Қанша қазақстандық зейнетақы жинағына баспана сатып алды?
Еліміз бойынша миллионға жуық адам зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға және емделуге пайдаланды деп хабарлады turkystan.kz.
2021 жылдың қаңтарынан бастап осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға 1 361 040 өтінішін орындады.
Отандастарымыздың уәкілетті оператор-банктерде ашылған арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,2 трлн теңгеден астам қаражат аударды.
«Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы шамамен 2,35 млн теңге. Бірегей өтініш берушілер саны – 692 936 адам. Осылайша, кейбір салымшылар (алушылар) біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үйге алу құқығын бірнеше рет пайдаланған», - делінген хабарламада.
Бұл бағытта Алматы (17,55%), Астана қалаларының (13,96%) және Маңғыстау облысының (10,31%) тұрғындары белсенді болды.
«Салымшылардың өз жинақтарын пайдаланатын мақсаттарын талдай отырып, мынадай қорытынды жасауға болады: барлық өтініштердің шамамен 36% – азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу және жеке тұрғын үй салу, өтініштердің шамамен 21% – тұрғын үй құрылыс жинақ бағдарламалары бойынша зейнетақы қаражатын салымшылардың пайдалануы үшін, өтініштердің шамамен 21% –тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру мақсатында, өтініштердің шамамен 20% – ипотекалық тұрғын үй қарызын бастапқы жарнадан қайта қаржыландыруға және толық өтеуге дейін пайдалану мақсатында жұмсалыпты», - делінген хабарламада.