50310
Атырауда журналистің көлігі өртеніп кетті
Атырауда журналистің көлігі өртеніп кетті
Атырауда журналист Виктор Сутягиннің көлігін өртеп жіберді. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Мен көлікті үйдің бұрышына қалдырып кеткен болатынмын. Сағат 00:00-де сыртқа шыққанда тыныш еді. Көршінің бейнебақылау камерасынан күдікті адамның сағат 02:24-те келгенін көруге болады. Ол көліктің капотына бірдеңе істеп жатты. Біраз уақыттан соң жарылыс болды. Күдіктінің өзі зардап шегуі мүмкін. Одан басқа ешкімге зақым келген жоқ. Жақын жерде көршілердің көліктері тұрған болатын. Алайда оларды алып үлгерді», - деді журналист.Виктор Сутягин - «ҚазАқпарат» ХАА-ның Атыраудағы меншікті тілшісі. «ҚазАқпарат» ұжымы қалалық Полиция департаментінен оқиғаға қатысты жағдайды түсіндіруді сұрады. Polisia.kz сайтының хабарлауынша, 11 мамыр күні сағат 04:21 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының автопатрульдік экипажы Наурызалиев көшесіндегі үйдің жанынан өртеніп жатқан Lexus RX-300 автокөлігін көрді.
«Оқиға орнына дереу өрт сөндіру қызметі жіберілді. Жарылыс белгілері жоқ. Оқиға орнында қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіледі. Болған оқиғаның себеп-салдарлары анықталып жатыр. Жәбірленушінің өтініші ҚК-нің 202-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген», - делінген полицияның хабарламасында.