Атырау облысында жоғалып кеткен үш адам бір күннен кейін табылды деп хабарлады turkystan.kz. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, үш ер адам 7 ақпанда сағат 07:00 шамасында жолға шығып, хабарсыз кеткен. «Үш адам Мақат ауданындағы Доссор кентінен «КамАЗ» көлігімен «Өтеміс» кен орнына қарай жолға шыққаны анықталды. Бұл – Доссор кентінен 120 шақырым қашықтағы кен орны. Алайда, 31 және 53 жастағы үш адам күн райының қолайсыздығынан кері орала алмаған», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. Төтенше жағдайлар департаментінің диспетчерлік пультіне жоғалған адамдар туралы 8 ақпанда сағат 05:50 шамасында хабар түскен. «Осыған байланысты 5 қызметкер жол талғамайтын ТРЭКОЛ көлігімен жедел жолға шығып, іздестіру-құтқару жұмысына кірісті. Іздестіру жұмысы 8 сағат бойы жүргізілді. Департаменттің қызметкерлері жоғалған үш адамды «Өтеміс» кен орнынан тауып, Доссор елді мекеніне жеткізді. Олардың денсаулығына зақым келмеген. Сол себептен, медициналық көмекті қажет етпеді», - деп мәлім департаменттің қоғаммен байланыс тобынан. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындарға дауылды ескертулерге назар аударып, алыс жолға шықпауды ескертіп отыр. Сондай-ақ, қалың қар жауған Атырауда 190 адам құлап, жарақат алған.
Жүктелуде...