51294
Мені спортшы емес, қазақша сұхбат беретін қыз деп танитын болды
Мені спортшы емес, қазақша сұхбат беретін қыз деп танитын болды
Қазір спортта Әбиба Әбужақынованың есімі жиі аталып жүр. Қазақ қыздары арасынан алғаш рет дзюдодан әлем чемпионатының жүлдесін жеңіп алған спортшымыз осы жылды да жарқын жеңістермен бастады. Жуырда Португалияның Алмада қаласында өткен Гран-при турнирінде көрермен тарихи сәтке куә болған еді. Жылдың алғашқы бәсекесінде бірінші рет әйелдер арасында екі қазақ дзюдошы финалда кездесті: Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева. Алтын үшін айқаста Әбиба Әбужақынова жеңіске жетті. Осылайша, екі қазақ қызының бірі алтын, екіншісі күміс медаль еншілеп, ел мерейін асырды. Бұдан кейін бұрымды балуан Франция астанасы Парижде өткен әлемдік түрнирдің бозкілемінде белдесіп, үздік үштіктің қатарынан көрінді.
– Осы жыл сен үшін жақсы жаңалықтармен басталды. Екі айдың ішінде екі жүлдеге ие болдың. Парижде көрсеткен өнеріңе көңілің толды ма?
– Шынымды айтсам, Португалияда бірінші орын алғаннан кейін Парижде де дәл сондай нәтиже көрсетемін деген ниетпен барған едім. Бірақ үшінші орын алып қалдым. Негізі, қалаған жетістікке қол жеткізуге болатын еді, өзімнен болды.
– Дегенмен үздік үштіктен көрінудің өзі – үлкен жетістік. Қандай қателік жібердім деп ойлайсың?
– Асығыстық жасадым. Әдіс жасаймын деп, қарсыласыма есе жіберіп алдым.
– Португалияда өткен турнирдің ақтық сынында отандасымыз Ғалия Тынбаевамен белдестің. Расында, екі қазақ қызының финалда күресуі – тарихта болмаған жағдай. Мұны қалай қабылдадыңдар? «Күреспей-ақ қояйық» деген ой болды ма?
– Ғалия екеуміз Қазақстанда талай күресіп жүрміз ғой. Бір-бірімізді жүз пайыз білеміз деп айта аламын. Өйткені жай жаттығулардың өзінде белдесеміз. Кейде ол, кейде мен жеңемін. Тең түсетін сәттер де болады. Бірақ шетелдік жарыстарда кездеспеген едік. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Ең бастысы, әлем алдында еліміздің абыройын асырғанымызға қуандық. Жалпы, қай жарысқа барсақ та, алдымен елдің, қазақтың намысын қорғау үшін аттанамыз. Әлі де осы жолда еңбектене береміз.
Әрине, екі қазақ қызы шығып тұрғандықтан, қарқынымыз қатты болмады, аяушылық сезімі басым болып, жай күрестік. Ғалия да маған аса қатты күш салған жоқ. Бірақ кім жеңсе де, екеуміз де Қазақстан үшін күрестік. Өтірік күрессек немесе бозкілемге шықпасақ, медаль бермейтін еді.
Осы жарыстың жартылай финалында тәжірибелі израильдік спортшымен белдестім. Бұған дейін онымен үш рет күрескенмін. Бір рет жеңіп, екі рет жеңілген едім. Соны Португалияда жеңгенімде көңілім орнына түскендей болды.
– Бала күніңде көркем гимнастикамен де айналысқан екенсің. Алайда қалауың дзюдоға ауып, елге көшіп келгеннен кейін үздік нәтижелерге қол жеткізіп келесің. Жеңіске жетуіңе үлесін қосқан бапкерлерің туралы да білгіміз келеді.
– Өзбекстанның Ташкент облысындағы Шыршық қаласында дүниеге келдім. Әлемнің әр түкпірінде тұрып жатқан әр қазақтың жүрегінде «Атамекенге оралсақ» деген арман болады ғой. 2014 жылы Шымкент қаласына көшіп келдік. Алматыдағы республикалық спорт колледжінде оқыдым. Негізі, бала кезімнен спортқа жақын болдым. Анам бейімімді бірден байқады. Дзюдомен он жасымнан бастап айналысып келемін. Елге келген соң Азия ойындарының, құрлық чемпионатының жүлдегері атанған дзюдошы, білікті бапкер Нұрбол Сүлейменовтің қарамағында жаттықтым.
Кейінгі жылдары Атырау қаласына ауыстым. Ол жақтағы бапкерім – Мейіржан Есмағамбетов. Осы орайда бізді жеңіске жетелеп, жарыстарға дайындап жүрген бапкерлеріме алғыс айтқым келеді.
– Спортшы үшін дайындықтың маңызы зор. Жаттығу жұмыстарына қанша уақытыңды жұмсайсың?
– Дұрыс айтасыз. Бізде жоспар бір жыл бұрын бекітіледі. Қай жерде қандай жарыстар өтеді? Оған қай спортшы қатысады? Соның бәрі алдын ала анықталады. Өйткені спортшы оған дайындалуы керек. Жарыс басталардан бұрын оқу-жаттығу жиындарына қатысамыз. Күніне үш уақыт жаттығамын. Таңертеңгі сағат 7-де, 10-да, содан кейін кешкі 5-те. Жалпы, жаттығуға күніне 5-6 сағатымды арнаймын. Спортшы үнемі формада болуы керек. Сол үшін тырысамыз.
– Ең жеңіл салмақта, яғни 48 келіде күресесің. Бір салмақты ұстап тұру қиын емес пе? Қандай тағамдардан бас тартуға тура келеді?
– Ешқандай шектеу қоймаймын, барлық тамақты жей беремін. Салмағым ары кетсе 52 келіге дейін барады. Жарыс жақындағанда, көбіне 3-4 күн қалғанда арықтаймын. Бірақ осы Португалиядағы жарыста аздап қиналдым. 200 грамның өзін азайту оңай болмады. Не істесем де түспей қойды. Өйткені оның алдында темір көтерген едім. Күшке жұмыс істеп, содан бұлшық ет өсіп кеткен болуы керек. Негізі, бұлшық етім тез өседі, бұл бір апта темір көтергеннің өзінде байқалып жатады. Ал Парижге барғанда барынша тырысып, салмағымды ұстап тұрдым.
– Спортшы формада болуы үшін тағы нені ескеруі керек?
– Спортшы уақытында ұйықтауы керек. Егер түнде кеш жатсаңыз, таңертеңгі жаттығуға денеңіз дайын болмайды. Сол үшін жарақат алып қалатын кездер болады. Себебі миың демалып тұрғанмен, ағзаң демалмайды. Күніне үш мезгіл жаттыққаннан кейін ертеңге де энергия жинау қажет.
Адам біраз уақыт жаттығу жасамай жүріп, бірден кіріскенде де жарақат алып қалуы мүмкін. Себебі оның организмі ояу емес, оған дайын емес. Қарсыласыңды көз ілеспес жылдамдықпен лақтырып, денеңе күш түскен кезде аяқ-қолың шығып, жарақат алғаныңды білмей қаласың.
– Отбасың туралы да айта отырсаң. Бауырларың да спортқа жақын ба?
– Төрт ағайындымыз: үш қыз, бір ұл. Мен ортаншысымын. Екі әпкем, өзімнен кейін інім бар. Үйде мен ғана спортқа жақынмын.
– Мектепте қай пәнді сүйіп оқыдың?
– Сүйікті пәнім – қазақ тілі мен әдебиеті. Абай атамыздың, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жаттап өстік.
– Айтпақшы, өзге тілде қойылған сұраққа қазақша жауап берген бейнежазбаң әлеуметтік желіге тарап, біраз талқыланған еді.
– Иә, сол бейнежазба көп жерге тарап кетіпті. Қазір кезіккен адамдар қасыма келіп, «Қазақша сұхбат беретін қыз сен бе едің?» деп жатады. Осылайша, мені спортшы ретінде емес, қазақша сөйлеп, сұхбат беретін қыз ретінде танитын болды. Бұл, әрине патриоттық сезім сыйлайды. Өзіме тек туған тілімде сөйлеп, көк Туымды көтеріп жүремін деп уәде бергенмін. Бәрі қазақша сөйлесе деймін. Өз тілімізді өзіміз көтермесек, басқа кім көтереді?
Елімнің патриотымын. Қазақ екенімді мақтан тұтамын. Қазақтың қыздары әлемді бағындыратындай спортшы болса деймін. Елімді әлемге танытқым келеді.
– Дзюдо спорты қыз бала үшін оңай емес. Жарақат алып қалатын сәттер жиі бола ма?
– Дзюдо – ерекше спорт. Мінез-құлқыңды жақсартуға, өмірде жақсы адам болуға тәрбиелейді. Иә, жарақат алатын сәттер жиі болады. Бірақ бұл спортты жақсы көрген соң бәріне шыдайсың. Жарақат алған кезде жаттықтырушыларым көмектеседі. Бізге қарайтын спорт дәрігерлері бар. Жарақат алған жерге арнайы жаттығу жасаймыз, жазылғанша демалыс береді. Емдеуге бір-екі ай уақытымыз кетеді. Негізі, өзің жақсы көріп істеген жұмыстың қиындығы жоқ.
– Татамидегі басты қарсыласың жапон қыздары ма?
– Иә. Дзюдо спорты сол елден шыққандықтан болар, жапон елінің спортшылары мықты. Сосын Францияның қыздары да осал емес.
– Көрермен сені келесі жылы өтетін Париж Олимпиадасының бозкілемінен көре ала ма?
– Басты мақсатым – төртжылдықтың басты додасында топ жару. Кейінгі жеңістерден соң өзіме үлкен жауапкершілік жүктелетінін сезінемін. Сол күнге аман-есен жетіп, биік белесті бағындырсақ деп ойлаймын. Сондықтан шетелде өтетін ірі халықаралық турнирлерге қатыса жүріп, Париж Олимпиадасына да дайындаламыз. Қазір мамыр айында Қатарда өтетін әлем чемпионатына дайындық үстіндеміз.
– Әңгімеңе рақмет!
Сұқбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ