50857
Африканың экзотикалық құстарын өсіретін Маңғыстау тұрғыны
Африканың экзотикалық құстарын өсіретін Маңғыстау тұрғыны
Маңғыстау облысы Батыр ауылының тұрғыны Бекен Қаржаубаев экзотикалық құс өсірумен айналысады. Бүгінде оның фермасында ерекше құстардың қырыққа жуық түрі бар. Африкалық, аустралиялық түйеқұс, тауыс, қырғауыл, күркетауық сияқты құстарды бағып, табыс көзіне айналдырған ол бір жағынан әке кәсібін жалғастырса, екіншіден туған жеріндегі туризмді дамытуға үлесін қосып отыр.
Бекен Қаржаубаев шаруашылық жұмысын алдымен әкесі бастағанын айтады. Ал шетелде білім алған өзі құс өсіремін деп мүлде ойламапты.
«Әкем алғашында денсаулыққа пайдалы деп өзіне жиырма шақты бөдене сатып алған. Бұл құстар біртіндеп көбейе бастаған соң қызығып, түйеқұс алды. Мен ол кезде Алматыда жұмыс істейтінмін. Содан «бірігіп, бизнес бастайық» деп мені шақырды. Бірақ құс бағу туралы мүлде хабарым жоқ еді. Сол кезден бастап біздің өңірде қандай құстарды өсіруге болатынын зерттеп, түрлі қожалықтарға барып тәжірибе жинадық. Сөйтіп, 5 түйеқұсты Ресейден алып, ары қарай өзіміз көбейтіп алдық. Ұзақ жолдан қиналып қалғаны болмаса, жергілікті климатқа тез бейімделді. Жерсіндіру қиын болмады», – дейді кәсіпкер.Бұл – әзірге Маңғыстау өңіріндегі жалғыз ферма. Мұндағы құс саны 8 мыңға жуықтайды. Фермадан африкалық түйеқұс, күркетауық, бөдене, үнді тауысы, қытай қырғауылы сияқты сирек кездесетін құстарды кездестіруге болады. Мұнайлы өңір тұрғыны бүгінде құс еті мен жұмыртқасын сатып, табыс тауып отыр. Жергілікті нарықта құс етіне сұраныс жоғары. Көбіне қаладағы дүкендер мен мейрамханаларға, базарға, супермаркеттерге өткізеді екен.
«Негізгі табыс көзіміз – үй құстарының етін сату. Тауық, үйрек, күркетауық, қаз, бөдене және қырғауыл еті жақсы өтеді. Күтіміне, жыл мезгілдеріне қарай әртүрлі мөлшерде ет береді. Сатып алушылар соған сай тапсырыс беріп жатады. Құстардың артылғанын маусымға қарай сатуды жолға қойғанбыз. Көп құсты бірден сатып алатын адамдар да бар. Негізгі жұмысымыз құс еті мен жұмыртқасын өндіру болғандықтан, осы істі ары қарай жалғастыра береміз», – дейді Бекен Қаржаубаев.Кәсіпкер фермадағы құстар мен жануарлардың күтіміне ерекше көңіл бөледі. Айтуынша, қора жылы болса, құстар жақсы жұмыртқалайды. Сонымен қатар құстардың мінез-құлқына да мән берген жөн. Мәселен, бөдене қораға бөтен адам кірсе немесе басқа да бір жағдай болса стресс алуы мүмкін.
«Бөдене қарауға бір адам керек. Олардың стреске бой алдырмауына мән береміз. Өйткені стресс алса, аз жұмыртқа туады. Ал ондай жағдай болмаса, көп жұмыртқалайды. Орта есеппен күніне 1000 - 1200 жұмыртқа аламыз. Оны емге шикілей ішіп жатады. Асқазанға, қан қысымын реттеуге пайдасы бар. Негізі, бұл құс екі айында жұмыртқа береді», – дейді фермер.Құс өсірушінің айтуынша, жасы үлкен түйеқұсты баптау оңай болса, балапанын өсіру үшін біраз күтім қажет. Бұл құс бір жылда 50 сантиметрден екі жарым метрге дейін өсетіндіктен ақуызбен және кальциймен жақсылап қоректендіру керек. Түйеқұстың еті ақуызға бай. Ал жұмыртқасының үлкендігі сонша, пісіргенде біреуінің өзі он адамға жетеді екен. Жалпы, фермер экзотикалық құстардың еті мен жұмыртқасы пайдалы екенін айтады. Мысалы, түйеқұстың еті мен жұмыртқасын спортшылар мен сырқаты бар жандар диеталық ас ретінде тұтынады екен.
«Етке өсіретін болсаңыз, қымбатқа шығады. Құстардың жемін өзіміз дайындаймыз. Себебі елімізде түйеқұсқа құрама жем жасайтын зауыт жоқ. Біреуі күніне 4-5 келі жем жейді. Балапандары мен жұмыртқасын жылда сатамыз. Жеуге арналғаны мен балапан басатын жұмыртқасының бағасында біраз айырмашылық бар. Негізі, түйеқұстың жұмыртқасы өте қымбат», – дейді құс өсіруші.Демалыс күндері құс фермасына мектеп оқушылары мен мекемелер үшін арнайы саяхат ұйымдастырылады. Экскурсияға келгендер құстарды тамақтандырып, құс етінен жасалған тағамдардан дәм тата алады.
«Экскурсияға келетін жандардың назарын бірден өзіне аударатын құс – үнді тауысы. Бұл құстар жергілікті климатқа тез бейімделді. Сонымен қатар аустралиялық эму түйеқұсын әкелгеннен кейін фермаға саяхаттаушылар саны күрт көбейді. Бұдан соң мектептерден ұсыныс түсе бастады. Осылайша, туризмге бет бұрдық», – дейді кәсіпкер.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ