
«Қыркүйек айынан бастап сабын жасау туралы идея келді. Сөйтіп, Рауан екеуіміз қажетті ақпараттарды іздеп, зерттеп, желтоқсан айында кәсібімізді бастадық. Кір сабын жасау технологиясын үйренгеннен кейін қажетті құрал-жабдықтарды алып, тәуекелге бел буып, іске кірісіп кеттік. Кәсібімізді 3 миллион теңгемен бастадық. Бір қуанарлығы, Семей тұрғындары отандық өнімге барынша қолдау білдірді. Сондықтан «Семей кір сабыны» деп атағанды жөн санадық. Көлемі екі түрлі сабын жасаймыз. Бірі – 200, екіншісі – 250 грамм. Көлемі үлкен болғандықтан, адамдар көбіне 250 грамдығын алады», – дейді Марғұлан Баймұхаметов.

«Елімізде сабын өндірісі жақсы дамып жатыр. Кір сабын жасайтын кәсіпкер көп. Дегенмен үй шаруашылығына пайдасы көп бұл өнімге деген сұраныс азайған емес. Бұл халықтың үлкен сенімінің белгісі деп ойлаймын. Сұраныс өте жоғары деп айта аламын. Өйткені өндіріс қуатының аздығына байланысты кейбір тапсырыс берушілерге біраз уақыт күте тұруын өтінетін жағдайлар болады. Тіпті, бірде Ресейден үлкен көлемдегі тапсырыс түсті. Нақтырақ айтсақ, екі аптада 100 мыңнан аса сабынға тапсырыс алдық. Бірақ амалсыздан бас тартуға тура келді. Өйткені бұл – тек ірі кәсіпорындар орындай алатын іс. Алдағы уақытта тағы бір станок сатып алып, өндірісімізді кеңейтіп, жұмысшылар санын көбейту ойымызда бар. Тұтынушылар тарапынан жағымды пікір естіп жатырмыз. Бұл бізге алға қарай қадам басуға күш-жігер сыйлайды. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, көздеген мақсатымызға жету үшін тынбай еңбектене береміз. Сапаға жұмыс істеп, әрбір тұтынушының тапсырысын уақытылы, кешіктірмей орындау үшін барымызды салып жатырмыз. Әрине, басты мақсат – Қазақстан нарығына сапалы өнім ұсыну», – дейді Рауан Мырзатаев.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ