Қаржы пирамидасына алданған Шымкент тұрғындары шу шығарды

/
Қаржы пирамидасына алданған Шымкент тұрғындары шу шығарды
ашық дереккөзі
Қаржы пирамидасына алданған Шымкент тұрғындары шу шығарды Қаржылық пирамиданың құрбаны болған шымкенттіктер сот алдына жиналды. Жұрт не үкім шығармай, не ақшаны қайтармай халықты әбден әбігерге салып жатқан фемида өкілдеріне қапалы деп хабарлады turkystan.kz otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
«Мен 3 млн салған едім. Несиені әлі төлеп жатырмын. Бір тиын үйге пайдам жоқ. Келін мен балаға жексұрын болдық», - деді жәбірленуші.
Жарнамасы жер жарған «Гарант-24» құрбандары әлі күнге дейін әділдікке жете алмай жүр. Айтуларынша, 3,5 жылдан бері сот табалдырығын тоздырып келеді. Ал сот процесі сағызша созылып жатыр дейді ашынғандар. Салдарынан алдағандардың арасында ақшасын қайтармақ былай тұрсын, отбасынан айырылып, тіпті ажал құшқан салымшылар да бар көрінеді.
«10 млн салған менің сыныптасым қайтыс болып кетті. Отбасылар ажырасып жатыр. Балалар жетім қалуда. Осы бізді алдап соққан  «Гарант 24» кесірінен», - деді жәбірленуші Әлпайым Жүнісова.
Жәбірленушілер сөзінше, қаржылық пирамидаға 2 мыңға жуық шымкенттік алданған. Ең кемі 1 млн теңге берсе, ең көбі 62 млн теңге қаржысын сеніп тапсырған. Енді бұл соманы қайтармақ түгілі, тізімнен қысқартып жатыр деді жиналғандар.
«Бірінші сот өтті. Тізімде 900 адам болды. Екінші істе 270 адамның аты ғана аталған. Соның ішінде мен де жоқпын. Көп адамдарды тізімнен алып тастаған. Менің талабым – ақшаны тезірек қайтарып берсін. 8 млн 790 мың теңге. Мен осы үшін кредит алдым. Әлі төлеп жатырмын. Тағы 2 жыл төлеймін», - деді жәбірленуші Кенжеайым Сейтметова.
Қазақстан бойынша 13 аймақтың тұрғынын тақырға отырғызған қаржылық пирамида ісі қазір Ақтөбеде қаралып жатыр. Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, үкім 5 қыркүйекте шыққан. Бірақ даулы іс аппеляцияға өткен.
«Іс бойынша 48 сотталушы. 17 268 адам жәбірленуші болып табылады. Қылмыстық іс 3 786 томнан тұрады. Іс көлеміне байланысты аталған қылмыстық іс 2023 жылдың 31 қаңтарынан бастап қазіргі уақытқа дейін аппеляциялық тәртіпте Ақтөбе облыстық сотында қаралуда», - деді Ақтөбе облыстық сотының ақпараттық бөлім басшысы Айжамал Сүндетова.
Жәбірленушілер саны қысқаруы мүмкін емес деген сот өкілдері аппеляцияның жуық арада аяқталмайтынын айтты. Ал жанайқайымызды еститін бір жан табылмады деген азаматтар енді Президентке хат жазуға ниеттеніп отыр.
Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары