Ардагерлер ардақталды

Ардагерлер ардақталды
Астана қаласында 9 мамыр – Жеңіс күніне орай Есіл жағалауындағы амфитеатрда «Отанға қызмет – ұлы құрмет» концерті өтті. Елорданың шығармашылық ұжымдары қалалықтарды жеңістің 78 жылдығымен құттықтап, өз өнерлерін ортаға салды.
Мерекелік концертке «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі, «НАЗ» мемлекеттік би театры, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның үрмелі оркестрі, «Терра» би театры, сондай-ақ республикалық және халықаралық вокал байқауларының жеңімпаздары өнер көрсетті.
– Концертті Астана қаласының Мәдениет басқармасы әкімдіктің өзге ведомстволық бағынысты кәсіпорындарымен бірлесіп өткізді. Концерт бірінші кезекте Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне арналған. Мерекелік іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Концертте отандық композиторлардың әндері мен соғыс жылдарындағы туындылар орындалды. Сонымен қатар М.Горький атындағы орыс драма театрының ұжымы көрермендерге театр қойылымын ұсынды», – деді Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин.
Концертке жүздеген көрермен қатысты.
– Бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Мұны өскелең ұрпақ білуі керек. Бұл жеңісті ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондықтан немерелерімді концертке алып келдім. Жеңіс күні құтты болсын!» – деді концертке қатысушы Гүлзада Есенова.
Айта кетсек, Жеңістің 78 жылдығына орай Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, әскери іс-қимылдарына қатысушыларға, Астанада тұратын тыл еңбеккерлеріне біржолғы төлем аударылады.