51096
«Лимон олигархы» Сарыағашта тұрады
«Лимон олигархы» Сарыағашта тұрады
Жақында әлеуметтік желіде лимон теріп жүрген адамдардың бейнежазбасы тарап, көптің қызығушылығын тудырды. Көбі «Бұл Қазақстан емес. Біздің топыраққа лимон өспейді» деп сенбеген еді. Расында, бұл «Лимон олигархы» атанған Манатәлі Таңсықбаевтың жылыжайы болатын. Цитрусты жемісті Сарыағаш топырағына жерсіндірген диқан бүгінде отандық өндірісті дамытуға үлесін қосып отыр.
Отыз алты жасыма дейін қолыма күрек ұстамадым
Көлік жүргізушісі болып жұмыс істеп, отыз алты жасына дейін қолына күрек ұстап көрмеген кейіпкеріміз жылыжай салу ісін 2008 жылы қолға алған. Басында түрлі жағдай болып, тығырыққа тірелген ол отбасымды асыраудың жолы осы деп біледі. Сөйтіп, тәуекелге бел байлап, үйінің жанынан жылыжай салады. Бастапқыда қияр, қызанақ егіп, кәсібін дөңгелетсе, кейін бұл өнімдерге бәсекелестік артқан. Оның үстіне, зиянкестермен күрес қиындап кеткен соң ойлана келе, 60 сотық жерге лимонның «Мейр» деп аталатын сортын егеді. «Ташкентке жақын тұрамыз ғой. Ол жаққа барсам, жайқалып лимон өсіп тұр екен. Соны көріп, «Неге өз елімізде екпеске?» деп ойладым. Басында қиын болды. Біздің елде көп өсірілмейтін жеміс болғандықтан, көршілес елдерге барып, мамандардан біраз кеңес алып, қыр-сырын зерттедім. Мұнымен қоса, лимон ағашын еккен соң бірінші, екінші жылы өнім ала алмайсың. Алдымен ағашты өсіріп алу керек. Шаруашылықты жүргізуге аз шығын кетпеді. Тек үшінші жылы күзде өнім берді. Бұл жұмысқа асқан шыдамдылық керек. Алғашқы жылдары өнім бермеген соң бейнетіне шыдай алмай тастап кететіндер бар. Жаңа айтқанымдай, үшінші жылы ғана өнім беріп, шығынның орны толады. Ал төртінші жылы пайда түсе бастайды. Он жыл бұрын Ташкенттен лимонның «Мейр» деп аталатын тұқымын әкеліп еккен болатынмын. Бір қызығы, лимонды бір рет қана ексең болды, сол елу жылға дейін өнім береді әрі жақсылап қарасаң, жыл сайын өнім көлемі көбейіп отырады. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген ғой», – дейді диқан.Бір лимон ағашы 200 келіге дейін өнім берді
Еңбекқор шаруа 60 сотық жерге 640 лимон ағашын еккен. Алғашында бір түптен 20 келі өнім алса, бүгінде лимонның суға қаныққан үлкен ағаштары 200 келіге дейін, ал орташа ағаштар 100 келіден өнім беріп отыр. Жалпы, жылыжайдан 60-70 тонна лимон жиналады екен. «Үлкен ағаштарымның өнімін 300-400 келіге жеткізсем деп отырмын», – дейді ол. Әрине, ол үшін жылыжайдың күтіміне мән беру керек. Мәселен, қазір далада қақаған қыс болса, жылыжайдың іші +5 градус жылы. Лимон өсіп тұр. Иісі қандай керемет десеңізші! Бағбанның айтуынша, лимон ағашы төрт рет гүлдейді. Әсіресе, бірінші және екінші гүлдеген кездегі жұпар иісі мұрынды жарады. Сол кезде лимон ағашының қасына келіп, екі-үш сағат отыратындар бар. Бұл әдіс қан қысымының тұрақталуына әсер етеді екен. Бұдан бөлек, қан қысымы жоғары адамдар лимон жапырағын шай ретінде демдеп ішіп жатады. Диқан лимон ағашы жылыжайда өсетін басқа да көкөніс дақылдары сияқты жылуды аса қажет етпейтінін айтады. Бес градус жылы болса жеткілікті. Тек бұтақтарын уақытында кесіп, суарып отыру қажет. Топырағын жылына екі рет қопсытып отырады. Тағы бір маңызды дүние бар: лимон ағашы гүлдегенде гүлін сақтап қалу керек. Оның аппақ гүлдерін төгіп алсаң, біржылдық еңбегім еш кетті дей бер. Сол үшін әрбір ағаштың күтіміне көңіл бөлу маңызды. Жылыжай қазір агрономдардың бақылауында. Өнімнің сапасына келер болсақ, тұтынушыларға отандық өнім мен импорттық өнімді ажырату қиын емес. Дәмін көрген жұрт мұны бірден байқайды екен.Отандық ғалым ойлап тапқан тыңайтқыштың игілігін көріп отырмыз
«Тұтынушылар сіздер өсіретін лимонның дәмі басқа деп айтып жатады. Қазір мүлде химикат қоспаймыз. Жамбылдық жас ғалым Дәулет Егембердиев ойлап тапқан биологиялық тыңайтқышты қолданып, оң нәтиже көріп жатқан жайымыз бар. Қазақстандық ғалымның бұл инновациялық жобасы ғылыми байқауларда үздік деп танылып, Финляндияда 1-орын алғанын ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар жақсы біледі. Осы органикалық, биологиялық тыңайтқышты қолданып, жетістікке жетіп жатқанымызды мақтанышпен айтқым келеді», – дейді Манатәлі Таңсықбаев. Осы тұста айта кетейік, қазақстандық жас ғалым Дәулет Егембердиев ойлап тапқан тыңайтқыш топырағы тозған егістік алқаптары мен соры шыққан жерлерді қалпына келтіреді әрі өнім көлемін арттыруға септігін тигізеді. Ғалым ауыл шаруашылығында қолданылатын түрлі тыңайтқыш пен химиялық препараттарды дұрыс пайдаланбау экожүйеге кері әсер етіп, жерасты суының минерализациялануына, өнім сапасына, бәрінен бұрын адам денсаулығына зиян тигізіп жатқанын айтқан болатын. Сонымен қатар Biomeliorant Гумат Z 7 жане Z Lux табиғи таза болғандықтан, қоршаған ортаға, адам денсаулығына тек пайдасын тигiзіп, жарамсыз жерді құнарландыратынын жеткізді. Міне, бүгінде отандық ғалым ойлап тапқан биологиялық тыңайтқыштың игілігін көріп отырған диқанның бірі – Манатәлі Таңсықбаев. Бағбан бүгінде кәсібін жаңадан бастаған диқандарға қолынан келгенше көмектесіп, лимон көшетін беріп, тәжірибесін бөлісіп жүр. Ол тропикалық жеміс өсіру технологиясын меңгергісі келетін диқандар көбейіп жатқанын айтады. «Қазір мені лимоншылардың бәрі таниды. Шамам келгенше үйретемін. Әр өңірден шақырып тұрады. Барып көмектесемін, лимон өсірудің қыр-сырын, бұтағын қалай кесу керек екенін үйретемін. Алдымен 5-10 сотық жерден бастауға болады. Әркімнің үйінің алдынан осындай жер табылатыны анық. Бірінші жылы өнім болмайтыны белгілі. Сондықтан қарап отырмай, арасына құлпынай егуге болады. Ең бастысы, бойы лимоннан қатты өсіп кетпейтін көкөніс егу қажет. Мысалы, 5 сотық жерге 50 ағаш егіледі. Алғашқы жылдары өнім бермегенмен, кейін әр ағаштан кемінде 100 келі өнім жинауға болады. Сонда осы жердің өзінен жақсы өнім ала аласыз. Өзім лимоннан бөлек, 25 сотық жылыжайыма пияз, бұрыш егемін. Енді лимон піскенше қарап отырмаймын ғой. Бала-шағаны асырауымыз керек. Қазір бұл отбасылық кәсіпке айналды. Інімнің балалары көмектесіп тұрады, өзімнің балаларым бар. Күзде терім басталғанда үлгермей қаламыз. Сол кезде ауылдан 10-15 жұмысшы аламын», – дейді шаруа.Сарыағаш пен Шымкентте көмір тапшылығы болып жатыр
Өнім жинау науқанын жақында ғана аяқтаған шаруа биыл лимон бағасы арзандағанын айтады. Өйткені импорттық өнім көбейген. Дәлірек айтсақ, ішкі нарықты Өзбекстан, Тәжікстаннан әкелінген өнім толтырып жатыр. Ал қаржыдан қысылған жұрт көбіне сапасынан гөрі бағасына қызығып, арзанына қарай жүгіреді. «Қазір базарда жан-жақтан келген импорттық өнім қаптады. Бұл бізге тиімсіз болып тұр. Аргентина, Түркия, Қытай, Тәжікстан мен Өзбекстаннан елімізге жыл сайын шамамен 150 мың тоннадан астам цитрустық өнім әкелінеді. Енді олар қаншама қаражатты алып кетіп жатқанын есептей беріңіз. Өзіміздің диқандарға қолдау көрсетіп, сол қаражатты өзімізге қалдырсақ, отандық өндіріс дамып, шетелдік өнімге тәуелділік азаятын еді. Өкінішке қарай, қазір бірқатар мәселемен бетпе-бет келіп отырмыз. Сарыағаш, Шымкентте көмір тапшылығы болып жатыр. Үкіметтен көмек болса дейміз. Алдағы 18-20 градус суықта не істейтінімді білмеймін. Он жылдық еңбегім зая кетейін деп тұр», – дейді Манатәлі Таңсықбаев. Диқан биыл баға тиімсіз болғандықтан, лимоннан тосап жасап, еліміздің әр өңіріне жеткізуді қолға алыпты. Ол үшін арнайы аппарат та алған. Отандық өнімнен жасалған тосапқа сұраныс та жаман емес. Әсіресе, бұл суық тиіп, тұмау өршитін қыс айларында таптырмас дүние. Шаруа Үкіметтен көмек болса, алдағы уақытта кәсібін кеңейткісі келеді. Сөйтіп, лимоннан бөлек, апельсин, мандарин, лайм сияқты цитрусты жемістер егуді жоспарлап отыр. «Елімізде лайм жоқ. Ал оның келісі 2,5 мың теңге тұрады. Енді соны ексем деп отырмын», – дейді бағбан. Елімізде жылыжай шаруашылығы дамып келеді. Алайда лимон өсіретін диқандарға мемлекет тарапынан субсидия берілмейді. Еліміздегі жылыжайлардың шамамен 71 пайызы Түркістан облысына тиесілі екенін ескерсек, диқандардың уәжі орынды екенін түсіну қиын емес. Осы орайда отандық өндірістің дамуына үлес қосып отырған шаруалардың жанына батқан мәселе дер кезінде шешілсе дейміз.