51163
Ұлттық қолөнерімізді дәріптеп жүрген шебер
Ұлттық қолөнерімізді дәріптеп жүрген шебер
Ұлттық қолөнер – ғасырлар бойы уақыт елегінен өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен мәдени мұрамыз. Бүгінде ата-бабамыздан қалған мұраны көзінің қарашығындай сақтап, төл өнерімізді дәріптеп жүрген жандардың бары қуантады. Соның бірі – ат әбзелдерін жасайтын хас шебер Жеңісәлі Базарбаев. Бүгінде ол жас ұрпақты ұлттық өнерге баулып жүр. Сонымен қатар үйінің жанынан шеберхана ашып, түрлі бұйымдар жасайды. Он саусағынан өнер тамған шебердің қолынан шыққан дүниелерді елімізбен қоса, көрші Өзбекстан, Қырғыз Республикасынан тапсырыспен алдыратындар бар.
Жеңісәлі Бабақұлұлы былғарыдан ер-тұрман, белдік және қамшы жасайды. 1996 жылы Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет колледжін, одан кейін жоғары оқу орнын бітіріген ол қазір колледжде мұғалім болып, жас ұрпаққа төл өнеріміздің қыр-сырын үйретіп жүр. Ал осы сала бойынша білім алған екі ұлы – сенімді көмекшісі. Бүгінде үйіндегі шеберханада әкелі-балалы үшеуі жұмыс істеп, сүйікті ісін кәсібіне айналдырып отыр.
Қазақ халқының ұғымында ер-тұрман сөзінің мазмұны кең. Оған ат мінуге қажетті жабдықтар, атап айтсақ, ер-тоқым, желдік, тебінгі, үзеңгі, үзеңгі бау, таралғы, жүген, ноқта, айыл-тұрман, құйысқан, кежім, кісен, тізгін, қанжыға, шідер, көпшік және басқалары жатады. Шебер осының бәрін жасауға бір ай уақытын жұмсайды екен. Айтуынша, бүгінде ұлттық бұйымдарымызға сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Бірі өзіне алса, енді бірі жақындары мен достарына сыйлап жатады.
«Аттан түспеген халықтың ұрпағымыз ғой. Жасаған бұйымдарымызды еліміздің әр түкпірінен алып жатады. Көрші елдерден де тапсырыс алып тұрамыз. Бағасы қолжетімді. Өзім тұрып жатқан Шымкент қаласында тері өңдейтін зауыт бар. Қажетті материалды сол жерден аламыз. Ер-тұрманды жасағанда алдымен ағашын терімен қаптап аламыз. Содан кейін былғарының түсін таңдаймыз: қара және қоңыр түсі болады. Түгелдей қаптап болған соң, тоқымын тігеміз. Тартпасы, ауыздығы бар, бәрін жеке-жеке тігіп шығамыз. Ары қарай таза күміспен немесе металмен сәндеп, бағалы тастар қоямыз. Ал қамшыға келетін болсақ, алдымен қажетті заттарды дайындап аламыз. Бәрі дайын тұрса, 1-2 күнде жасауға болады. Бірінші өрімін өруге таспа дайындаймыз. Таспаны ешкінің терісінен алып, жүнін тазалағаннан кейін бір-екі апта тұрады. Дайындап болғаннан кейін тіліп алып, былғарысын дайындаймыз. Қамшының өрімі әртүрлі болады. Оны тапсырыс берушінің сұрауы бойынша жасап береміз. Ендігі мақсатым – ұлттық қолөнерімізді одан әрі дамытуға үлес қосып, шеберханамды кеңейту», – дейді Жеңісәлі Бабақұлұлы.