50924
Ел алғысына бөленген етікші келіншек
Ел алғысына бөленген етікші келіншек
Етікшілік өнерді ебі барлар ғана таңдайды. Өйткені асқан шыдамдылық пен ептілікті қажет ететін бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жаңа технология дәуірінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көне кәсіпті серік еткендерді аз кездестіреміз. Бір қызығы, етікшілік ерлердің ғана ісі емес екен. Мәселен, бүгінгі кейіпкеріміз Гүлдана Хауашеваның сүйріктей саусағымен балға мен біз ұстап, маңдайтермен табыс тауып жүргеніне он жеті жыл болыпты.
Маңғыстау өңірінде туып, бүгінде Атырау облысы Мақат кентіне келін болған Гүлдана Хауашева етікшілік өнер арғы аталарынан дарығанын айтады. Бала кезден қуыршаққа қызықпаған қыздың аңсары гаражда тұрған темір-терсекке ауа беріпті. Бұған қоса, тігін машинасын іске қосып, теріден түрлі зат тігіп үйренген. Өсе келе, бұл іске деген қызығушылығы арта беріпті. Сөйтіп, 2006 жылы аяқкиім жөндеу ісін қолға алады. Алдымен отбасы мүшелерінің, көршілерінің аяқ киімін жөндейді. Ары қарай тапсырыс берушілер саны көбейген соң, шеберхана ашқан. Бастапқыда оның бұл ісіне таңданып, күдікпен қарағандар аз болмапты. Алайда жұмысына көңілі толған соң, тұрақты клиентіне айналған. Бүгінде еңбегімен ортасына сыйлы болған келіншек ауылдастарының алғысына бөленіп жүр.
«Кәсіп бастайтын кезде аздап қиындықтар болды. Желімдердің түрі, пропорциялары болады. Сосын терінің түрі көп қой. Соның ішінен сапалысын таңдай білу керек. Құрал-жабдыққа көп нәрсе байланысты. Бәрі жеткілікті болса, жұмысың жеңілдейді. Етіктен бөлек сөмке де жөндейміз, кілт жасаймыз. Кейде ат әбзелдерін алып келеді. «Жүгенін ұзартып берсеңіз, түйенің ноқтасын тігіп берсеңіз» деп өтініш айтқан соң, соны жасап береміз. Қазір малдарға, көбіне жылқыларға навигатор орнататын болған. Соған қапшық та тігіп береміз. Балаларым көмектеседі», – дейді Гүлдана Хауашева.Етікшінің шеберханасына күніне отыз адамға дейін келеді. Тек өзінің ауылдастары ғана емес, алыс-жақын ауылдардан арнайы іздеп келетіндер де бар. Әр адамның талғамы әртүрлі. Етікші клиенттеріне жоғары деңгейде қызмет көрсетіп, аяқкиімді сапалы етіп тігуге тырысады. Тігіп қана қоймай, оны қалаған түсіне бояп та береді. Гүлдана Хауашева бұл жұмысты балаларына да үйретіп, отбасылық кәсіпке айналдырыпты.
«Етікшілік – қол күші көп жұмсалатын іс. Басында теріміз жарылып кететін, қазір үйрендік. Етікші дегенде көпшілігіміздің көз алдымызға кішкентай дүңгіршекте бізбен етік тігіп отырған адам елестейтіні рас. Бірақ қазір заман өзгерген. Шеберханамызда түрлі заманауи құрал-жабдықтар, аппараттар бар. Оның көмегімен ескі етіктің өңін келтіріп жөндеуге, тар аяқкиімді кеңітуге болады. Бізге сенім артып келген адамдардың алғысын алып жүрміз. Бұл іс мені сабырлыққа, мұқият болуға, шыдамдылыққа үйретті. Жұмыста түрлі қызық оқиғалар болады. Кейде үлкен кісілер келеді. Жөндеп болған соң, аяқкиімін киіп көреді де «Ал балам, отыр» дейді. «Не айтайын деп жатыр?» деп қобалжып тұрғанда, жұмысыңа риза болып, батасын беріп жатады. Осыдан асқан қуаныш жоқ», – дейді етікші келіншек.Гүлдана Хауашеваның қолынан аяқкиім тігу де келеді. Ең бірінші жұмысы – күзгі маусымда киетін бәтеңке. Оны жолдасына арнап тіккен. Енді осы істі дамытуға бел буып отыр. Алайда етікші аяқкиімге қажетті материалдарды шетелден алдыруға мәжбүр екенін айтады.
«Италия, Түркиядай болмасақ та, отандық өндіріс ақырындап дамып келеді. Елімізде былғары өңдеу ісі қолға алынса деймін. Етікшілерге сапалы былғары қолжетімді болса, ел тұрғындары отандық өнімді қуана алар еді», – дейді ол.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ