578
Сырлы Сарыарқаға – 25 жыл
Сырлы Сарыарқаға – 25 жыл
1998 жылы Астана қаласында 2 аудан құрылды. Соның бірі қала тарихының бастауы саналатын Сарыарқа ауданы. Айтулы мерекеге орай Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Ширек ғасырдағы сырлы Сарыарқа» деген атпен салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты іс-шара Астана қаласы Мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовтың сөзімен басталды. Тарихи ауданның құрылғанына 25 жыл толуымен құттықтап, өзінің жылы лебізін білдірді.
– Бүгін біз үшін ерекше күн. Сарыарқа ауданының құрылғанына 25 жыл толуын атап өтудеміз. Елорданың тарихы Сарыарқадан бастау алды. Бұл біз үшін мақтаныш. Аудан өзіндік келбетін сақтай отырып, ескі мен жаңаны біріктіріп, танымастай өзгеріп, дамып келеді. Белсенді тұрғындары, білікті мамандары, керемет тарихы бар, ерекше ауданның әкімі болып қызмет ету мен үшін мақтаныш және үлкен жауапкершілік. Ауданның дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосқан әрбір жанға алғыс білдіремін. Сүйікті Сарыарқамыздың туған күні құтты болсын! – деді аудан әкімі Бауыржан Ералы өзінің құттықтау сөзінде.
Мерекелік іс-шараға Сарыарқа ауданын қалыптастыруға, дамуына үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер, зиялы-қауым өкілдері, депутаттар және Сарыарқа ауданының белсенді тұрғындары қатысты. Салтанатты іс-шара барысында Сарыарқа ауданының құрылуы туралы деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар екі аптаға жалғасқан «Менің сүйікті ауданым» фотобайқауының жеңімпаздары анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасты. Концертке Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы мен қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысты.
Айта кетсек, Сарыарқа ауданының құрылуы Астана тарихының бастау алатын кезеңімен тұспа-тұс келді. Әлеуметтік, экономикалық, саяси әрі тарихи маңызы бар ауданның әу бастағы ауқымы 196,62 шаршы шақырымды қамтыған еді. Алайда 2018 жылы оның бірталай бөлігі жаңадан құрылған Байқоңыр ауданына берілді. Бүгінде Сарыарқа ауданы халқының саны 350 мың адамнан асады.