Талантты жастар «Дала шырқауы» анимациялық туындысын жарыққа шығарды

Талантты жастар «Дала шырқауы» анимациялық туындысын жарыққа шығарды

Талантты жастар «Дала шырқауы» анимациялық туындысын жарыққа шығарды
ашық дереккөзі
50813
Жақында «Дала шырқауы» атты жаңа анимациялық туын­ды жарыққа шықты. Бұл му­льт­сериал қазақ даласын күйімен тер­беген ұлы композитор, күйші Құр­манғазы Сағырбайұлының өмі­рінде із қалдырған оқиғаларға не­гізделген. Жобаны дайындаған Tasqyn studio мамандарының ай­туын­ша, бұл – ұлттық өнерімізді ани­мация арқылы бейнелеудің ал­ғаш­қы қадамы. Жоба авторлары заман көшінен қалмай, өскелең ұрпақ пен талғампаз көрерменге мәдени мұрамызды жаңа­ша бағытта дәріптеуді жөн санағанын айтады. Жақын­да ғана бірінші бөлімі жарыққа шыққан мульт­сериалды көрермен жылы қабылдады. Жалпы, ани­мациялық сериалдың бірінші маусымы 13 бөлім­нен тұрады. Әр эпизодтың ұзақтығы – 3-5 минут. Мұ­ның артында талай маманның еңбегі жатқанын ай­та кету керек. Жалпы, жоба бойынша 9 топ жұмыс істеген. Олар: режиссерлер, суретшілер, композерлер, сце­на­рис­тер және басқалар. Сериалдағы күйлерді Құрман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар ор­кестрі­нің бас дирижері, күйші Абылай Тілепберген орын­дады.  width=Санжар ЖҮСІП, жоба авторы, арт-директор: Күйдің тарихын білуіміз керек
– Қазір көбіне тойларда күй қоятынын байқап жүрміз. Алайда кейбірі күй екенін біліп, тыңдағанмен, оның қандай күй екенінен, тарихынан бейхабар болып жатады. Сондықтан халқымыздан шыққан ең танымал күйшілердің бірі Құрманғазы бабамыздың күйлерінің тарихына байланысты туынды жасауды жөн көрдік. Жобаның бірінші маусымын аяқтадық. 13 серия­дан және 13 күйден тұратын бөлімде Құрманғазының ба­лалық шағынан қарттық кезіне дейінгі тарих баян­далады. Қазір бір серияны жарыққа шығару үшін 20 адам жұмыс істеп жатыр. Ал барлық серияны толық­тай шығаруға үш айдай уақыт кетеді. Жақында анимациялық жобамыздың тұсаукесері бол­ды. Адамдар жақсы қабылдап жатыр. Біз тек батыс дом­быра мектебін ғана емес, басқа да дүниелерді көр­сетуді жоспарлап отырмыз.
 width=  width=Мадина СУТБАЕВА, жоба продюсері: Мақсатымыз – тарихымызды, бай мәдениетімізді насихаттау
– «Дала шырқауы» жобасын жарыққа шығаруға жар­ты жылдай уақыт кетті. Жұмыс әлі де жалғасып жа­тыр. Бірінші маусымда ұлы күйші Құрманғазы ба­ба­мыз­дың күйлерінің тарихы, қалай дүниеге келгені баян­далады. Біздің мақсатымыз – тарихымызды, бай мә­дениетімізді елімізде ғана емес, одан тыс жерлерде де насихаттау. Осы арқылы қазақ халқының дәстүрін дәріп­теп, оған деген сүйіспеншілікті, патриотизмді арт­тырсақ дейміз. Күй – біздің тарихымыз. Оны біліп қана қоймай, құр­меттеп, қадірлей білуіміз қажет. Біздің студиямыз жас мамандардан құралған. Ани­мация жанрында жұмыс істейміз. Қазір «Дала шыр­қауы» жобасының екінші маусымы әзірленіп жа­тыр. Сонымен қатар халықаралық кинофестивальге елі­міздің атынан қатысатын екі қысқаметражды жо­бамыз да дайын болып қалды.
 width=  width=Абылай ТІЛЕПБЕРГЕН, күйші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері: Бұл – YouTube-тан шықпайтын балаларға арналған жаңа дүние
– Қазақ өнеріне жанашыр азаматтар өз күшімен қолға алған бұл бастамасын қуана қабылдадым. «Қазір кішкентай балалар қандай мультфильм көріп жатыр? Оның мағынасы қандай? Тәрбиелік мәні не?» деген сұраққа назар аударамыз ғой. Қарап отырсақ, барлық баланың қарайтыны – YouTube-тағы шетелдік дүниелер. Өкінішке қарай, қазақша мультфильмдер, анимациялық туындылар аз. Осы жобаны бастамас бұрын балаларға арнайы тест жасап, кез келген қазақша мультфильмді қан­ша уақыт қарайтынын тексерген едік. Сонда бай­қа­ғанымыз 3-4 минут көреді де, ары қарай YouTube-қа ауы­сады. YouTube-та кешке дейін тапжылмай отыра бере­тініне таңғалдық. Не берсең де жеп, тіпті, тамақ же­мей де отыра береді. Бұл – ойланатын нәрсе. Бұл жобаны өсіп келе жатқан ұрпақ үшін жасадық. Қа­нымыз қазақ болғандықтан домбыра, жыр, терме жа­нымызға жақын. Сонау заманнан бері қуаныш та, қай­ғы да домбыраның үнімен қабысып, шанағынан күй бо­лып төгілді. Домбыраның үнін тыңдасақ, елең ете қала­тынымыз содан болар. Қазір балаға «Мынау Құрманғазының «Адай» деген күйі. Тыңда» деп отырғызып қоя алмаймыз. Оны өз ті­лі­не сәйкес үйретуіміз керек. Оның үстіне, қазір ани­ма­ция­лық туындыны көбі жасап жатқан жоқ. Бұл – әлем бойын­ша трендтегі дүниелердің бірі. Мысалы, жапондық, әсіре­се АҚШ-тағы комикс жанрындағы анимациялық мульт­фильмдер бүкіл әлемді жаулады. Біздің де ани­ма­ция­лық кейіпкерлеріміз болуы керек. Бұл – тек басы ғана. Күй­ші­­лерден бастап жатырмыз. Оқи­­ға желісі тарихтан алын­ған, әрбір деталь, тіпті ою­ла­ры­­­ның өзі ойластырылған. Ары қарай қолдау тауып, сұра­ныс­­қа ие болса, үлкен жоба­лар­­­ды қолға аламыз деген ой бар. Мамандығым – күйші. Ко­мандамен ақылдасып, жиын өткізгеннен кейін осы жобада күй атасы Құр­ман­ғазы­ның бірқатар күйін орындап шықтым. Осы жылы Құрманғазы бабамыздың 200 жылдығы тойланады. Сондықтан бұл дер кезінде атқарылған жұмыс деп білемін. Осы жоба барысында тек қара басының қамын емес, елінің болашағын ойлайтын кәсіпкерлер аз да болса бар екеніне көзім жетті. Олар қазақ өнеріне жанашырлық та­нытып, қолдау көрсетті. Тіпті, холдингті басқарып отырған үлкен кәсіпкер болмаса да, кішігірім бизнесті жүргізіп отырған азаматтардың бұл әрекетіне сүйсіндік. Айлыққа жұмыс істеп жүрген азаматтар да көмегін аямады. Осы­лайша, мемлекеттен ештеңе сұрамай, өзіміз жасап шығар­дық. Анимация түсіру көп қаражатты талап етеді. Біз мұны пайда табу үшін емес, болашақ үшін істедік. Қазақ азаматтарының басы біріксе, тау қопаруға бо­лады екен. Біз – текті, өнерлі халықпыз. Бұл сөзімізге елі­мізді әлемге танытып жатқан Димаш дәлел. Бірлігіміз бе­кем болса, кез келген салада жетістікке жетуге болады. Бастысы, қорықпау керек. Алдағы уақытта халқымызға ортақ үлкен дүниелер жасайын деп жатырмыз.

Серіктес жаңалықтары