50825
71 жастағы өнертапқыш шағын цехта түрлі техника шығарады
71 жастағы өнертапқыш шағын цехта түрлі техника шығарады
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Сынтас ауылының тұрғыны Бейбітшілік Әліқұлов жастайынан техниканың тілін меңгерген. 71 жастағы өнертапқыш бүгінде шағын цех ашып, түрлі ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығарып отыр. Шебердің қолынан шыққан құрылғыларды еліміздегі көптеген шаруа қожалықтарынан кездестіруге болады.
Іскерлігімен жұртқа танылған шебер өткен ғасырдың 70-жылдары Ресейдегі көлік құрастыру зауытында бес жыл еңбек еткен. Ұжымында үздік атанған ол зауытта жұмыс істей жүріп техника құрастырудың түрлі тәсілін меңгеріпті. Сөйтіп, елге оралған соң осы кәсіпке толығымен бет бұрған.
«Жас кезімнен техникаға қызығып өстім. Электрик болып жұмыс істеп жүрген кезде де біраз техниканың тілін меңгердім. Басында диірменмен халықтың ұнын тартып беріп, нәпақамды тауып жүретін едім. Кейін мұндай кәсіппен айналысатын адам көбейіп кетті. Сөйтіп, ойыма түрлі идея келіп, түрлі аппаратты құрастыра бастадым. Елге келген соң отбасын құрдым. Бес баламыз өмірге келді. Алайда 1999 жылы жұбайым дүниеден озды. Бұл жағдай бізге оңай тиген жоқ. Ол кезде кішкентай қызым екінші сыныпта оқитын еді. Өзіме екі есе жауапкершілік жүктелгенін сезіндім. Бәрінен бұрын балаларымның болашағын ойладым. Оларды бағып-қағып қана қоймай, жақсы тәрбие мен білім алуына жағдай жасауға қолымнан келгенше тырыстым. Өмірімді балаларыма, еңбекке арнадым. Құдайға шүкір, балаларым үмітімді ақтады. Ішінде жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітіргендері де бар. Қыздарымды құтты жеріне қондырдым, ұлдарым да отбасын құрып, бір-бір маман иесі болды. Бәрін еңбекке үйреттім, спортпен айналысуына да мән бердім. Өйткені бұл ер бала үшін маңызды. Қазір немерелерім бар. Үлкен ұлым Жәнібек те техникаға әуес, қасымда жұмыс істеп жүр», – дейді Бейбітшілік Әліқұлов.Оңтүстік өңірдегі шаруа қожалықтарындағы техниканың дені шебердің шағын цехында жасалған. Ауыл шаруашылығына қажетті құрылғыларды еліміздің әр өңірінен келіп сатып алатын диқандар да көп. Олар өнертапқыштың қолынан шыққан құрылғылар шетелдікінен әлдеқайда сапалы екенін айтады. Бүгінде темірден түйін түйген шебердің шөп турайтын, бидай, жүгері тартатын, кірпіш құятын аппараттары шаруалардың қажетіне жарап тұр. Мысалы, Бейбітшілік Әліқұловтың өз қолымен жасап шығарған жем тартатын құрылғысы 3-4 тонна дәнді дақылды 1 сағатта майдалап береді. Әрине, мұның бәрін жинауға бір адам үлгермейтіні анық. Сондықтан өнертапқыш ұлынан бөлек, қасына көмекші жігіттер алып, білгенін үйретіп жүр. Жақын ауыл-аймақтан да бірнеше шәкірт тәрбиелепті.
«Жем тартып, шөп турайтын құрылғылардың, жалпы техниканың өндіру қуаты күшті болса деймін. Өзінің көлемі кішкентай болғанмен, үлкен көлемдегі затты өндіруге қауқарлы болғаны жақсы. Негізі, өзім токарлық станокты жақсы меңгергенмін. Цехта диірмендердің тасын жонатын құрылғы да бар. Жақында Италиядан шыққан жаңа станок алдық. Жұмысымыз сапалы болуы үшін дәнекерлеуші аппараттың әр түрін алғанды жөн көрдік. Екі жыл бұрын досым «Сен грант ал» деп қалай құжат тапсырудың жолын көрсетті. Содан мемлекет тарапынан 5 миллион теңге грантқа ие болып, біраз құрал-жабдық сатып алдық. Әлі де алатын дүниелер бар. Істейтін жұмыс көп. Менің жұмысым – бәрін ойдан шығару. Мұның бәрі еш жерде сызылмаған, жазылмаған дүниелер. Сондықтан бұл істе қиялыма ерік беремін. Ойыма түрлі идея келгенде, оны жүзеге асырғанша асығамын. Негізі, тәжірибе жасап көруден жалықпайтын адаммын. Бірі ұнамай қалса, ойымда жүрген екінші идеяны іске асырамын», – дейді шебер.Бейбітшілік Әліқұловты шаруалардан бөлек, техника сататын дүкен иелері мен базардағылар жақсы танып алған. «Қаражатым жетпей қалса, келесі келгенде бересіз» деп жібере береді», – дейді ол. Еңбегімен елге сыйлы болған өнертапқыш-зейнеткер әлі де халыққа қызмет ете беремін дейді. Бүгінде оның мал азығын майдалайтын құрылғысына сұраныс жоғары. Сонымен қатар егін егетін диқандар да шеберге келіп, ақыл-кеңес сұрап тұрады. Шебер енді диқандардың мол өнім алуына мүмкіндік беретін құрылғы жасап жатқанын айтады.
«Қазір, өкінішке қарай еліміз тыңайтқыш ала алмай жатыр. Көп жұрт Калифорнияның шылаушынын әкеліп, соны жегізіп, тыңайтқыш жасап жатқанын көріп жүрміз. Грузия, Өзбекстаннан әкелетін тыңайтқыштың бәрінен сол күшті болып тұр. Бірақ ол жерде елеп, шашатын техника жоқ. Шаруашылықпен айналысып жүрген адамдардан «Грануляция жасап берсеңіз» деген ұсыныс түсіп жатыр. Тыңайтқышты түйіршіктеп, тұқыммен бірге екпекші. Негізінен, бұл – тиімді әдіс. Қазір осыған бас қатырып жатқан жайым бар. Сондай техниканың біреуін жасап та қойдым», – дейді Бейбітшілік Әліқұлов.Шебер тек техника жасап қоймай, өңірдегі шаруалардың жайын біліп отырады. Мал шаруашылығын дұрыс жолға қою үшін алдымен оның азығына мән беру қажет екенін жақсы білетін ол мал ұстайтын ағайынға да қолынан келгенше көмек беріп жүр.
«Өзіміздің облыста, Төрткүл жақтағы шөлде мал ұстайтын жұрт бар. Олар түйелеріне жантақ береді. Ал жантақты турамаса, түйе жөнді жемейді. Одан кейін тұрғындар жүгерінің собығын алады да, паясын не істейтінін білмей отыр. Шаруаларға соның бәрін турайтын құрылғы істеп беріп жатырмын. Мұндай құрылғыны, әсіресе Ақтау, Атыраудан көп алады. Тағы бір айта кететін дүние, оңтүстікте былтыр алма жақсы өнім берді. Бірақ, өкінішке қарай көбі шіріп қалып кетті. Ешкім ештеңе істей алмады. Тіпті, сата алмай қалды. Өйткені көлемі өте көп еді. Осы жағдай біраз ойландырды. Тұрғындар да көл-көсір өнім босқа шіріп кеткеніне алаңдап, маған ұсыныс айта бастады. Енді бір машина алманы бір сағатта турайтын аппарат жасап шығармақшымын. Құрылғының көмегімен алманы турап, кептіріп, алмақақ жасалынады. Әскерде соны жедік қой», – дейді өнертапқыш.
«Ел құлағы – елу» демекші, тың идеясымен, еңбекқорлығымен жұртқа танылған шебер туралы ауыл әкімдері де естіп, цехына келіп, жұмысын көріп кеткен. Алайда атқамінерлер оның талай жылғы еңбегін елеп, ауыл, аудан, облыс көлеміндегі бірде-бір марапатқа ұсынбаған. Тіпті, көбі барып жатқан шипажайға жолдама алу үшін үш ай жүгіріп сол күйі бара алмапты. Ауылды көркейтіп, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып отырған осындай іскер адамдар емес пе?..
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ