ботаникалық бағы

Маңғыстаудың ботаникалық бағы

Маңғыстаудың ботаникалық бағы
ашық дереккөзі
1305
Маңғыстаудың Ақтау шаһарына күндіз жолаушылап келе жатсаңыз, көзіңіз алдымен ақ айдынға түседі. Ұшақтың терезесінен сәл төмен үңілсең, көк-күмбек болып толқыған теңіз күн нұрымен астасып, жанарыңды жасқап жібереді. Сіз мінген көлік бүйірін бұлт еткізіп, тағы бір аунағанда қаланың қақ ортасынан алақанның ортасындағы ойықтай тағы бір көкті көзіңіз шалады. Бұл су емес, жасыл желек. Дәлірек айтсақ, Маңғыстаудың эксперименттік ботаникалық бағы. Бір-бірін құшақтай, жамырасып өскен ағаштар, бұта-бетегесі бар жас өскіндер аумағы атшаптырымдай жерді алып, қысы-жазы жайқалып өсіп жатыр. Білмейтін адам мұның бәрі өздігінен көктеп, өзі өсіп жатыр деп ойлауы мүмкін. Ал білетіндер, бұл бақтың бағы мен соры бес елі, талайлы тағдырына сүйсініп қарайды. Бұл бақтың тарихы тым әріде жатыр. Со­нау орыстың Петр бірінші пат­ша­сынан бастау алады. 1716 жылы патшаның бұй­рығымен Түпқараған ауданындағы Кас­пий теңізінің шығыс жағын зерттеуге князь Бекович-Черкасский Маңғыстауға (сол кезде Маңғышлақ) келеді. Сол жылы теңіздің бір бөлігі сипатталып, Маңғыстаудың жағалауы толық бейнеленген алғаш рет картасы жаса­ла­ды. Ал түбектің алғашқы флористикалық си­паттамасын 1773 жылы келген Г.Гмелин жа­сап, оны профессор Э.Эйхвальд жалғас­тырады. Бұдан кейін де ресейлік ғалымдар өлке­нің флорасын зерттеді. 1832 жылы Г.Каре­линь осындағы өсімдіктердің 280 түрін си­пат­тады. Араға 12 жыл салып, М.Иванин Қа­­­­­ратау және Ақтау аудандарында флорис­ти­калық жиындар өткізіп, алғаш рет Қарақия ойпатының өсімдіктері туралы мәлімет берді. Тағы бір 20 жылдан соң, Үстірт үстіне ке­шен­ді экспедиция ұйымдастырылып, ғалым И.Борщов өсімдіктердің схемалық сипат­та­масын берді. Ал 1847 жылы орыс геогра­фия­лық қоғамы Каспий мен Арал теңіздерінің ара­сындағы аумақты зерттеудің кешенді бағ­­дарламасымен экспедиция ұйымдас­тыр­ды. Оның құрамына атақты ғалымдар мен мамандар кірді. Экспедицияның геология, зоология мен ботаника саласында аса маңыз­ды ғылыми және тарихи орны болды. Кешегі Кеңес дәуірінде де Маңғыстаудың фло­расы мен өсімдіктерін зерттеу тоқтама­ды, ол одан әрі тереңірек және жан-жақты бол­­ды. Соның ішінде өткен ғасырдың 60-жыл­дары түбекте пайдалы қазбаларды өнер­кә­сіптік игерудің басталуына және қалалар мен ауыл­дардың пайда болуына байланысты, көгалдандыру мәселесі күн тәртібіне қойыл­ды. Биология ғылымдарының докторы В.Романовичтің жетекшілігімен Қаз ССР ҒА Ботаника институтының стационарлық экспедициясы ұйымдастырылды. Мақсат – сәндік және тұрақты өсімдіктердің ассор­тиментін таңдау, оларды көбейту, өсіру және күту агротехникасын анықтау. Бұл жұмыстар біраз­ға дейін мандымай қойды. Себебі Кав­каз­дан, Астраханнан әкелінген өсімдіктер жер­сінбей, топырақтың тұздылығынан, ыл­ғал­дың жоқтығынан, құбылмалы ауа райы­ның ке­сірінен және қатты ыстықтан жаппай өс­пей қалды. Ғалымдар екпелерді басқа жер­ден әкелу­ге болмайтындығын, оны осы жер­де өсі­ріп, қолдан будандастыру қажеттігін тү­сінді.  width=Сонымен 1961 жылы Ақтау қаласының маңынан 6 гектар жерді алып, алғашқы ағаш тек­тес өсімдіктердің көшет жайы-питомнигі ұйымдастырылды. Онда көптеген сәндік, жеміс-жидек, жем-шөп, бақша өсімдіктері сыналды. Маңғыстау үшін ағаштар мен бұталардың 30 түрі және гүлді өсімдіктердің 25 түрі мен сұрыптары бар алғашқы көгал­дан­дыру ассортименті әзірленді. 1984 жыл­дан бастап ботаникалық бақ қазіргі жеріне – қаланың 10-шағын ауданына көшіп, қылқан жа­пырақты, жапырақты, жемісті, гүлді – сән­дік өсімдіктердің, жергілікті флора өсім­дік­терінің, көшетжайдың, ландшафтық учас­келердің жаңа коллекциялары жасалды. 1989 жылдан бастап, дәстүрлі жұмыстармен қа­тар, Батыс Қазақстанның құрғақ жағ­дайын­да бау-бақша құрылысы мен ланд­шаф­тық ар­хи­тектураның ғылыми негіздерін әзірлеу бойын­ша зерттеулер жүргізіле бас­та­ды және бау-бақша құрылысында пайдалану үшін перс­­пективалы өсімдіктерді эколо­гия­лық-био­­логиялық зерттеу және оларды өсіру мен кү­тіп-ұстаудың агротехникасын әзірлеу жүр­гізілді. Батыс Қазақстанның құрғақ ай­ма­ғының, қалаларының, елді мекендерінің жә­не өнеркәсіптік кәсіпорындарының жасыл желектеріне зерттеу жүргізілді. Одан әрі Кеңес­тер Одағы құлап, ботаникалық бақтың та­лайлы тағдыры басталды. – Ақжүніс апа, 90-жылдары Кеңестер Ода­ғы құрдымға кетті. Жағдай қиын­дады. Қа­зір қанша жамандағанмен сол кездің, социа­листік жүйенің артық­шы­лықтары болған шығар? – Обалы не керек, Кеңестік жүйе ғылымға оң көзімен қарады ғой, қазір қолымызда не бар, бәрі де сол кезден қалған дүниелер. Қа­зір­гі ботаникалық бақтың жобасын сол кез­дегі ленинградтық ғалымдар жасады. Оның ішінде 3 қабатты әкімшілік ғимарат, шаруа­шы­лық блок, оранжерея мен жылыжай ке­шені, су сақтау нысандары т.б. құрылыстар са­лынуы керек болатын. Одақ құлаған соң, ол жұмыстардың барлығы адыра қалды. Ол кезде қаражат жақсы бөлінді. Үкіметтің ше­шімінде мекеменің бүкіл шаруашылық-қар­жылық мәселесі шешіліп, тіптен ғалымдарға үй алып беруге дейін жазылып, қатталып келетін. Оның бәрі көзден бұл-бұл ұшты. Ең сора­қысы – 2003 жылы біздің біраз жерімізді жер­гілікті әкімшілік тартып алды. – Осы жөнінде таратып айтып бе­ріңіз­ші? – Ол кезде қала әкімі С.Оспанов, ал облыс бас­шысы Б.Палымбетов болатын. Өзіңіз білесіз, Кеңестер кезінде барлық жер, мүлік иесі – Мемлекеттің меншігінде болды ғой, сон­дықтан Бақтың жер иесі туралы мемле­кет­тік актісі, барлық құжаттары болмады. Тіп­тен техникалық төл құжаты да жоқ еді. 1989-90-жылдары Одақ біздің барлық дү­ние-мүлкімізді Қазақ Үкіметіне қайтарып берді ғой, кейін оның бәрін аяғымнан тозып, 5-6 жылдың ішінде қаншама айқай-шумен жүріп, өзім жасаттым. Осы жағдайды пайда­ла­нып, билік мемлекетке қажет деп, біздің 16,06 га жерімізге ауыз салды. Оның 5,0 га же­рін Ақтау қаласы әкімінің шешімімен ден­саулықты сауықтыру кешенін саламыз деп, «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-на, 8 гектар жерді «Ақтау-Сервис» ЖШС-не коммерциялық тұр­ғын үй салады деген желеумен беріп жіберді. Ал қалған 3,16 га жерді қалалық әкімшілік резервке алып қалды. Біздің сол кездегі тікелей жоғары уәкілетті органымыз «Биологиялық зерт­теу орталығы» РМК, оның басшысы А.Сада­нов мырза Б.Палымбетовке, кейін әкім болған Қ.Көшербаевқа ботаникалық бақтың тер­риториялық тұтастығын бұзбау жайында он­даған өтініш хаттар жазды, ҚР Прези­ден­тінің 2004 жылы шыққан «ҚР аумағында біре­гей және сирек кездесетін ландшафттарды сақ­тау жөніндегі шаралар туралы» тапсыр­ма­сын да алға тартты. Алайда көпке дейін нә­ти­же болмады. Тек 2006 жылы ғана сол кезде өңір басшысы Қ.Көшербаевтың тікелей ара­ласып, хат жазуымен Білім және ғылым ми­нистрлігі арнайы комиссия құрып, тексеру жүр­гізді. Бағымыз бар екен, 2006 жылы комис­сия­ның шешімімен қала әкімінің шешіміне өз­герістер енгізіліп, қалған 3 га жерімізді қай­тып алатын болдық. Жоғарыда аты аталған қос мекеме біздің бұзылған қоршауымызды жөн­деп, барлық инфрақұрылымдарды қал­пына келтіріп, шеккен зиянымызды қай­тарып бермек. Өкініштісі, арада біраз жылдар өтті ғой, тұрғын үй салынатын 13 гектардай жері­мізді қайтара ала алмадық. Есесіне, Ақтау қаласының 34 «А» шағын ауданынан әкімші­лік 14,06 га жерді өтемақы есебінде бөліп бере­тін болды. – Қос әкімнің кесірінен ай-күннің аманында ботаникалық бақ құрдымға кете жаздапты ғой?.. – Иә. Барымызды таба алмай, жоғымызды тү­ген­дей алмай жүргенде бұл бізге қатты соқ­қы болды. Бірақ бұл жағдайға мен сол кез­дегі қала әкімі Серік Оспановты кінәлай ал­маймын, жоғарыдан бұйрық берді, соны орын­даған болар. Оның Ақтау десе шығарда жа­ны бөлек, дұрыс азамат деп ойлаймын. Сонымен сол кезде Астанадан келген Үкіметтік комиссияны өзім алып жүріп, бақты аралаттым. Жағдайымыз шын мә­нінде мүшкіл еді. Қаражат дұрыс бөлін­бейді, бөлінгеннің өзі тым мардымсыз. Бақ­тың қоршауы шұрқ тесік, қоқыс деген қаптап жатыр. Тұрғындар келесі шағын ауданға бару үшін бақты кесіп өтетін, төте жол қылып алған, кейбір жерлер алқаштар мен нарко­ман­дардың түнемелік орнына айналған. Бетімнен отым шығып қатты ұялдым. Біле білсеңіз, ботаникалық бақ, ол – дүние жү­зінің гендік қорынан өсімдіктерді шоғыр­ландырып, оны жинақтайды. Біз 1992 жылы Рио де Жанейро қаласында Ел Президентімен ратификацияланған Конвенция «Биоалуан түрлілікті сақтау» халықаралық құжат көрсе­тілген Миссияны орындаймыз. Мынандай сөз бар, «Егер сіз биоәртектілікті сақтауды біл­­­­месеңіз, оны сақтамау керек деген сөз емес» деген. Жалпақ тілмен айтқанда, заңды біл­меу, қылмыстық жауапкершіліктен құт­қармайды. Яғни, дүниежүзілік конвенция бойын­ша, сіз аса сирек кездесетін немесе жоға­лып бара жатқан өсімдіктерді қасақана құр­татын болсаңыз, онда әкімшілік, керек бол­са, қылмыстық іс қозғалып, жауапкерші­лікке тартыласыз. Бірақ бұған сол кездегі әкім-қаралар пыс­қырып та қараған жоқ. Қаланың орта­сын­дағы, теңіз жағалауындағы көрнекті, шұрай­лы деген жерлерді шүлен таратқандай та­рат­ты, сатты. Әйтеуір білгендерін істеді. Бұл бақ күні кешеге дейін биліктің көзқұртына ай­нал­ды, кім келсе де бізге бір сүйкенбей кет­пей­ді. Жұмысымызға тосқауыл болып, аш қал­ған кезіміз де болды. Бірақ «Аққа Құдай жақ» деген, өзіміз өсіріп жатқан өсімдіктеріміз сияқ­ты таласа, тырмысып, өсіп-өніп келе жа­тырмыз.  width=– Сонымен ұзақ айтыс-тартыстан соң, ботаникалық бақ 2005 жылы «Ерек­ше қорғалатын табиғи аумақтар» заңы­на енді. Үкімет бекітіп берді. Сіздердің ар­қаларыңызда біраз мекемелер де осы заңға еніп, қорғалатын болғанынан да хабардармыз. Жағдай өзгерді ме? – Бұл шаруа да біраз шу шығарды. Бір жа­­­ғынан жергілікті әкімшілік жерімізден айы­рылып қалатын болдық деп байбалам сал­са, бір жағынан «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ жә­не «Ақтау-Сервис» ЖШС бізден алған жер­г­е тезірек құрылыс жұмыстарын жүргізуге жан­таласты. Қоршауымызды бұзып, өсіп тұр­ған терек, талдарымызды тамырымен қо­па­рып, қаншама қиыншылықпен өсірген өсім­діктерді трактордың шынжыр табаны­мен таптауға көшті. «Жер бетіндегі жауыздық мұндай болмас, тірі ағашқа балта сермеген оң­бас» деп, бәрін бір Құдайға тапсырдық. Қо­лы­мыздан басқа не келеді?! Көз жасы­мызды көлдете жүріп, түнімен ұйқы көрмей ұжым болып, тірі қалған өсімдіктерімізді жинап алдық. Ол енді ұзақ әңгіме. – Жалпы, ботаникалық бақ қай ми­нистр­лікке қарайды? – Біз өмір бойы еліміздің Білім және ғы­лым министрлігіне бағынышты болып келе­міз. Кей жылдары ақша жоқ деп, тәуелсіз мем­лекеттік кә­сіпорыннан филиалға айнал­дық, 6-7 рет қайта құрылымдаудан өттік. Өйткені бота­ни­калық бақ іргелі, қолданбалы ғы­лымды жа­сай­ды. Біз бір жақтан бірнеше өсім­дікті әкеліп еге салмаймыз, оны Маң­ғыс­таудың топырағына жерсіндіру үшін барлық билогиялық, экологиялық, географиялық қасиеттерін зерттейміз, сарапқа саламыз, салыс­тырамыз. Оған ондаған жыл уақыт кетеді. Кейбір өсімдіктер мұнда қанша ексең де өспейді. Ауа райы, топырақтың ылғалдығы, күннің сәулесі кері әсер беруі мүмкін. Мы­салы, қазір субтропикалық өсімдіктерді әке­ліп жатырмыз.Тауға өрмелеп, күнге ұмты­латын өсімдіктерді алып келеміз. Олар бізге оңай бейімделеді. – Қазір жағдайларыңыз түзелген бо­лар? – Шүкіршілік. Қаланың жаңа ауданынан жо­ғарыдағы комиссияның шешімімен 10 га жерге жаңадан бақ жасадық. Бұл жерге кіші жа­пон, қытай, европалық және ислам бағын жа­сағымыз келеді. Жобамыз әзір. Облыс бас­шысы Н.Ноғаев ғылымның өлкеміздің да­муын­да ерекше рөлін, оның үстінде көгал­дандыру процесінде маңыздылығын ескере отырып, ботаникалық баққа барлық жағынан қолдау көрсетіп отыр. Тағы бір арманымыз – Маңғыстаудың флорасын жасап, ғылыми туынды қылып басып шығару. Ол үшін 2004 жылдан бері еңбектеніп келе жатырмыз. Жағдайымыз осылайша түзеліп келе жатыр. Көптеген жаңа ғылыми жо­ба­ларымыз бар, оның шет жағасын қолға алып, нәтижесін көріп жатырмыз. Жас ға­лым­дарды дайындаймыз. Бақтың 29 гектар жеріндегі негізгі ғылыми өсімдіктер коллек­циясы толығымен жасақталды, ғимаратымыз күр­делі жөндеуден өтті. Соңғы 3 жылда ар­найы бағдарламамен бөлінген қаражатқа сәйкес, биотехнология, өсімдіктер физио­ло­гиясы мен биохимия зертханасы жасақталып, ол заманауи құрал-жабдықтармен қамтама­сыз етілді. Жоғарыда атап өткен қаланың 34 «А» ша­ғын ауданындағы 10 га жердегі ботани­ка­лық бақ территориясы толық игерілді. Туыс­тық комплексте өсімдіктер коллекциясы жа­салынды, жаңа ғимарат салынып, онда гер­барий және тұқым қорын сақтайтын зерт­хана заманға сай ғылыми құрал-жаб­дық­тармен қамтылды. Бүгінгі күні гербарий қорын­да 6000-нан астам үлгілер бар, GBIF және Index Herbariorum (MANG) халықара­лық жүйелерінде тіркеліп, акроним алды. Гербарий қорын цифрлық форматқа көшу жұмысы жасалып жатыр Жалақысының аздығына қарамай осын­да 100-ден астам адам жұмыс істеп жа­тыр. Оның 37-сі ғылыми қызметкер, 40-тан астам жұмысшымыз бар. – Айтыңызшы, қазір ботаникалық бақ Ақ­тау қаласын, жалпы Маңғыстау өңірін көк желекпен қамтамасыз етуге қаншалықты қауқарлы? – Жалпы, жылына 5 мыңның үстінде қыл­қан жапырақты, 10 мың үстінде жапы­рақ­ты ағаш тектес өсімдіктерді дайындайды, табиғи фло­ра­­дан 8 мыңдай сексеуіл, жыңғыл, 3 мың­нан астам раушан өсімдігін, 2 мыңдай де­кора­тив­ті бұталар, 3 мыңнан астам көп­жыл­дық де­­­коративті шөптесін гүлді өсімдік­терді дайын­даймыз. Алдын ала тапсырыс болса, одан көп дайын­­дауға болады. Тапсырыс болмаса дайын­даған көшеттерді сақтау, күту әрі қарай өсіру қиындық туғызады. Сондық­тан бізбен бәсекеге түсетін бұл жерде, жалпы Қазақстан­ның батыс өңірінде кәсіпорын жоқ деуге болады. – Әңгімеңізге рахмет! Өсіп-өне бе­ріңіз­­дер!

Сағындық РЗАХМЕТОВ, Ақтау қаласы

Серіктес жаңалықтары