ҚОШ БОЛ, УНИВЕРСИАДА!

ҚОШ БОЛ, УНИВЕРСИАДА!

ҚОШ БОЛ, УНИВЕРСИАДА!
ашық дереккөзі

Алматыны екі апта бойы жастық пен достықтың мерекесіне  айналдырған 28-ші қысқы Универсиада ойындары да өз мәресіне жетті. Бұл күндері әсем Алатаудың баурайы спортшылар мен жанкүйерлерден ескен ерекше рух пен жігерге толы болды. Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) қамқорлығымен өткізілетін студенттер арасындағы халықаралық спорт жарысының жабылу салтанаты да өз деңгейінде өтті. Шараға ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті (FISU) Олег Матыцин, сондай-ақ Красноярск қаласының мэрі Эдхам Акбулатов қатысты. Туған жерімізде өткен дүбірлі доданың нәтижесі де қуантарлық. Қазақстанның қоржынында 11 алтын, 8 күміс, 16 қола  бар. Командалық есеп бойынша екінші орынға табан тіреді. Бұл – біздің құрама алдыңғы жарыстардағы рекордын жаңартты деген сөз. Себебі, Қазақстан құрамасы 2015 жылы Испанияның Гранада қаласында өткен жарыста 11 медальға қол жеткізген еді. Ал бірінші орынды Ресей, үшінші орынды Корея, төртінші орынды Жапония елінің спортшылары бөлісті. «Алматы Арена» мұз сарайында өткен салтанатты шара фолк, этно және рок жанрлары араласқан «Ұлы дала сырлары» атты музыкалық қойылыммен ашылды. Дәстүрлі әнші Ардақ Балажанованың орындауындағы халық әні «Ұлытау» тобының рок-әуені, Жәмила Серкебаева және 150 барабаншының ойыны арқасында жаңа музыкалық реңге бөленді. Бұдан соң спортшылар шеруіне 57 елдің туын көтеріп шыққан 2 мыңнан аса спортшы қатысты. Мыңдаған көрермен спорт думанының нағыз батырларын, соның ішінде қазақстандық спортшыларды мерекелік көңіл-күймен қарсы алды. Спорт мерекесінің жабылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев: «Қадірлі, спортсүйер қауым! Мыңжылдық тарихы бар Алматы екі апта бойы спортсүйер қауымының көз тартар орталығына айналды. Осы уақыт ішінде бүкіл әлем Қазақстанды, Қазақстан әлемді жаңа қырынан таныды. Халықаралық қауымдастық халқымыздың тамыры терең мәдениеті мен қанына біткен қонақжайлылығын, үздіксіз даму мен әлемдік бәсекелестіктегі орнын білді. Алматы универсиадасы әлем спортының тарихына өзіндік ізін қалдырды. Дүбірлі доданың салтанатты ашылу рәсімінде Елбасы Н.Назарбаев: «Спорт – бейбітшілік пен татулықтың, ынтымақтастық пен тілектестіктің символы. Жер-жаһан көз тіккен бұл Универсиада нағыз жастық жігерінің аламаны, жарқын жеңістердің бастауы, болашақ олимпиада чемпиондарының мектебі» деген болатын», – деп бір серпілтіп тастады. Ал Красноярск қаласының мэрі Эдхам Акбулатов мырза Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырзадан Халықаралық студенттік спорт  федерациясының туын қабылдап, 2019 жылы Универсиаданы қабылдайтын Красноярск қаласының бас белгісін таныстырып, сондай-ақ қаланың тарихы мен мәдениетінің ең жарқын оқиғалары туралы тілге тиек етті. «Красноярск те Универсиаданы лайықты деңгейде өткізетін астанаға айналады деп шын үміттенемін, біз осы мақсатқа жету үшін күшімізді саламыз!», – деді өз сөзінде. – Жас спортшылардың арманына қанат бітіріп, жаңа чемпиондарды тәрбиелеп отырған Халықаралық студенттік спорт федерациясына зор алғысымды білдіремін! Шығыстың қонақжайлылығын көрсетіп, жарқын спорт жеңістеріне мұрындық болып, ұмытылмас әсер сыйлаған Алматыға рахметімді айтамын! Универсиада-2017 астанасы ілбіс сынды мықты, атақты алматылық Апорт секілді жас, қазақ кілемі секілді көркем болып есімізде мәңгі сақталмақ!», – деп түйді пікірін. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза спорт мерекесінің өз деңгейінде өткенін айта келе, 57 елден келген спортшыларға сәттілік тіледі. «Бүгін әлемдік Универсиада тарихының тағы бір маңызды парағы жабылғалы тұр. Осы жобаның өтуіне тікелей қамқор болған Елбасыға, ел Үкіметіне алғысым шексіз. Біз халқымыздың ауызбіршілігін, еліміздің әлеуетін көрсете алдық, ұйымдастырушыларға мың да бір рахмет! Барлық шараға көрерменнің аса белсенділікпен қатысып, жанкүйер болуы, жалпы халықтың ыстық ықыласы біз үшін үлкен баға. Дүбірлі доданы өткізуге тікелей атсалысқан FISU халықаралық ұйымдарының өкілдеріне, ұйымдастырушыларға, еріктілерге, жанкүйерлерге алғыс білдіреміз!», – деді. Жабылу салтанатының шарықтау шегі – FISU жалауын келесі форум астанасы  – Красноярск қаласына беру сәті болды. Салтанат пиротехникалық эффектілермен және жарық шоуымен аяқталып, концерттік бағдарламаға ұласты.