Дәулетіне сәулеті сай аудан

Дәулетіне сәулеті сай аудан

Дәулетіне сәулеті сай аудан
ашық дереккөзі
390
Елордадағы Алматы ауданының құрылғанына 25 жыл толды. Мерейтойға орай Алматы ауданы әкімдігі елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында шаһар тұрғындары мен қонақтарына арнайы мерекелік концерт ұйымдастырды. Алматы ауданы – көне Ақмола мен кеңестік Целиноград тарихынан сыр шер­тетін, дәулетіне сәулеті сай аудан. Бүгінде дамуына әрбір тұрғыны үлес қосып жүрген ауданның негізі алғаш рет 1998 жылы 6 мамырда қаланған болатын. Содан бергі 25 жылда аудан адам танымастай өзгерген. Алматы ауданы бүгінде 15 471 гектар аумақты алып жатыр. Халық саны 194 мыңнан 368 мыңға дейін өскен. 2000-жылдардың басында ауданға Промышленный, Железнодорожный, Ин­тернациональный, Мичурино және Күйгенжар тұрғын алаптары қосылды. 25 жыл ішінде 520-дан астам көппәтерлі тұрғын үй, 22 жалпы білім беретін мек­теп, 18 мемлекеттік балабақша, 3 жаңа емхана, 4 аурухана пайдалануға беріл­ді, 14 аула клубы ашылды. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Бейбітшілік және келісім са­райы, Тәуелсіздік сарайы, Оқушылар сарайы, Қазақ драма театры, Достық үйі, «Қа­зақ Елі», «Отан қорғаушылар» монументтері, «Бейбітшілік» қабырғасы, «Нұр­лы жол» теміржол вокзалы сияқты көрнекті нысандар салынды. – 2008 жылы аудан аумағының бір бөлігі Есіл ауданына, ал 2018 жылы Бай­қоңыр ауданына берілді. Сондықтан бұл тарихи, қасиетті аудан. Ауданда 900-ден астам көпқабатты тұрғын үй болса, соның 120-сы соңғы бес жылда салынды. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Әлі де біз елордамызды, ауданымызды дамытуға үл­кен үлес қосамыз деген үміттеміз, – деді аудан әкімі Мақсат Саматұлы өзінің құт­тықтау сөзінде. 25 жыл уақыт аралығында Әл-Фараби, Күйші Дина, Жамбыл Жабаев, Бауыр­жан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Мұстафа Кемал Ататүрік, Иван Пан­фи­лов, Александр Пушкин және Шарль Де Голль сынды 20 тарихи тұлғаға ес­керт­кіш орнатылды. Сондай-ақ саябақтар жөнделіп, субұрқақтар салынып, абаттандыру жұмыстары атқарылды. – Ширек ғасыр ішінде ауданымыз адам танымастай өзгергеніне куә болдық жә­не күннен-күнге көркейіп келеді. Алда көптеген жұмыстар күтіп тұр, ауда­ны­мызды одан әрі дамытуға бар күшімізді саламыз, – деп түйіндеді сөзін аудан әкімі. Іс-шарада ҚР еңбек сіңірген әртістері Досымжан Таңатаров, Қыдырәлі Бол­манов, Алтынай Жорабаева, Бауыржан Исаев, Нұрболат Арзамас, Ибрагим Ескен­дір сынды өнер жұлдыздары әннен шашу шашса, «Гүлдер» ансамблінің би­шілері мың бұрала би билеп, көпшіліктің көңілінен шықты. Ибрагим Ескендір өзі­нің «Алтын домбыра» жас домбырашылар ансамблімен белгілі «Көк тудың жел­бірегені» әнін шырқады. «Алтын домбыра» жас домбырашылар ансамблі күй тар­тып, жиналғандардың делебесін қоздырса, «Turan» этно-фольклорлық ан­самблі өнерімен көпшілікті таңдай қақтырды. Сонымен қатар жиналғандар әр өнерпаз сахнаға шыққан сайын аудан тарихына қатысты фильмнен үзінділер тама­шалады.

Серіктес жаңалықтары