Мәжілісмен ақылы автотұрақтар санын азайтуды ұсынды
Самат Нұртаза Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады деп хабарлады turkystan.kz.
Оның айтуынша, еліміздің ірі қалаларында ақылы көлік тұрақтары қаптап кеткен.
«Бастапқыда аталған көлік тұрақтары көшелердегі көлік ретсіздігін шешуге бағытталғанымен, түптеп келгенде, мәселе шешілмеді. Керісінше, әлеуметтік наразылықтарға негіз болар сұрақтар туындап жатыр. Іс жүзінде мегаполистердегі бұл нарықты бірнеше оператор монополияландырып алған. Олар алғашында адам көп баратын орталық және іскерлік аудандарда ақылы тұрақтарды аша бастады. Алайда, 2021 жылы тек Астана қаласында ақылы тұрақтар саны 20 есеге артқан», - деді ол.
Депутат, сондай-ақ, айыппұл салу жүйесінің әділетсіздігіне тоқталды.
«Ақылы автотұрақтар үшін арнайы айыппұл түрі енгізілген және айыппұл сомасы – 10 350 теңгені құрайды. Яғни, азаматтарымыз 100 теңге төлемеген жағдайда, 10 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бұл дегеніміз, 100 есе көп. Бұл айыппұлдарды автотұрақ әкімшілері емес, Ішкі істер министрлігі алып отырады. Әкімдік пен ақылы автотұрақ операторларының өзара осындай қарама-қайшылық қатынастары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік талаптарына сай келмейді», – деді депутат.
Айтылған жағдайларға байланысты депутат ақылы автотұрақтарды көліктер ең көп жиналатын жерлерде ғана қалдырып, олардың санын қайта қарап, қысқартуды ұсынды.