Былтыр Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім басшысы Сергей Ильиных психикалық денсаулық орталығында 1 195 адам есірткіге тәуелді ретінде тіркеуде тұрғанын айтқан болатын. Оның алтауы кәмелеттік жасқа толмаған. Бұл тек ресми статистика. Ал шын тәуелділер санын білу үшін осы санды 5-ке көбейту керек дейді мамандар.
Соңғы 3 жылда есірткіге тәуелді жастардың саны екі жарым есеге артқан. Яғни, олардың орташа жасы тез жасарып бара жатыр. Оның бір себебі – жасөспірімдер үшін синтетикалық есірткілер арзан әрі қолжетімді. Одан бөлек 12-15 жас аралығындағы балалар әуесқой, еліктегіш, қызыққыш келеді. Кинодан көргенін өмірде қайталап істеп көруге бейім тұрады. Өзімен қатарлас немесе 3-4 жас үлкендігі барлардың «тәжірибесіне» еліктейтіні де бар. Сондай-ақ баланың бос уақытында немен айналысатынын білмеуі де нашақорлыққа ұрынуына тікелей себеп болатын фактор.
Біз ерекше атап отырған синтетикалық есірткі елімізге осыдан 10 жыл бұрын келе бастаған. Бүгінде оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы сатып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер де бар екен. Міне, есірткі есігімізді қағып тұр.
Әлем бойынша синтетикалық есірткінің аптасына 10 жаңа түрі шығарылады дейді сарапшылар. Жаңа есірткі заттары пайда болған сайын олардың әсері де күшейе береді. Жасөспірімдер оны тұрақты қолданатын болса, тұлғалық дамуы баяулайды. Мінезі өзгеріп, айналасын жек көріп, жақындарын өзіне жау санайды. Өмірге қызығушылығы төмендеп, ашушаңдыққа бой алдырады.
Синтетикалық есірткі сан алуан химиялық қоспалардан тұрады. Сондықтан оның салдары да табиғи есірткіге қарағанда әлдеқайда ауыр. Наркологтар синтетикалық есірткі адамға марихуанамен, анашамен салыстырғанда 10-15 есе қатты әсер етеді деп дабыл қағып отыр. Екінші бір қауіпті тұсы – оны алғаш тұтынғаннан-ақ адамда тәуелділік пайда болады, одан бас тарту қиынға соғады. Оны тұрақты қолданған жағдайда адамда галлюцинация болып, соңы қайғылы жағдайларға ұласып жатады. Тоқетерін айтқанда, синтетиканы қолданушылар суицид жасауға бейім.
Синтетикалық есірткіні қолданатындардың дені – өмірде өзін жалғыз сезінетіндер дейді мамандар. Жасөспірімдердің өтпелі кезеңде ата-анасымен тіл табыса алмауы, өзін түсінетін ортаны таппауы, барлық қиындықты бір сәтке ұмытқысы келуі де есірткінің шырмауына түсіреді. Яғни, синтетикалық заттар адамның уайым-қайғысынан ақша тауып, пайдаға кенелу үшін жасалады.
Ішкі істер министрлігі әрбір жетінші есірткі қылмысы интернет арқылы сатумен байланысты екенін алға тартады. Жыл басынан бері есірткі сататын 604 сайтты жапқан. Алайда олардың саны азаяр емес. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап отыр. Себебі жаңа сайт ашу көп уақыт алмайды. Ал оны анықтауға ұзақ уақыт кетеді. Ал олардың ұйымдастырушылары шетелде отырады. Негізі сайтты жабу – мәселенің себебімен емес, салдарымен күресу. Оған қоса ІІМ-нің басты мақсаты – қылмыстық қудалау, яғни жазалау шарасы болып қалды. Қорыта айтқанда, нашақорлықпен күресу шаралары біршама әлсіреген. Алдағы уақытта есірткімен күрес тәсілдерін өзгерту керек. Өйткені бүгінгі жастарға ескі әдістер әсер етпейді. Заңсыздықты тоқтату үшін заманауи ақпараттық-бағдарламалық жабдықтар қажет. Бұл орайда уәкілетті органдардың құзыреті мен мәртебесін арттырып, материалдық-техникалық жағдайын жақсарту маңызды.

Серікгүл САЛИ,
психолог-психотерапевт:
Есірткі баланың дамуын тежейді
– Бала өмірге келген кезінен бастап оның ішкі жан дүниесі сезімге толуы керек. Бұл баланың ата-анасы арқылы жасалады. Егер ата-ана баланың ішін қажетті сезіммен толтырмаса, бала осы сезімді іздеп кез келген нәрсеге тап болады. Ол есірткі, құмар ойын, ішімдік, темекі болуы мүмкін. Яғни, бала жайдан-жай есірткіге құмартпайды.Табиғатта ешбір жануар баласын тәрбиелемейді. Олар өз бетімен жүріп, тіршілік ете бастайды. Өйткені оларға тіршілікке қажетті барлық нәрсе ген арқылы беріледі. Ал адам баласына ол психика арқылы беріледі. Психика дегеніміз – сана мен сезім. Сана мен сезім адаммен қарым-қатынас арқылы, ал қарым-қатынас сөз, бейнелі образ, есту, көру арқылы қалыптасады. Сондықтан адам өз баласын міндетті түрде тәрбиелеу керек. Отбасы, ата-анадан кейін барып бала тәрбиесіне оның ортасы әсер етеді. Яғни, баланың әлеуметтенуі, тағдырының қалыптасуы ортасына да байланысты. Біздің ата-аналар өте көп жағдайда баласының қандай ортада жүргеніне аса көп мән бермейді. Мысалы, сіз нашақорлар жиі шоғырланған ауданда тұрсаңыз, балаңыздың ішкі жан дүниесін қажетті сезімге толтырсаңыз да оны нашақордың тағдыры күтіп тұруы мүмкін. Өйткені мұндай ортада өскен балаға бұл қалыпты болып көрінеді.Әдетте, оқушылар алғаш рет есірткімен 13-14 жасында «танысады». Бұл жастан ерте қолданатындар өте сирек кездеседі. Есірткінің ең басты қаупі – баланың дамуын тежеуінде. Әр адам бала кезінен тек қана психо-сексуалды түрде дамуы керек. Дамудың бұл сатысы 21-22 жаста аяқталып, ары қарай адамның өзін танып, тұлға ретінде қалыптасып, өмірден орнын табатын уақыты келеді. Дәл осы кезде адам тоқырауға ұшырайды, психикасы өзгереді. Айналада болып жатқан оқиғаларға селқос қарайды, өмірінің мәнін жоғалтып, әрдайым қуыстанып, көпшілік ортадан қашып жүреді. Яғни, адам қоғамның толыққанды мүшесі бола алмайды.Жалпы, нашақорлар тәуелділіктен арылған соң 1 жылдан кейін қалыпқа келе бастайды. Бұл процесс 3-4 жылға дейін созылады. Ал есірткіге тәуелділіктен емделген адамның қайта сол жолға түсіп кетпеуіне ешқандай кепілдік жоқ. Кепілдік тек қана оның күнінің дұрыс өтуінде. Әдетте, біз емделушілердің қолына бір күндік режимін қалай өткізуі керектігі туралы нұсқаулық жазып береміз. Сол нұсқаулықты бұлжытпай орындағандар ғана бұл тәуелділіктен арылады.

Рысжан ШАМҰРАТОВА,
Астана қаласындағы
№2 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры:
Баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру керек
– Қандай өсімдік ексеңіз де ол күнге зәру, оның жүрегі саналатын тамыры қашанда ылғалға мұқтаж. Бала да сол сияқты. Қаралмаған гүл солып жоқ болатыны секілді, қаралмаған бала, бақылаудан, көз алдыңыздан алыстаған, мейірімге бөленбеген бала да сола бастайды. Алайда бүгінгі нарық заманында ата-аналар күйбең тірлікке байланып, жағдайымды жақсартамын деп жүріп балаларына көңіл бөле алмай жатыр. Баланың бос уақыты тиімді ұйымдастырылмаса, ол басқа нәрселермен айналыса бастайды. Сондықтан да баланы қосымша білім беру орталықтарына, өнерге, шығармашылыққа, бейініне қарай білімін жетілдіру курстарына беру маңызды. Бала – әр отбасының инвестициясы. Оның болашағы отбасынан алған тәрбиесіне байланысты.Мен білімнен бұрын тәрбие ісіне көп көңіл бөлемін. Себебі білімге ұмтылатын, ұстазға құрмет көрсетіп, олардың берген білімін дұрыс қабылдайтын – тәрбиелі балалар. Сондықтан да мектепке енді келген баланың отбасымен дұрыс қарым-қатынас жасай отырып, зерттеп аламыз. Бұл кезде мектеп психологының жұмысы маңызды. Тәрбие бөлімінің мамандарын жинап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, баланы назарда ұстауды тапсырамын. Себебі жаңа ортаға келген балада бейімделу процесі басталады. Ортаға тез үйренісу үшін сынып жетекшісі тәрбие сағаттарын өткізе отырып, бәрін бір үйдің баласындай тәрбиелейді. Соның арқасында балалар бір-біріне бауыр ретінде қарайды. Біздің мектеп интернат болғандықтан келген балаларды өзекке тебу болмайды. Үйдің іргетасы қаншалықты қалың әрі сапалы құйылса, соншалықты ұзаққа шыдамды. Сол секілді бала мектеп қабырғасына келген сәттен дұрыс дағды қалыптастыру мектеп ұжымына байланысты. Баланың бойына білім алуға керек дағдыларды қалыптастыра алсаңыз, келесі оқу жылы жұмысыңыз жеңілдей түседі. Біздің мектеп осы ұстанымды басшылыққа алады. Балаларға темекі шекпек түгілі, бір-біріне жаман сөз айтуға болмайды.Мектебімізде құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссия бар. Ол комиссияны мектеп басшысы бұйрықпен бекітеді. Ол жерге сынып жетекші не тәрбиешілерден түскен шағымдар бойынша баланың мәселесі ата-анасының қатысуымен комиссияда қаралады. Сол отырыста хаттама жасалып, баланың тәртібі немесе құқықбұзушылық жұмыстарына жан-жақты түсінік жұмыстары жүргізіледі. Баламен мектеп психологы жеке жұмыс істейді. Арнайы сауалнама жүргізіліп, баланың не себепті тәуекелге барғанын анықтайды. Біздің мектепте мұндай келеңсіздікке дейін баратын балалар аз. Егер анықталса, сол бойда ата-анасын шақыртып шара қолдануды қолға аламыз. Ата-анасымен келісіп бір апта телефоннан алшақтату, күнделікті психологтың бақылауы, бір апта интернаттан сыртқа (курсқа, қосымша білім алуға т.с.с) шығармау секілді шаралар қолданылады. Баламен құқықбұзушылық туралы сөз қозғайтын уақытта қасында ата-анасының болғанын талап етемін. Себебі ата-ана бәрін көруі, тыңдауы тиіс.Қазір мектебімізде тәртібі жағынан қиындық туғызатын, темекі шегетін, есірткі пайдаланатын, ішімдік ішетін балалар жоқ. Себебі өзімнің қолдауыммен үздіксіз, тынымсыз жұмыс жасалып жатыр. Мектеп пен ата-ана арасында тығыз байланыс болғанда ғана бала тәрбиесі дұрыс жолға қойылады. Баланың бос уақытын тиімді пайдалансақ, ол басқа нәрсеге алаңдамайды. Тәрбие ісі өз қолымызда. Бала ішімдік ішсе, темекі тартса, есірткі қолданса, кінә – өзімізден. Демек, жөн сілтемедік, үлгі бола алмадық, мейіріммен қарамадық, салғырттық таныттық. Ол ата-ана, ұстаз, сынып жетекші, психолог болуы мүмкін. Бала тәрбиесіне бәріміз жауаптымыз.

Әлфараби АЙМАҚ,
Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы NEET санатындағы жастармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы:
Синтетика қолжетімді болып тұр...
– Кейінгі кезде синтетикалық есірткі заттарының интернетте кеңінен таралуына байланысты жасөспірімдер арасында есірткі қолданушылар саны арта түсті. Бұл интернетте, сайттарда сүзгінің болмауынан. Тағы бір себебі – олардың қолжетімділігінде. Одан бөлек, ата-ананың өз баласының өміріне, қызығушылықтарына, әуестіктеріне, қоршаған ортасына араласуы, қызығушылық танытуы төмендеген. Мәселен, мектептерде ай сайынғы өткізілетін ата-аналар жиналысында есірткінің, электронды темекілердің зияны және оларды алдын-алу шаралары айтылып, түсіндіріледі. Оған қоса Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнаулы лекциялар оқиды. Дегенмен ата-аналардың біреуінің, кейде тіпті екеуінің бірдей келмеуінен алдын алу шаралары іске аспай жатады. Көбіне ата-ана баласының есірткіге елітіп жүргенінен бейхабар болып шығады. Осылайша, уақыт өткізіп, опық жеп қалады.Есірткіге қарсы күрес бойынша «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы дәстүрлі түрде Esirtkige jol joq жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба барысында оқушылар арасында қызығушылық танытатын іс-шара – бейнероликтер байқауы. Бұл байқаудың негізгі мақсаты ретінде бейнелеу өнерін жетілдіру арқылы азаматтық белсенділікті қалыптастыру және тәрбиелеу, сонымен қатар білім алушылардың бастамаларын дамыту, қолдау, есірткіге тәуелділіктің салдары туралы хабардар ету.Одан бөлек, жыл сайын қаланың ойын-сауық орталықтарында «Дейін және кейін» форматындағы фото-көрме ұйымдастырылады. Кез келген адам серуендеп жүріп, психоактивті заттар мен есірткінің адам ағзасына қалай әсер ететінін көрнекі түрде көре алады.Esirtkige jol joq жобасы аясында жыл басынан бері Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қатысты іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен, «СоцKZ» әлеуметтік қоғамдық қорымен, сондай-ақ «Астана жастары» ЖРО еріктілерімен бірге рейдке шығып, есірткі сату туралы мәліметтері бар қабырғаларды боядық.Алдағы уақытта «Аружан» ойын-сауық орталығында «Дейін және кейін» форматында фото-көрме ұйымдастырылады. Мамыр-маусым-шілде айларында орта арнайы оқу орындары және ЖОО студенттері үшін, сондай-ақ жастардың белсенді бөлігі үшін коворкинг орталықтары мен ЖОО-да психологтардың қатысуымен 10 тренинг өткізу жоспарлануда. Бұдан басқа арнайы рейдтер ұйымдастырылады. Еріктілермен бірге халық көп жиналатын орындарда нашақорлықтың алдын алу бойынша ақпараттық буклеттер таратылады.26 маусым – халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні. Осыған орай бейнелеу өнерін ұйымдастыруды жетілдіру жолымен салауатты өмір салтын қалыптастыруға, нашақорлықтың алдын алуға, азаматтық белсенділікті қалыптастыруға бағытталған сурет салу бойынша бейнероликтер конкурсын өткізу жоспарлануда.Есірткі құралдарын тұтынуға теріс көзқарасты тәрбиелеу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 2023 жылдың 1 шілдесінде интернет желісінде «Астана – есірткісіз қала» спорттық челленджі басталады. Ал 2023 жылдың 6 шілдесінде Instagram алаңында БАҚ журналистері арасында 5 номинация бойынша конкурс өткізіледі.

Нұрлан ТҰРСЫНБЕКОВ,
Komek Center оңалту орталығының жетекшісі, клиникалық психолог:
Емнің бағасы тәулігіне 10 мың теңге
Қазақстан заңдарына және психологтар этикасының талаптарына сай, ата-аналардың нотариалды түрде келісімімен, Komek Center оңалту орталығы тек 16 жастан бастап емге қабылдайды. Жылына 4-5 жасөспірім оңалту терапиясын толық өтеді.Komek Center оңалту орталығында терапия тек кешенді түрде өтеді. Яғни, жасөспірім тұрақты нәтижеге қол жеткізуі үшін өзінен басқа ата-анасымен де жұмыс жасалады. Соның ішінде топтық психотерапия, жеке психотерапия, отбасылық психотерапия түрлері қолданылады.Жалпы, Халықаралық аурулар тізімі бойынша нашақорлық – созылмалы ауру. Ол дегеніміз есірткіге тәуелді адам өмір бойына тәуелді болып қалады. Яғни, ондай адам әр сәтте рецедив болудың қауіпті шекарасында жүреді.Біздің оңалту орталығының ішкі статистикасы бойынша оңалту бағдарламасын өткен 10 адамның екеуі келесі 6 айда рецедивке ұшырайды. Себебі мамандардың ұсынысын толық орындамағандықтан, дертіне немқұрайлы қарағандықтан қайтадан есірткіге тәуелді бола бастайды.Komek Center оңалту орталығының бағдарламасы 3 айдан 6 айға дейін созылады. Әр жағдайға қарап, емделушінің дертінің тереңдігіне қарай дәрігер тұлғаға жеке терапия ұсынады. Емдеу кей жағдайда квота арқылы тегін жасалады. Ал ақылы емнің бағасы тәулігіне 10 мың теңге.Егерде баланың өмірінде есірткі пайда болса, ата-ана балаға қатаң шара қолданудан сақтанғаны дұрыс. Сосын арнайы мамандардың кеңесіне жүгінген абзал. Олар ең тиімді және қауіпсіз шешім жолдарын ұсынады.