50289
Корея әуежайында ұсталған екі қазақстандыққа қандай айып тағылды?
Корея әуежайында ұсталған екі қазақстандыққа қандай айып тағылды?
Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров Оңтүстік Кореяда әуежайдан қашып кеткен екі қазақстандыққа қандай айып тағылғанын айтты хабарлады turkystan.kz.
Ведомствоның ресми өкілі 24 наурызда Инчхон әуежайында қашып кеткен екі қазақстандық қазір тергеу изоляторында екенін жеткізді. Әуежайдағы төлқұжаттық бақылау кезінде Ташкент қаласынан келген Қазақстанның екі азаматына Корея Республикасына кіруге рұқат берілмеген.
«Олар түнде қашып шығып, Оңтүстік Корея аумағына заңсыз кірген. 26 наурызда олардың біреуі ұсталды. Екіншісі 29 наурызда полицейге өзі берілді. Қазіргі уақытта олардың екеуі де Инчхон қаласындағы көші-қон орталығында тергеу изоляторында отыр», - деді Айбек Смадияров.
Ведомствоның ресми өкілі Оңтүстік Корея заңнамасына сәйкес тергеу шаралары үш айға дейін созылуы мүмкін екенін айтты. Содан кейін іс прокуратураға беріледі. Тергеу құпиясына сәйкес Корея Республикасының құзырлы органдары істің егжей-тегжейін жарияламай отыр.
«Біздің ақпаратымыз бойынша, бұл азаматтарға Оңтүстік Корея заңнамасын үш рет бұзғаны үшін айып тағылып отыр. Біріншісі – иммиграциялық бақылау туралы заңды бұзу, елге заңсыз кіру. Екіншісі – иммиграциялық бақылау, ел аумағына заңсыз келу туралы заңнаманы бұзу. Үшіншісі – әуежай нысандары мен оның нысандарына қатысты заңды бұзу, материалдық шығын келтіру», - деп толықтырды ол.
Айбек Смадияровтың айтуынша, Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен және азаматтардың туыстарымен тұрақты байланыста. Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматтарының жаппай жұмыстан босатылғаны туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді.