Нағима Байтенова: Дінге деген қасаң көзқарастан арылуға тиіспіз

Нағима Байтенова: Дінге деген қасаң көзқарастан арылуға тиіспіз

Нағима Байтенова: Дінге деген қасаң көзқарастан арылуға тиіспіз
ашық дереккөзі
680
Соңғы жылдары қазақ қоғамында дін мәселесі өзекті түйткілге айналды. Тіптен, экстремистік және террористік топтар бірнеше лаңкестік әрекеттер жасап, қайғылы оқиғалар орын алды. Мемлекеттік деңгейде лаңкестік шабуылдардан қорғану мен алдын алуға бағытталған алғашқы «қызыл» және «сары» деңгейлері жарияланды. Осы түйткілдерге қатысты, белгілі дінтанушы ғалым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Нағима Байтеновамен өткізген сұхбатымызды ұсынамыз. ‒ Нағима Жаулыбайқызы, Қазақ­стан Республикасындағы дін мен мемлекет қатынасының қазіргі үлгісіне қандай баға бересіз?  ‒ Қазақстанда дін мен мемлекет қатынасының қазіргі үлгісі ‒ біз зайырлы мемлекет қатарына қосылатындықтан, зайырлылық принципіне негізделген. Соңғы уақытқа дейін көпшіліктің санасында стереотип түрінде қалыптасып қалған зайырлылықтың атеистік түрі басымдық танытты. Шын мәнінде, зайырлылық дегеніміз мемлекет пен діннің ара-жігін айырып, әрқайсысы өз компетенциясы шеңберінде қызмет етуін білдіреді. Көпшілікке мәлім, бізде мемлекет пен діннің арақатынасын шешу мәселесі советтік дәуірден қалған принципке негізделді: Кеңестік үкіметтің алғашқы жылдары мемлекет пен дінді ажырата алды. Декретке 20-шы жылдары қол қойылуына байланысты алғашқы жылдары діннің қызмет істеу ауқымы шектелсе, зайырлылық біртіндеп дінді мүлде құрту, жою, дінсіз мемлекет, қоғам құру деген мақсатқа негізделіп, көптеген мешіт, шіркеулер құлатылды немесе оларды клуб, кейде тіпті, қойма ретінде де қолданды, ал дін қызметкерлері қудалауға ұшырады. Осындай түсініктің сарқыншақтары соңғы уақытқа дейін орын алды деп айтуға болады, кейде көпшілік арасында біз зайырлы мемлекетпіз, ешбір діни мәселелерге мемлекет қатыспауы керек деген пікірлер де естіліп жатады. Ал осы зайырлылықтың үлгісі болып табылатын Батыс елдерінде өздері үшін дәстүрлі болып табылатын дінге қолдау көрсетеді, тіпті, оны Конституцияларында бекітіп, қаржыландырып, қоғамның рухани негізін бекіту үшін олардың қызмет істеу ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Олардың негізгі шектеу мәселесі саясатқа, мемлекет ісіне тікелей қатыстырмайды, бірінің ісіне бірі араласпайды, бірақ қоғам, мемлекеттің даму барысы, тыныштығы сияқты маңызды мәселелер бойынша заң шеңберінде белгілі бір қарым-қатынастарға түсе алады. Бүгінгі күні әлемде зайырлылықтың 3 моделі бар деп айтуға болады, олар: атеистік (советтік жүйеде орын алды), сол мемлекет үшін дәстүрлі болып табылатын бір дінге ерекше жағдай жасау (Батыс Еуропа, Франция, Германия, Ұлыбритания), ол «конструктивті зайырлылық» деп, басқа діндердің де заң шеңберінде қызмет істеуіне мүмкіндік беріледі; барлық діндерге бірдей құқық беру, ол «индифферентті (бейтарапты) зайырлылық» (АҚШ) деп сипатталады. Әрине, зайырлылық біржақты айқындалған догматикалық конструкция емес. Ол нақтылы бір мемлекеттің құқықтық жүйесімен, ұлттық-мәдени дәстүрлерімен, діни бірегейлікпен және тағы басқа да факторлармен айқындалып отырады. Соңғы жылдары бізде де біртіндеп атеистік модельден бас тартып, заманауи түсінік қалыптаса бастады деп айтуға болады, бірақ дегенмен, әлі де болса осы бағытта біраз жұмыс істеу қажет. Мысалы, біз үшін дәстүрлі болып табылатын сунниттік бағыттағы ханафи мазхабының мүмкіндіктерін қоғамның рухани, моральдық негізін нығайтуда, әртүрлі теріс бағыттағы ислам атын жамылып жүрген топтармен жұмыс істеуде, олардың дұрыс жолға түсуіне көмектесуде, дұрыс ислами білім беріп тәрбиелеуде әлі де болса толыққанды қолданыс тапты деп айта алмаймыз. ‒ Өткен жылы Алматы қаласының Ішкі істер департаменті «Жаңа өмір» шіркеуінің кейбір мүшелерінен қару-жарақ тәркілегенін мәлімдеді. Сіздің ойыңызша, жалпы өздерін ізгі дін таратушысы ретінде көрсеткісі келетін  аталған ұйым қаруды неліктен сақтаған? Олар нені көздейді?  ‒ Иә, Алматы қаласының Ішкі істер департаменті «Жаңа өмір» шіркеуінің кейбір мүшелерінен қару-жарақ тәркілегенін мәлімдеген болатын. Бізде тыйым салынған экстремистік және террористік топтар қатарына бүгінгі күні 21 діни ұйымдар мен топтар жатқызылған, «Аум Синрикё», «Ата жол» тобынан басқасы исламистік бағыттағы ағымдар. Әрине, бұл ағымдарға тыйым салу уақтылы қолға алынбаған және орынды іс шара қолданылмаған. Дегенмен соңғы жылдары біздің елімізде әртүрлі экстремистік, террористік ағымдардың белсенділігінің артуына байланысты мемлекеттік ұйымдардың, көпшіліктің назары соларға ауып кетті де, біздегі деструктивті бағыттағы біраз ағымдар, соның ішінде басқа кейбір елдерде тыйым салынған діни ұйымдар назардан тыс қалып отыр. «Жаңа өмір» шіркеуінің 5 мүшесінен шіркеу пасторлары қайырымдылық арқылы түскен ірі көлемдегі қаражатты, жылжитын, жылжымайтын мүліктерді жымқырды, алаяқтықпен айналысты деп шағым түскен. Тергеу шаралары барысында 25 наурыз күні сот санкциясымен «Евангелия сеніміндегі христиандарының «Жаңа өмір» Шіркеуі» діни бірлестігінің кеңсесінде және шіркеу басшыларының үйлерінде тінту жүргізудің нәтижесінде қаржылық-экономикалық қызметке байланысты біршама құжаттар табылып, сонымен қатар тіркелмеген қару-жарақ пен оқ-дәрі табылғаны көпшілікке мәлім болды. Мемлекеттік ұйымның жедел жұмысының нәтижесінде қару-жарақ уақтылы тәркіленген. Ал олай болмаған жағдайда не болар еді?! Діни ұйымға қару-жарақтың қаншама қажеті бар? Әрине, олар не үшін тіркелмеген қару-жарақ пен оқ дәріні тығып отырғандығы туралы нақтылы айта алмаймын, бірақ қалай болғанда да бұның артында жақсылық жатпағанын айтуға болады… Кейбір мәліметтерге байланысты «Евангелия сеніміндегі христиандарының «Жаңа өмір» шіркеуі» діни бірлестігінің қызметіне байланысты тергеу іс шаралары жүргізіліп жатыр, мүмкін тергеу жұмысы аяқталып, сотқа берілгеннен кейін ғана сот үкімін шығарады, сол кезде белгілі болар деп ойлаймын. ‒ Жалпы, қалыптасқан мемлекеттік жүйені мойындамайтын діни ұйымдар қоғам үшін аса қауіпті. Біздің мемлекетте Орталық Азияда халифат орнатуды көздейтін «Хизбут тахрир әл-ислами» ұйымының қызметіне тыйым салынған. Ал ұлттық рәміздерді мойындамайтын, өз мүшелерінің Отан алдындағы парызын өтеуін қаламайтын және біртұтас Иегова патшалығын құруды көздейтін атышулы «Иегова куәгерлері» өз қызметін емін-еркін жүргізуде. Мұның сыры неде? ‒ Тек қана экстремистік, террористік топтар ғана қоғамға зиянды емес, сонымен қатар деструктивті бағыттағы әртүрлі тоталитарлық, харизматикалық бағыттар да қоғамның, мемлекеттің қауіпсіздігіне, елдің тұтастығына, қоғамда ғасырлар бойы қалыптасқан әлеуметтік институттарға, әсіресе, соның ішінде семьяның тұтастығына, салт-дәстүр, жеке тұлғаның тұтастығына, оның психикалық және физикалық, рухани денсаулығына зиян келтіретін діни ұйымдардың қызметі қауіпті болып табылады. Осындай қатардағы діни ұйымдар 2010 жылға дейін Қазақстанды толық евангелизация жасаймыз деп өз алдарына мақсат қойған болатын, бірақ ол ойлары толық іске аспағанмен, өкінішке қарай, біздің біраз қандастарымыз олардың қатарына кіріп, солардың идеологиясын белсенді түрде таратып жүргендер де бар. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс соңғы жылдары әлсіреп, олардың қызметі назардан тыс қалып отыр, болашақта ол қалай, қай жағымыздан не болып шығатыны әзірше беймәлім. Дегенмен тұрғылықты халықтың 70 пайыздан астамы мұсылман дінін ұстанатын елге олар неге қаулап келіп жатыр және де көбінесе қазақ жастарын өз қатарына неліктен тартып жатыр деген заңды сұрақ бізге де маза бермейді. Батыс елдерінің өзінде де кейбір бізде қызмет жасап жатқан діни ұйымдарға тыйым салынған. Мысалы, Францияда «Иегова куәгерлері» ресми түрде қауіпті секталар тізіміне енгізілген, АҚШ пен бірқатар Еуропа елдерінде де оны тіркеуден бас тартқан, 30 елде оның қызметіне тыйым салынған, соның ішінде Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Сауд Арабиясы, Иран, Ирак және тағы басқалары бар. «Иегова куәгерлері» сынды кейбір батыстық діни ұйымдардың біздің елімізде емін-еркін қызмет жүргізуінің бірден бір себебі бізде әлі де болса заңнамалық негіздің жеткілікті дәрежеде дамымауы, осы салада заңгер мамандардың жоқтығы, діни және дінтанулық білімнің төмендігі, патриотизм мәселесі, оның төмендігі, әлеуметтік мәселелердің толыққанды шешілмеуі. Сонымен қатар батыстық діни ұйымдарды әртүрлі деңгейдегі халықаралық батыс ұйымдарының жақтап, қорғауы, әлгіндей діни ұйымдардың мүддесін қорғайтын кәсіби заңгерлердің болуы да осындай жағдайды туындатып отыр. Мемлекет тарапынан да кейбір жағдайда тек заң шеңберінде жұмыс істеу қажеттілігіне байланысты заңдық негіздері жетілмегендіктен қолдары байлаулы болса, екінші жағынан, еліміздің имиджіне зиян келмесін, инвистициялар тоқталып қалмасын деген де көңілжықпастық баршылық. ‒ Неопротестанттық шіркеулердің мүшелеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған сәттерде, олардың сот процестеріне шетелдік дипломатиялық миссия өкілдері, халықаралық ұйымдардың еліміздегі өкілдері қатысып жатады. Елдік тұтастығымызға іріткі салған, азаматтарымыздың өміріне қол сұққан діни ағымдардың айыбы дәлелденіп тұрса да, шетелдіктер оларға араша түседі. Сондағы айтатындары «адам құқығын сақтау», «дін еркіндігі» т.б. Қалай ойлайсыз, бұл жалаң демократияның көрінісі емес пе? ‒ Бұл пікіріңізге қосыламын, шынында да бұл, өзіңіз айтқандай жалаң демократияның көрінісі деп айтуға толық негіз бар және де өз елдеріне байланысты бір ұстанымда болса, бізге келгенде мүлде басқа көзқарасқа негізделген. Мұндай жағдай саяси, демократиялық ұстанымдардың екіжақтылығы деп сипатталады. Олар «адам құқығын сақтау», «дін еркіндігі» мәселесін көтергенде және де діндердің қызметіне байланысты мемлекетімізден осы принципті ұстануды талап еткенде бұл мәселені біржақты қарап, біржақты шешуді талап етеді. Бірақ деструктивті сипаттағы діни ұйымдардың қызметінің нәтижесінде зардап шеккендердің құқығын кім қорғау керек, неге осы діни ұйымдар «адам құқығын сақтау» принципін ұстанбайды, жеке адам құқығына қол сұғады? Дін еркіндігі мәселесіне келетін болсақ, ең алдымен осы бағыттағы діни ұйымдар бұл принципті аяқ асты етеді. Көп жағдайда дін еркіндігі принципін тек мемлекет қана ұстануы тиіс деген пікір қалыптасқан. Шын мәнінде, дін еркіндігі дегеніміз кез келген адам еркімен өзі қалаған дінді ұстанып, кез келген кезде өз қалауымен сол діннен шыға алатынын білдіреді. Көп жағдайда деструктивті діни ұйымдар алдау, зорлық-зомбылық, гипноз, әртүрлі психотехниканы қолдану арқылы өз қатарына кіргізіп, одан шығуды ойлаған адамды күштеу, қорқыту арқылы жібермей ұстап отырады. Олар шынайы, объективті түрде адам құқығын, діни сенім еркіндігін қорғаушы болса деструктивті діни ұйымдардың қызметінен зардап шеккен адамдарды қорғауға тиіс қой. Бірақ бүгінгі күнге дейін бірде-бір халықаралық ұйым олардың құқығын қорғады деп естімеппіз. Осыдан қорытынды жасауға болар деймін… ‒ Батыстан, Шығыстан ағылып келіп жатқан дәстүрлі емес діни ағымдарға Қазақстан азаматтарының көзқарасы қалай, қазақстандықтар олардың қатарына көптеп кіріп жатыр ма? – Жан-жақтан ағылып келіп жатқан біз үшін дәстүрлі емес діни ағымдарға қазақстандықтардың көзқарасы әртүрлі. Әрине, халқымыздың көпшілігі оларға елімізде тыныштықты сақтау ниетінен туған төзімділікпен, кей жағдайда сенімсіздікпен қарайды. Бірақ бізде толеранттылықты көп жағдайда дұрыс түсіне бермейді, оны кейде конформизммен, шексіз келісу, төзімділік таныту деп түсінеді. Әрине, біз көпконфессиялы ел болғандықтан толеранттылық дінаралық, этникааралық қарым-қатынастың басты принципі болуы қажет, онсыз жеткен жетістіктерімізден, бейбіт өмірімізден айрылып қалу қаупі әруақытта сақталып отырады. Біздің еліміздің ұзақ тарихында діни негізде бірде-бір ірі қақтығыстар болмаған, толеранттылық біздің қанымызда бар деп те айтуға болады. Исламға дейін біздің жерімізде көптеген діндер орын алған. Сол кездегі тәңіршілдік, зороастризм, шаманизм сияқты діндермен қатар буддизм, христиан діні, соның ішінде яковиттік пен несториандық, манихейлік діндер қатарлас өмір сүрген. Дегенмен толеранттылық принципін қолданудың шегі бар. Кезінде француз саясаткері толеранттылық принципін қолданудың шекарасы бар, одан тыс ол өз мән-мағынасын жояды деп айтқан екен. Расында да, мемлекеттік заңдарды мойындамаса, жергілікті халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерін сыйламаса, халыққа қиянат жасап, жастарын алдап-арбап өз қатарына кіргізіп, өз еліне, халқына, отбасына, ата-ана, туыстарына қарсы қойса, ондай діни ұйымдарға толеранттылықпен қараудың мән мағынасы жойылады. Өкінішке қарай, жастарымыздың бір бөлігі әртүрлі деструктивті, экстремистік, террористік діни ұйымдар қатарына еніп кетуде, тіпті, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу үшін отбасымен кетіп жатқандар баршылық. Кейбір соңғы мәліметтерге қарағанда, салафиттер қатарында 12-15 мыңнан астам жастарымыз жүрген сияқты, ал деструктивті діни ұйымдардың әлеуметтік негізін біздің жастарымыз құратынын еске алсақ, бұл сан бірнеше есе өседі. ‒ Жаңа діни ағымдар өз мүшелерінің санын арттыру үшін қандай әдіс-амалдарды пайдаланады? ‒ Бүгінгі күні жаңа діни ұйымдар белсенді түрде прозелитизммен, миссионерлік жұмыспен айналысып, өз қатарын көбейтуде. Жаңа діни ұйымдарда өз ісінің мамандары, жақсы менеджер, психолог, заңгерлері бар, олар өз қызметтерін кәсіби деңгейде ұйымдастыратын мамандар. Қазіргі кезде қалыптасып қалған «дінге білімсіз, қараңғы адамдар барады» деген стереотиппен қарауға болмайды. Әсіресе жаңа діни ұйымдарға байланысты мұндай ойдың күні өткен. Олар өз ісінің маманы болғандықтан мүшелердің санын арттыру үшін заманауи әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Соның ішінде ерекше атап өтетін болсақ, неғұрлым кең тараған әдіс-тәсілдеріне қазіргі заманғы психотехнологиялар, зомбилау, гипноз жиі қолданылады. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары әлеуметтік, экономикалық жағынан дағдарыстың орын алуы, ескі идеология күшінің жойылуы, жаңаның әлі де болса жеткілікті дамымауы, атеистік қоғамның жойылуына байланысты діндердің қаулап келуіне мол мүмкіндіктің ашылуы оларға өте қолайлы жағдай туындатты. Және де олар бұл мүмкіндікті барынша кеңінен қолданды. Сол жылдары ақысыз ағылшын тілін оқыту, айықтыру курстарын ұйымдастыру арқылы, ақшалай көмек көрсету, жұмысқа орналастыру, өз әдебиеттерін таратқаны үшін азын-аулақ қаржыландыру, жастарды шетелге ақысыз курстарға, оқуға баруларын қаражаттандыру арқылы өз қатарларын толықтырып отырды. Олардың бұл әдіс-тәсілдерін түсініп, шынайы ниетін айқындағанға дейін біраз уақыт жоғалтып алдық, ол кезде мамандардың жоқтығы да көрініп қалды. ‒ Нағима Жаулыбайқызы, 2010-2011 жылдары елде діни ахуал қиындай түсті. Іле-шала Қазақстанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер» (2011) туралы жаңа заң қабылданды, Дін істері агенттігі құрылды. Жалпы, дінді реттеу бойынша біраз жұмыстар атқарылды. Дегенмен 2014 жылы Дін істері агенттігі қайтадан комитетке айналып, Мәдениет және спорт министрлігіне бағынышты болып қалды. Ал бүгінде Дін істері және азамттық қоғам министрлігі болып қайта құрылып жатыр. Бұл жайттардан нені түсінуге болады? – Біз тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы қабылданған заңдар қатарына 1992 жылдың 15 қаңтарында қабылдаған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңды жатқызуға болады. Бірақ бұдан кейінгі кезде дін мәселесінің күрделенуіне байланысты, жаңа заңды қабылдау қажет болды. 2011 жылдың 11 қазанында ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданды. Қазақстанда діни жағдайдың күрт күрделенуіне байланысты бұрын болмаған мемлекеттік ұйымдар: Әкімшіліктерде арнаулы діни істер бойынша бөлімдер, заң департаменттерін, сараптама бөлімдері, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бөлімдері ашылды, заңнамалық негіздер жетілдірілді. Дін істері агенттігі құрылды. 2014 жылы Дін істері агенттігі қайтадан комитетке айналып, Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағына өтті. Иә, сол кезде Дін істері агенттігінің қайтадан комитетке айналуы біз сияқты мамандар үшін түсініксіз жағдай болды. Дегенмен соңғы жағдайлардың әсері болуы керек, дін мәселесінің қайтадан мәртебесі көтеріліп, Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі 2016 жылдың 13 қыркүйегінде құрылды. Оның құрамына үш комитет кірді: Діни істер комитеті, Азаматтық қоғам комитеті және Жастар саясаты департаменті. Қоғамның әлеуметтік сферасының осы үш маңызды бөлігін бір министрлікке беру өте ұтымды шешім. Бүгінгі күні экстремистік, террористік топтар ең алдымен азаматтық қоғамның негізіне, зайырлылыққа қауіп төндіріп отыр. Себебі олардың негізгі саяси мүддесі теократиялық мемлекет, халифат құру болса, осы ұйымдардың әлеуметтік базасы жастар. Осы үш мәселе бір-бірімен тығыз байланыста болғандықтан бір министрлікке қарағаны өте орынды деп есептеймін. ‒ ҚМДБ-ға қарасты имамдар шетелдік миссионерлермен бәсекелесе ала ма? Имамдар қазіргі қоғамның сұранысына жауап бере алып жүр ме? ‒ Бұдан бірнеше жыл бұрын бұл сұраққа біржақты жауап беруге болар еді: имамдар шетелдік миссионерлермен салыстырғанда бәсекелесе алмайды деп. Соңғы жылдары бұл мәселе қолға алынып біршама жетістіктерге жетті деп айтуға негіз бар. ҚМДБ-ға қарасты Республикалық имамдардың білімін жетілдіруге арналған «Ислам институты», «Нұр-Мүбарак» университеті имамдарды дайындауды қолға алды. Қазіргі кезде заман талабына сай жоғарғы білікті имамдарды дайындау өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әсіресе қазіргі жағдайда, жастарымыз басқа діндерге, исламистік ағымдар қатарына кетіп жатқанда имамдарға үлкен жауапкершілік артып отыр. Бүгінгі жастар білімді, ал оларды сендіріп, дұрыс бағытқа түсіру имам тарапынан үлкен жұмыс, ізденіс талап етеді. Яғни университеттік білімі болуы керек. Мысалы, Түркияда университеттік білімі болмаса лицензия берілмейді, яғни имам болып қызмет істей алмайды. Батыстағы діни қызметкерлердің 75 пайызы магистр, тек 25 пайызында ғана бакалавр атағы бар. Бізде де осы талаптар болуы керек. ‒ 2013 жылы ҚМДБ басшылығына Ержан қажы Малғажыұлы келгені белгілі. Жаңа басшы келгелі ҚМДБ қызметінде өзгеріс байқала ма? ‒ 1990 жылы Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайында тәуелсіз Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы құрылды. Басқарманың тұңғыш төрағасы, Бас мүфти болып Рәтбек қажы тағайындалды. ҚМДБ-ның 2000 жылы өткен ІІІ құрылтайында Бас мүфти қызметіне профессор Әбсаттар Дербісәлі сайланды. 2013 жылы Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс өткен VII құрылтайында Бас мүфти болып Маямеров Ержан Малғажыұлы сайланды. Бас мүфтилердің қызметін салыстыру қиын болатын шығар, себебі олар әртүрлі тарихи жағдайларда қызмет атқарды, әрқайсысының өзіндік миссиясы болды. Профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі Бас мүфти қызметіне келгенге дейін университетте сабақ беріп, декан, проректор қызметтерін ойдағыдай атқарды, кеңесші ретінде дипломатиялық қызмет атқарды, осы тәжірибелерінің барлығы да Бас мүфти қызметін тиісті деңгейде атқаруына мүмкіндік берді. Бас мүфти қызметі кезінде діндарлық пен зайырлылықты, жоғары білікті имамдарды дайындау ниетімен Нұр-Мүбарак университетінің ашылуына себепші болды, дін қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін арнайы Ислам институтын құрды. Алғаш рет біздің еліміз әртүрлі халықаралық деңгейдегі исламға байланысты іс-шараларға қатысып, Қазақстанды әлемдік деңгейде танымал етті. Бас мүфти болып тағайындалған Ержан Малғажыұлының үлесіне де өте күрделі жауапты тарихи кезең бұйырды. Ол Ислам дінін жамылған экстремизм мен терроризмнің белсенділігі артып отырған кезеңге сәйкес келді. Әрине, бұл біліктілікті, кәсібилікті талап етеді. Ол білікті маман, теолог, Египеттегі әл-Әсһар ислам университетінің түлегі ретінде ойдағыдай қызмет атқаратынына сенеміз. ‒ Еліміздегі екі үлкен конфессияның бірі православиелік христиандық екені белгілі. Қазақстандағы Орыс православие шіркеуі Мәскеуге бағынышты екені белгілі. Қалай  ойлайсыз, тәуелсіз мемлекеттегі діни ұйымның екінші бір мемлекеттен басқарылып отыруы дұрыс па? – Бұл сұрағыңыз өте орынды. Көпшілікті мазалап жүрген сұрақтардың бірі. Орыс православ шіркеуін былай қойғанда, кезінде біздің еліміздегі исламға да байланысты осындай мәселелер туындаған. Қазақстан егемендік алғанда Ортаазиялық діни басқармадан бөлініп, 1990 жылы Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайында тәуелсіз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болды, неге біздің елде, қазақстандық Орыс православ шіркеуі Мәскеуге бағынышты болып қала бермек деген заңды сұрақ туындайды. Бұл мәселе Орыс православ шіркеуінің қызметкерлеріне де қойылған болатын. Мәскеудегі орыс православ шіркеуінің басшылары бұндай бөлінушілікке қарсы, олардың пікірінше ол Орыс православ шіркеуінің әлсіреуіне әкеледі деп есептейді. Бүгін әлемде 15 автокефальды Орыс православиелік шіркеуі бар, негізі біздегі Орыс православиелік шіркеуі осындай тәуелсіздік алып Автокефальды деген статусқа ие болуы қажет. Себебі дін идеология, ал біздің идеологиямыздың қалыптасуына қандай да болмасын сыртқы күштер әсер етпеуі керек. ‒ Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан

Жәнібек ҒАЛЫМ

Серіктес жаңалықтары