414
Ән әуелеген күн
Ән әуелеген күн

Биыл елорданың ашық алаңдары мен саябақтарында Отан қорғаушылар күніне орай мерекелік концерттер өтті. Соның бірі – Астана қаласы әкімдігінің «Креативті индустрияларды дамыту орталығы» ұйымдастырған «Отаным – аманатым» атты мерекелік кеші.
Бәйтерек монументінің жанындағы алаңда өткен концертте Qanay, «Заман» тобы, Дос, Ayree, Еркеш Хасен, Ғаділбек Жанай, Ибрагим Ескендір және өзге де отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
«Астанада әрбір мереке қашанда ауқымды және үлкен дайындықпен өткізіледі. Біз отбасымызбен бірге алаңға, саябақтарға шығып, көңіл көтеруге тырысамыз, мұнда ылғи да концерттер мен интерактивтер өтеді. Бүгін олар да Бәйтерек маңындағы концертке қатысты. Жұрт риза, көңіл-күйлері керемет. Елімізде бейбітшілік пен тыныштық мәңгілік болсын!» – деп тілек айтты астаналық Мәриям Нұршайыхова.
Осылайша, астаналықтардың демалыс күндері мерекелік көңіл-күймен көмкерілді. Бұл кеште заманауи әндерден бөлек, патриоттық әндер де елорда төрінде шалықтады. Мамыра-жай демалыс күндері мерекелік көңіл күймен көмкерілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі айрықша мақсаттағы күштердің сарбаздары және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ұлттық әскери-патриоттық орталығының орталық әскери үрмелі аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Оларға деген халықтың ықыласы ерекше болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейді.
– Қала тұрғындары, қонақтары ашық аспан астындағы үлкен концерттерді сағынып қалғанын байқадық. Сондықтан алдағы уақытта да осындай концерттерді өткізетін боламыз. Отан қорғаушылар күніне арналған концертті астаналықтар зор ықыласпен тамашалады, – деді Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов.
Айта кетсек, ашық аспан алаңына 5 мыңнан астам адам жиналып, өнерпаздар 4 сағатқа жуық уақыт ән мен күйге бөледі. Концерт барысында ойындар, жәрмеңкелер және конкурстар ұйымдастырылды.